Зайырлы мемлекет – қоғам дамуының кепілі
Зайырлы мемлекет – қоғам дамуының кепілі
03.09.2021
960
0

Биыл тәуелсіз мемлекетімізге отыз жыл толды. Осы отыз жылдың ішінде халқымыз қиындықты да, жақсылықты да тәуелсіз шаңырақтың астында ел-жұрт болып көріп келеді. Ең алғаш тәуелсіздікті алғанда мемлекетіміз тәй-тәй басқан сәби секілді еді.

Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында санасы бос, қазақи дүниетанымы қалыптаспаған көптеген орта буын ағалар, кіші буын інілер ата дініміз исламды үйренеміз деп шетел асып оқуға кетті. Бес-он жыл шетелдегі күмәнді діни оқу орындарынан оқып келген азаматтар, дінді енді үйреніп жүрген адамдарға деструктивті діни ағымның улы уағыздарын айтып саналарын улады. Деструктивті бүлдіргіш діннің уағызымен уланған адамдар ең бірінші қазақтың өткен тарихын, діни тәжірибесін, болмысын, жалпы ұлттық құндылығын жоққа шығарды. Екіншіден Қазақстан Республикасының Конституциялық қарсы діни насихаттар айту арқылы діни мемлекетті орнатуды көздеді. Осындай улы уағызбен улаған адамдар Тараз, Ақтөбе, Алматы, Ақтау қалаларында лаңкестік әрекетке барып қаншама жазықсыз адамдардың өмірін қиды. Мұндай лаңкестердің зұлымдығы асыл дініміз исламға тиіп, діннен шошитын елдің саны көбейді. Бұл қазіргі қоғамның қауіпті дертінің бірі. Оның алдын алу жолы Ата Заңымызда жазылғандай, демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетіміздің орнығуын ел-жұрт болып қолдау және дәстүрлі дінімізді түсіндіру қажет.

Жалпы адамзат тарихына үңілетін болсақ, дін мен мемлекет қатынасын реттейтін тетіктер болған. Солардың ең басында келетіні – зайырлылық (лаицизм) – демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет жүйесінің дін құбылысымен қарым-қатынасын реттейтін ұстаным. Зайырлылық – қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, бұл ұстаным – адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі. Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман (сенім), құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Себебі діндер көп, ал Құдай түсінігі бір. Адамдардың Құдай түсінігі ортақ болғанмен, олардың Құдай туралы сенімі, танымы, сезімі, құлшылығы, оның мына әлеммен қатынасы, яғни дүниетанымы, ақырет туралы сенімдері де әртүрлі. Сондықтан мемлекет өзінің азаматтарының діни сенімдеріне араласпайды, құрметтейді, бейтарап ұстанымда болады және зайырлы мемлекет діни басшылыққа, яғни діни биліктен тәуелсіз. Оның себебі, республикалық, демократиялық саясатта діни басшылыққа тәуелді болу, мемлекеттегі тұрақтылық пен тыныштықты баянды етудің кепілі бола алмайды. Дін көп болған соң, діни басшылар да көбейеді және  бір діннің ішінде  де көптеген ағымдар мен топтар барын естен шығармаған жөн.

Қазақстан әлем бойынша зайыры мемлекет ретінде танылады. Елімізде әр түрлі дін өкілдері өзара бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – жастарымыздың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуіне жол бермеу. Сондықтан, оларға мұны түсіндіріп, дұрыс бағдар көрсетуіміз керек.

Мемлекетті құраушы ұлттың ділін, мәдениетін және руханиятын сақтай отырып, қалай заманауи, дамушы мемлекет болып қала беруге болады деген сұрақ көпшілікті мазалайды. Конституциялық құрылымның зайырлы ұстанымы деген не, ол Қазақстан Республикасындағы ислам дамуына қайшы келмейді ме?

Бұл сұрақтың жауабына: ислам жауапкершілік пен әр нәрсенің артықышылығын дұрыс анықтайды. Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) билік, дәреже және байлықты көздеп, басшыны ауыстыруға шақырмаған. Діннің негізі – «дінде зорлық жоқ».

Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) өзін қуғынға ұшыратқан меккеліктерді әрқашан бейбітшілікке шақырып отырған және Худайбияда жасалған екі жақ арасындағы шарт мұсылмандар үшін айтарлықтай қолайсыз болса да келіседі. Бұл шартта ол өзінің пайғамбарлығын меккеліктерге мойындатқызуды көздемеді, меккеліктер арасындағы жаңадан ислам қабылдағандарды олардың басқа мұсылмандарға қосылуға жол бермеулеріне, қажылық өтеуін келесі жылға қалдыруына – қан төгісті болдырмау үшін келісті. Бірақ, келісімде діни көзқарас пен адамдарға жеткізу еркіндік кепілі қарастырылды.

Бұл мысал исламның, яғни мұсылмандардың бейбітсүйгіштігінің анық дәлелі. Сәлемдесудегі «Ассалаумағалейкум» сөзі бейбітшілік тілеуді білдіреді. Керісінше, адамдардың ақылмен шешім қабылдамай, олар арасында агрессия, төзімсіздік, қақтығысты тудыру – бұл, исламның таралуына тосқауыл қойып, адамдарды нәпсісіне ергізу арқылы басқаруды көздегендердің мақсаты.

Бір сөзбен айтқанда, мұсылманның қоғамдық келісімді сақтап, адамдар арасында бейбіт өмір сүруіне исламда қайшылық  жоқ. Осылайша, Конституция діни сенім бостандығына кепілдік береді. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР 2011 жылғы Заңы бойынша ханафи мазхабы Қазақстанда дәстүрлі ислам діни ұстанымы ретінде танылады.

Біз егемендігімізді алғалы бері: адамның діни сеніміне қарамастан тең құқылы қарым-қатынас құруды, дін ұстану адам өмірі мен денсаулығына, қоғамдық негіздерге қауіп келтірмейтіндей ережелерді қалыптастырдық.

Сондықтан, бүгінгі таңда зайырлылық Қазақстанның рухани дамуының кепілі болып табылады. Егер де зайырлылықты дінге қыспақ жасау деп түсінсек, әлбетте зайырлылық пен руханият арасындағы байланысты түсінуде қиындықтар пайда болады.

Зайырлы, дін ұстанушы азаматтың бейнесі – ол ең алдымен заңға бағынған, өз халқының салт-дәстүріне құрмет көрсететін және діни радикалды деструктивті идеологияны қолдамайтын азамат.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                                Д.Аманов

0 пікір