Ынтымақ қайда болса, ырыс сонда
Ынтымақ қайда болса, ырыс сонда
16.07.2021
5245
0

Қазақ халқы қашан да ынтымақ, бірлік мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Тарихымызға үңілсек, оған анық көз жеткізе аламыз. Мемлекет құраушы елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы бүгінде егемен елімізді мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті өмір кешіп келеді. Осындай бірлік пен достықтың арқасымен, Қазақстан әлем алдында беделді елге айналды. Өзге де ұлттар мен ұлыстарға оның асқан үлгісін көрсетіп келеді десек артық емес.

Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында: «...Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар»,− деп татулық пен ынтымақ – Құдайдың сыйы екенін баян етеді.

Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді дана жұрт. Алаш елі алты құрлыққа алауыздығымен емес, ауызбіршілігімен аты мәлім. Татулық пен ымыра бар жерде, елдің алмайтын асуы жоқ.                                                                                                                                                                                                                                                                                

ХХ ғасырдың ең көрнекті тұлғасы Әлихан Бөкейхан ынтымақ турасында: «Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті!» – деп кесіп айтқан екен.

Кешегі ата-баба өмірі бізге сабақ болар тәлім мұрасы мол. Ел аузында кең таралған Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар мен ертегі-әңгімелер сақталған. Оның атымен байланысып жатқан нақыл сөздері, мақал-мәтелдері билік-келісімдер халық арасында кең таралған.  Төле бала кезінде Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.

— Балам, мынаны сындырып көрші?

Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

—  Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? — Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:

—  Бұдан не түсіндің, балам? — дейді.

Сонда Төле бала:

—  Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.

—  Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз-бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, — депті

«Татулықтан артық жолдас жоқ» деп хәкім Абай атамыз айтқандай. Бейбітшілік пен  есендікте өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Қазақ жерінің қай түкпіріне барсаң да, тілінде бір диалект жоқ, салтында бір айырмашылық жоқ. Баланы әлдилеуінде де өзгешелік жоқ, тойында да ерекшелік жоқ. Қазақ ешқашан бөлінген емес. Қазақтың барлық тарихы − бірігу, бірге болу. Үш жүздің баласы жиналып, әскер құрып, соғысқа шыққан кезде, ешбір жау төтеп бере алған жоқ. Бізді бөліп-жарып қана жеңе алған. Осыны есте сақтау керек. Алланың берген, ата-бабамыздың тілегімен келген Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін қазақ өз ішіндегі алауыздықтан құтылу керек. Түбінде ол бізге қауіп төндіруі мүмкін. Біздің ата-бабамыз берген осынау кең-байтақ жерін, мемлекеттілігін қолымыздан шығарып алу − өмір бақи күнә болып саналады. «Төртеу түгел болса, төбедегіні алады. Алтау ала болса, ауыздағыдан айырылады» деген қазақтың сөзі бар», – деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып тұр. Тіпті қазақ жеріне табан тигізген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшілік пен ынтымақ сүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған.

 Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген.

 «Ынтымақ - бұзылмайтын қорған,

  Қосылып еккен ағаш - орман, − дейді ұлы халқымыз.

 

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

теолог маманы               Б.Нұртіллә               

 

0 пікір