«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылатын Президенттің «Ұлы Даланың жеті қыры» жаңа бағдарламалық мақаласы Қазақстан халқының ыстық ықыласына бөленіп, қоғамда кең талқыға түсті. Ол қазірден-ақ тарихи құжат деген атқа ие болып үлгерді. Елбасы аталған мақалада Қазақстанның тарихын зерттеу және ұлттық мұрамызды паш етуге бағытталған жобаларды таныстырды.
Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын насихаттау, жастардың бойына сіңіру мақсатында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Сәкен Аралбайұлы Мәжінбековпен сұқбат жүргіздік.
– Бір ұлтты екінші бір ұлттан ерекшелеп тұрар төл қасиеттері бар. Біздің дархан пейілді қазақ ұлтын өзге халықтардан ерекшелеп тұрған қандай қасиеттерді атаған болар едіңіз?
– Өзіңіз сұрағыңызда айтып өткендей, біріншіден, қазақ ұлтының дархан пейілдігі. Тарихи оқиғалардың аясында, бұрынғы КСРО жерінен жер аударылып келген түрлі халық ұлттарын кемсітпей, өзегінен теппей, бір үйдің балалары секілді құшағына ала білу де қазақтың ерекше қасиетінің бірі. Екіншіден, Ұлттық рух, намыс, күш жігер сияқты қасиеттер де халқымыздың ажырамас бөлігі болып табылады. Қазақтың танымал ғалымы-психолог Қ. Жарықбаев, ұлтқа тән іс-әрекеттерді, ұлттың шынайы болмысын сипаттай келе: «Қазақ халқының төл жері мен туған еліне деген ықыласы, еңбексүйгіштігі, әділетсіздікке деген төзімсіз болмысы, өнерге деген құрметі, халықтың қайсар мінезі жалпы ұлттық идея және қасиеттер болып табылады», - деп көрсеткендей, біздің халықтың рухани иделарының бастауында елжандылық, ұлтжандылық, отан сүйгіштік, яғни – патриотизм қасиеттері тұр. Ежелгі кезеңде тарихи оқиғаларды сипаттаған «Алып Ер тоңа», «Көкбөрi», «Ергенеқон», «Шу батыр», айрықша тұлғаларды жырлаған «Оғыз қаған», «Едiл», «Қорқыт ата», «Жетi қаған» жырларының өзегі «Мәңгiлiк ел» идеясына бағытталған. Аталмыш тарихи естеліктер «Ел айырылған», «Қайың сауған», «Ақ табан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Елiм-ай» түрінде қазақтың ауыр кезеңін сипаттауға жалғасып, дана Абай атамыздың «Қалың елiм, қазағым, қайран жұрты» және «Оян, қазақ!» түрінде сипат алып, қазақтың бірыңғай ұраны ретінде жалғасын тапты, идея түріндегі ұлттық ұғымға айналды. Мұндағы ең басты философиялық ой пікір және бағыт – бұл қазақ елінің аталған идеямен ғасырлар қойнауынан бірге келе жатқандығы. Осы идеяны халықтың рухани құндылықтарының өлшемі ретінде, тіршіліктің басты мәні ретінде қабылдаған қазақ елінің дүниетанымы, дала философиясы ерекшеленеді. Идеяның болмысы, мән-мағынасы, ішкі мазмұны халықтың жаңғыру процесі арқылы ұдайы өзгеріске түсу арқылы жүреді. «Мәңгілік Ел» - ұлттық дүниетанымның басты бағыты және қайнар көзі. Оның ішкі мазмұны үнемі даму, өзгеру, жаңғыру арқылы жүріп отырады.
– Тақырыпқа тереңдей түссек. Терең қатпарлы тарихымыздың айнасындай халық жадының эпицентрі деп қандай тарихи оқиғалар мен айшықтарды атай аласыз?
– Біріншіден, қазақ этносын құрушы фактор ретіндегі қазақ хандығының құрылуы. Мухаммад Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегінде жазылғанындай, Қазақ хандығы 1456 жылдары Шу өзенінің сағасында Қозыбасы атты мекенде мемлекеттіктің туын көтеріп, қазақ этносының ортақтану үдерісі аяқталады. Яғни, мемлекеттіктің пайда болуы, этносты тудырып отыр. Қазақ хандығы құрылған уақыта дейін қазақ этносы деген болмаған. Туыстық жақындықтағы тайпалар, өзіндік әлеуметтік-шаруашылық және рухани ерекшеліктерге ие бола отыра, жаңа этностың негізін құрған. ХІV–XV ғасырлар тоғысында этнос түрінде тарих сахнасында пайда болған қазақ халқы мекендеген аумақтарда, халықтың түп-тамыры болып табылатын көшпенділердің өркениеті өмір сүрген. Отандық философ Ғ.Есімнің ойынша, «қазақ халқының ойлау мəдени кеңістігінің екі тарихи өлшемі анықталмақ. Бірінші, «алғашқы мəдени тарихи, бүгінгі қазақ этносын құраушы ру, тайпалардың тарихына, тұрмысына, мəдениетіне қатысты анықталмақ, тарихқа белгілі Ғұндар империясы, Түрік қағанаты, Үйсін мемлекеті, Қыпшақ мемлекеті, Алтын Орда мемлекеті, одан беріде Ақ Орда, Көк Орда құрамындағы тайпалардың түркі тіліндегі қалыптасқан дүниетанымы». Керей хан және Жәнібек хан біріге отыра, Қазақ хандығының мемлекеттілігін қалап, әлеуметтік-саяси күш қуатын арттырды. Қазақ елінің астанасы Түркістан қаласы болып, елдің ұраны – «Алаш» аталып, мемлекеттік рәмізі – «Төре таңбасы» болып межеленді.
2014 жылы Елбасымыздың Ұлытауда берген сұхбатында: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз. Бұл – жаңағы айтқан ғұндардың да, көк түріктердің де, Алтын Орданың да орталығы болған жер» , деп атап өтті. Осы орайда, терең қатпарлы тарихымыздың айнасындай халық жадының эпицентрі – қазақ мемлекеттігінің пайда болуы және ХХ ғасырдың 90 жылдары дүниежүзін мойындатқан Қазақстан Республикасының тарихи сахнаға енуі болып табылады. 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тəуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабыл алынды. Құжатта Қазақстан Республикасы дербес, егемен, демократиялық жəне азаматтық мемлекет жолын таңдап алғандығы, өз аумағында толық иесі екендігі, елдің ішкі жəне сыртқы саясатын дербес тұрғыда ұстайтындығы, Қазақстан Республикасы аумағы біртұтас жəне қол сұғылмайтын аумақ ретінде танылатындығы, Қазақстан Республикасының тəуелсіздігі және территориялық тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында республиканың Қарулы Күштерін құру бойынша құқылы екендігі жарияланды. Осылайша, Қазақстан халықаралық қауымдастыққа еніп, халықаралық құқықтың субъектісіне айналып, әлемдік экономикаға дербес түрде қатысу мүмкіндігіне ие болды.
– Бүгінгі қоғам жасампаздық пен жаһандану дәуірінің жемісі. Осы орайда қазақ халқының тозығы жеткен қандай мінез – құлығынан. Салт – дәстүрінен бас тарту керек деп санайсыз?
– Қазақ ұлтына тән ерекшелiктердiң бiрi – атам қазақтың үш жүзге (Ұлы, Орта, Кiшi), әр жүздiң ондаған ру-тайпаға бөлiнетiндiгi. Бәріміз де «Жетi атасын бiлмеген – жетесiз» деген аталы сөздi құлағымызға құйып өскен азаматтармыз. Мұндай заңдылық жақын адамдардың қан араластырмауына ықпал ететiнiн, ол өз кезегiнде, сау да саналы ұрпақ жалғасуына көмектесетiнiн казiргi медицина ғылымы да дәлелдеп отыр. Мәселенiң қиын жерi сол, «алтау ала болса, ауыздағы кетедiнiң» керi келiп, тарихта жүзге, руға жiктелу көп опық жегiзгендiгiнде. Өткенiмiзге үңiлсек, рулық-тайпалық. идентификация өзiнiң жақсы жақтарымен қоса, кемшiлiктi тұстарымен де мең-мұндалап көзге түседi. Ол көбiнесе ру мен ру, тайпа мен тайпа, жүз бен жүз арасындағы мүдделiк теке-тiрес пен iрiлi-ұсақты жанжалдардың қайнар көзi болып, ұлттық мемлекеттiлiктiң тамырына балта шабушы бiрден-бiр себепке айналып отырған. Бұл бүгiнгi күнгi рулық-тайпалық идеологияның жандануы тәуелсiз жас Қазақстанның нығаюына керi әсер етiп, оның ұлттық қауiпсiздiгiне нұқсан келтiредi деген сөз.
– Дамыған, отыз елдің қатарынан табылып, сана биігінде қалықтау үшін біздің жастарымыздың бойында қандай ұлттық менталитет жарқырап тұруы керек?
– Жалпы, ғаламдану идеясы негізінде дүние жүзілік дамудың ішкі үйлесуі мен мемлекеттердің географиялық-территориялық шекаралық аумағы мен одан сыртта жатқан әлемдік кеңістікке бағытталған саяси, экономикалық, білімдік, ақпараттық, мәдени, ғылыми қозғалыстардың өзара ықпалдасуы жатыр. Оның басты адамзат күткен мақсаты – әлемдік қоғамдастықты ізгілендіре, демократияландыра, экономикалық қуаттандыра түсу. Дегенмен, Ресейлік зерттеуші А.Г.Дугин пікірінше, «ғаламдану барлық елдер мен мемлекеттерге батыстық экономикалық, саяси, мәдени, технологиялық және ақпараттық кодын зорлап енгізу». Жоғарыда айтылған мәселе шеңберінен, заңды мәселе туындайды, мәдениеттің ғаламдануы деген қажетті, оң бағыттағы ағым ба жоқ әлде ұлттың дамуына, ұлттың салт-дәстүріне зиянын тигізетін, теріс пиғылдағы құбылыс па деген. Зерттеулер көрсеткеніндей, жаһандану міндетті түрде бірыңғай (біртұтас) мәдениет құруды білдірмесе де, бірақ ол анықтама бойынша, космополитті және өзімен мәдени біркелкілікті, бұқаралықты, ұлттық мәдениеттердің, әсіресе, әлемдік аренада бекіп үлгермеген басым емес мәдениеттердің шекараларын жою үрдісін енгізді. Мұндай жағдайларда мәдени жаһандану қауіп-қатерге айналуы мүмкін. Бірақ бұл жаһандануды теріске шығаруды білдірмейді, ал сайып келгенде, оған сын көзбен қарауды және ықтимал түзетулер жасауды меңзейді. Қазіргі заманғы институттардың барлық халықтардың мүдделерін ескере бермейтінін мойындауға тура келеді. Кеңінен қанат жая бастаған жаһандану әлсіз мәдениеттерді немесе азшылық мәдениеттерді өздерінен күшті мәдениеттермен қақтығыста жеңіліске ұшырататыны даусыз. Ирактағы, Ауғанстандағы соғыстар мұның айқын дәлелі. Осыған орай, институттардың мәдени жаһандануға байланысты келеңсіз үрдістердің алдын алуға өздеріне басты жауапкершілік жүктеуі қисынды болар еді. Ғалам «басқаны» құрметтеу түбегейлі идеясына қайта оралуы тиіс.
Жалпы, қоғамдағы тұрақтылық жастардың маргиналдануына жол бермеуден басталады. Қазіргі жастар бірнеше топқа бөлінген. Біріншісі, Батыс елдерінде білім алған, ағылшын тілінде сөйлейтін жастар. Олар негізінен космополиттік көзқарас тұрғысынан, ұлттық мүдде мәселесіне басты назар аудармайды. Екіншісі, жұмысссыздықтан, социумға тартылмағандықтан орнын таппай наразы болып жүрген ауыл жастары. Үшінші, пантюркистік саясатқа ден қойған немесе исламшыл жастар. Төртінші топ, интернет ресурстары арқылы қарсылығын білдіруді заман ағымы деп санайтын, ұлттық сананы аяққа таптаған жастар.
Яғни, ұрпақтың дүниетанымын, өмірге, қоғамға деген көзқарасын қалыптастыру барысында, өзінің төл мәдениетіне, ұлттық тамырына сусындатып, ұлттық тағлымдардың қайнар – көздері арқылы ізгілікке, адамгершілікке баулу маңызды іс. Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық мәдениет баланы елжандылыққа тәрбиелеу құралы екені сөзсіз. Бұл ғаламдану кезеңіндегі қауіп-қатерлерге жауап болады деп сенемін.
Аймақта түрлі түсті. революциялардан сақтанудың басты жолы – жастар саясатын жүргізу ықтималды болып табылады. Жастар саясатын құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық түрде мемлекет жүзеге асырып, мемлекеттік қаржыландыру тек республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінуі тиіс. Себебі қазіргі қалыптасып отырған халықаралық саяси жағдайлардың ерекшелігіне байланысты, жастар саясатын жүргізуде үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық ұйымдардың қаржыландыруы мен араласуына кеңінен жол ашу бірқатар қиындықтарды туғызуы мүмкін.
– Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қос мақаласы халқымыздың терең тарихтан тағылым алып, жарқын болашаққа сеніммен қадам басуына серпіліс берген стратегиялық мазмұнды құжат болды. Мақала өзінің көздеген межесіне жете алды ма?
– Осы жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» мақаласы жарияланды. Елбасының үндеуінің басты өзегін, халықтың ынтымағы, жұмылған жұдырықтай болып қиындықтарды жеңе білу мәселесі құрайды. «Дәл қазір бүкіл адамзат жолайрықта тұр. Әлемдік геосаясатты, экономиканы, экологияны, қоғам өмірінің сан алуан саласын қамтып, тізбектеле келген, бұрың-сонды болмаған проблемалар әлем мемлекеттерінің қарым-қатынасын да өзгерте бастады. Рухы мықты, өзіне сенімді адамды қиындықтар шынықтырады. Сондықтан біз бойкүйездіктен, сарыуайымнан, енжарлықтан арылып, тығырықтан шығудың жолын іздеген бүкіл әлем халқымен бірге ширыға, шыңдала түсуіміз керек», деген үндеуін Қазақстан халқына жолдап отыр. Әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени, рухани мәселелермен қатар, этностық өлшем, ұлттың сана-сезімі, ұлттық идея, этностық ортақтық, ұлттың шоғырлануы тәріздес адамзат тарихында ұдайы өміршең де өзекті мәселелер туындап отырған уақыттағы Елбасының үндеуі айрықша дүние. Қазіргі таңда кім кінәлі деген сұрақтарға жауап іздегеннен гөрі, біз мемлекет үшін не істей аламыз дей отыра, біздің халықтың және мемлекеттің күшінің, рухының қайнар көзі болып табылатын – ата бабалар рухы үшін, олардың тарихи ерен ерліктеріне, Елбасымыздың елдің бірлігіне 30 жыл ұйытқы болғанына тағзым ете отыра көк байрағымыздың аясында бірігуіміз міндетті.
Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында ең алдымен өткен тарихтың, қазіргі жағдайдың терең мәселелері көтерілген. «Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Оған қажетті дәйектеріміз де жеткілікті» және «Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ», дей отыра қазіргі кезеде Қазақстанның мемлекеттілігі болмаған деген шовинистік пиғылдағы ойларға, ешқандай айқай-шу көтермей, тарихи толғаммен жауап берді.
– «Елу жылда ел жаңа» демекші Ұлы Даланың жақын жартығасырлықтағы болашағын сіз қалай елестетесіз?
– Қазіргі кездегі әлемдегі геосаясатта, халықаралық қауымдастықтың кеңістіктік – саяси ұйымдастырылуына («Жаңа әлемдік тәртіп» мәселесі және оның шеңберіндегі өзгерістер мен жекелеген елдердің осы үдерістегі орны мен рөлі) аса назар аударуда. Жаһандану дәуіріндегі әлемнің саяси және экономикалық архитектурасы көпқырлығымен ерекшеленеді. ХХІ ғасырда халықаралық деңгейдегі дауларды, жанжалдарды бейбіт жолмен шешіп, бітімгершілік процедураларын ұсыну, саяси және экономикалық қайшылықтарды шешудің басым бағыттарының бірі. Әрбір мемлекет өзінің тәуелсіздігін сақтап қалуға ұмтылып, территориясында «Түрлі-түсті революцияларға жол бермеуге», елдің аумақтық біртұтастығын сақтап, халықтың ынтымағы мен ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған тұжырымдамаларын ұсынуы өзекті мәселелердің қатарында.
Қазақ елін де алдағы жартығасырлықта қауіпсіздікті нығайтып, келісімге, бейбіт дамуға елді ғана емес, тұтастай аймақты, әлемдік қауымдастықты шоғырландыратын жетекші мемлекеттердің біріне айналатындығына сенімім мол.
- Сұқбатыңызға рахмет. Уақыт бөліп құнды ой-пікір білдіргеніңізге алғыс білдіреміз.
Сұқбаттасқан «Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру» бөлімінің маманы А.Сейдрахман
Ұлттық код – ұлттың жады