Ғасырлардан бері ұласып келе жатқан тағылымы мол үрдіс әлі де өз жалғасын тауып, елімізде сақталып келеді. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің байлығымыз. Қазақтың тарихына көз жүгірткенде небір зұлмат пен нәубетті, аштық пен қиындықты, тартыс пен езгінің іздерін көріп, осыншама зұлматтан аман қалып, бүгінде етек-жеңі жиылып келе жатқан тәуелсіз елдің бет-бейнесін көріп, таңдай қақпау мүмкін емес. Бұл елдікті еңсеруде қаншама қан мен сарқылған тер, қыршын кеткен ғұмырлар мен үзілген тағдырлар жатыр. Анығында, туған елдің ынтымағы мен бірлігін, тыныштығы мен тәуелсіздігін бейбіт күнде өмір сүрген қазіргі ұрпақтан, түрлі майдан мен жорықтан, соғыс пен сұрапылдан көз ашпаған алдыңғы ата-бабаларымыз тереңінен түсінген. Түсініп қана қоймай, ел мен жердің қадіріне жете біліп, Отанға деген шын махаббаттың бейнесін көрсетіп кетті десек артық айтқандық емес екені анық.
Бүгінде еліміз өзге елдер қызыға қарайтын мақсаты айқын, бағдары бүтін мемлекет болып қалыптасып келеді. Отыз жылдық тарихы бар егемен ел болса да, бүтіндейтін жеріміз бен дамытатын салаларымыз жоқ емес. Ең бастысы – әлемдегі алпауыт елдердің ыңғайына жұтылып кетпес үшін қазақ халқына бірлік керек. Хәкім Абай атамыз айтқандай, «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демекші, бірлігіне сызат түскен елдің көгеріп, өсіп-өнуі екіталай. Өткеннен сабақ алып, тарихқа көз жүгіртер болсақ, мықты деген алпауыт мемлекеттер бірлік арқылы өз елдігін түрлі қиындықтан сақтап қалғанын көреміз. Керісінше жері байлыққа толы, халқы тоқшылықта бола тұрып, ел ішінде ынтымағы болмаған жұрт өзгенің қақпанына оңай жұтылып, жоқ болып кеткенін тарих сан рет дәлелдеген.
Бүгінгі таңда азат елдің таңы арайлап атуы үшін батыр бабаларымыз секілді басты бәйгеге тігіп, соғыс майданында жүру міндет емес. Қазір елдің ертеңі – бірлігі бекем, һәм білімі мықты ұрпақтардың уысында. Заман – оқыған, тоқыған, көкірегі ояу, көзі ашық адамдікі. Өткен тарихыңды, туған тіліңді, дәстүрлі дініңді, саралы салт-дәстүр, әдет-ғұрпыңды білмесең «бірлік», «береке» деген ұғымдардың мәні тұрмақ, мағынасында білмей өтпекпіз. Өз ұлтын тереңінен танып, оны шынайы сүюге ұмтылғанда қоғамның ынтымағы үшін бас біріктірудің шын үлгісін көрсете алмақпыз.
Осы күні бізге жетпей жатқаны да – мұсылмандар арасындағы сүйіспеншілік пен бауырмашылдық. Көбіміздің бойымыздан мұсылман бауырымызға деген өшпенділік пен арам ниет, жаман ойлар байқалады. Кейбір жанды көрсең, құлшылыққа көп көңіл бөледі, жақсы сөз сөйлейді, сөз сөйлегенде алдына жан салмайды, ақын немесе шешен, бірақ мұсылман бауырының етін жеуге (ғайбаттауға) дайын тұрады. Егер тақуалық болмаса, адамға құрғақ білімнің, мағлұматтың пәлендей көмегі тимейді. Маңыздысы аз білсең де амалға асыру, тақуалық таныту, бауырыңды жақсы көру, жақсы көре алмасаң да ең азы қолыңмен және тіліңмен зияныңды тигізбеу, бұның өзі де бір ғанибет. Хәкім Абай өзінің қырқыншы қара сөзінде: «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» деп ащы шындықты дөп басып айтқан.
Егемендіктің 30 жылында атқарылған ең маңызды жұмыстың бірі – еліміздегі этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылық деп білемін.
Осы тұста Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) өміріндегі бір оқиғаға назар аударғым келеді. Ислам тарихында ол «Мәдиналық келісім» деген атпен белгілі.
Пайғамбар (с.а.с.) Мәдина шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекеттің өзіне тиісті нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырық пышақ болып келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет. Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.а.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтқа табынушылар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге Мәдиналық келісім келді. Оған сәйкес Мәдинада жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері, ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б.
Бұл келісімді – жаңа қалыптасып келе жатқан мұсылман мемлекетінің Конституциясы десек болады. Конституция барлық қауымдар мен тайпаларға тең. Мұның тармақтарынан ауытқыған немесе оны орындамаған әрекет – дінбұзушылық және опасыздық болып саналды. Осылайша Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.) бірнеше дінді бір араға жинап, бір мемлекет, бір қоғам құра білді.
Бұл мысалы, қазіргі кездегі еліміздегі діни саясаттың бірден-бір көрінісі іспеттес. Біздің мемлекетіміз де тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап түрлі ұлттар мен діни-сенім конфессиялар арасындағы татулық және бірлігімен ерекшеленіп отырған жайы бар.
Қандай қоғам болмасын ынтымақ-бірліктің арқасында ғана өркендеп, адамдар бір-біріне бауырдай қараған кезде ғана мамыражай заман орнамақ. Сол себепті ардақты Пайғамбар (с.а.с.): «Мұсылман мұсылман үшін бір-бірін бекем ұстап тұрған ғимарат тәрізді», – десе, келесі бір хадисінде: «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене іспетті. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – дейді. Хәкім Абайдың да «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос» деп асқан жанашырлықпен халқына үн қатуы да халқын ауызбіршілікке шақыруы болатын.
Дәстүрлі Исламда да ең асыл бес нәрсені – Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау салиқалы һәм сауапты амал, ізгі іс саналатындығы айшықтап жазылған. Біздің өз тәуелсіз Отанымыз бар. Бас құжатымыз – Конституциямыздың «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деп басталуының мәні де осында. Осы орайда Қазақстан қоғамын тұтас қалыпта, дұрыс бағытта ұстап тұру баршаға аманат деп білемін. Олай болса, Қазақ елінің рухани тұтастығы мен бірлігін, қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау да – сіз бен біздің азаматтық міндетіміз.
Бүгінгі күн өткенімізге баға берудің, қол жеткізген барлық нәрсенің мәнін тарихи тұрғыдан ұғынудың, алда тұрған міндеттерді айқындаудың тамаша мүмкіндігі.
Сондықтан, елімізді қауіпті індеттер, ауыртпалықтар орын алып жатқан мына жағдайда үй ішінен үй тігіп, түрлі топқа бөлініп, бүлік шығару емес, керісінше қоғамдағы ынтымақ пен бірлікті ұстануымыз қажет. Бейбіт қоғамның негізі ауызбіршілік және түсіністікпен қаланады, ал, «ынтымақ – бұзылмайтын қорған».
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы
Ынтымақ бұзылмайтын қорған