Мінез адамның ішкі әлемінің айнасы. Жүсіп Баласағұн «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік. Екіншісі – ұят, Үшіншісі – әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады» - деген. Бұл тұста ұят пен әділдік мінездің сыңары екенін ойда ұстау қажет. Білім ізгілікке жұмсалмаса, оның пайдасынан зияны артуы әбден мүмкін. Сондықтан Шығыс даналығы адам мінезінің көркемдігін алдыңғы орынға шығарса керек. Адамзатты өркениет шыңына жетелеген ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» - деген екен. Елге адал қызмет етер адам – әділдік, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды тәжірибеде қолдана білу, адалдық және парасаттылық, белсенді өмірлік ұстаным сынды қасиеттерге ие болуы басты міндет. Еліне қызмет етерде алар үлесі басым мінез-құлық жайлы сөз болғанда Хакім Абайға тоқталмай кете алмаспыз. Алаштың Абайы «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» - деген сөзін тілге тиек етіп, білім мен мінездің, ардың адам өміріндегі орнына ерекше тоқталған. «Ғылымды, ақылды сақтайтын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады», - деп ескертеді. Дана Абай әсіресе адамның танымдық қызметін арттыратын мінездің қырына баса көңіл бөледі. Ол жастарды білім-ғылымға шақыра отырып, төк қажырлылықтың, құштарлықтың арқасында ғана ғылымға қол жеткізуге болатынын айтады. Адамның көңілін көтеріп, бойына қуат беретін сезімдердің бірі – өзгеге еш міндетсінбей қол ұшын беру. Ар-ожданы таза адам ғана бар шынайы көңілімен өзгенің керегіне жарайды. Адамды көздеген мақсатына, асыл арманына жеткізетін, ғылым-білімді меңгеруге мүмкіндік тудыратын жан қуаттарының бірі – ерік-жігер, қажыр-қайрат. Ерік-жігер адамның ез мінез-құлқын меңгере алу қабілеті, оны әр түрлі кесапаттардан, пайдасыз құмарлықтардан қорғайды. Абайдың айтуынша «жан қуаты деген қуат бек көп нәрсе... Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бар... ол жоғалса, адам баласы хайуан болды, адамшылықтан шықты» - деп, адамның өзі таңдап түскен жолынан таймауына ерік-жігері мен қажыр-қайратының ғана кезектесетінін еске салады.
Адам мінезінің осындай нәзік тараптарын әрдайым бақылап бақпаса түбі сан соқтыруға апаратынын кешегі Алаш зиялылары да жете түсінді. Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» - деген мазмұны терең сөзі қанша заман өтсе де өзектілігін жомай, мәні арта түсуде. Демек, ғылыми-шығармашылық ізденістегі қажыр-қайраттан туған өрелі еңбектерімен халқының рухани кемелденуінің күретамырына қан жүгіртуде шын мәніндегі хас талантқа өршіл рухты мінез қажет. Қашан да ұлттық мұратты ұстанған тұлға бойындағы ар-ождан биігіндегі елдік мінез адам болмысының өзіндік табиғатынан тамыр тартып жатқанымен, туған жер, өсіп-өнген орта рухы мен ата-ана тәрбиесі болат өзек ұстындағы азаматтық ұстанымды қалыптастырады. Осы орайда қазақ халқының Тәуелсіздік алуы жолында, өзгелерден кем болмай терезесі тең әрі қуатты мемлекетке айналуы үшін Әлихан Бөкейханов бастаған білімді әрі білікті алашордашылардың еңбегіне тоқталып кетуді жөн көрдік.
Ұлттың бойындағы сан ғасырлар жинақталған рух пен мұраттың ұлы бұлқынысы болған Алаш қозғалысы ел тағдырына қатысты барша идеяны өзіне өзек еткені бүгінде көбімізге белгілі. Алаш қайраткерлері күресінің тағылымы да, Алаш қаламгерлерінің мұрасы да жылдан жылға қазақтың рухани-мәдени өміріне еніп, «Алаш» сөзі аяулы ұғым, қасиетті түсінік ретінде қоғамымызда асқақтатыла айтылып келеді. Күнделікті теледидардан, радиодан, газеттерден «Алаш» сөзінің айрықша мән беріліп айтылғанына, жазылғанына куә болудамыз. Яғни, қазақ баласының жаны мен жүрегіне, ойы мен пікіріне, санасы мен сезіміне «Алаш» ұғымы уақыт өткен сайын бойлай түсуде. Сонау XX ғасырдың басында елдің еркіндігі үшін күрескен ерлер қалаған осы қасиетті сөз тәуелсіздігіне жеткен қазақ баласына да соншалықты қымбат, аяулы ұғымға айналуда. Бұл – санамыздың жаңғыруы, тарихи тамырларымызды қастерлеуіміз, елдіктің белгісі, өсер жұрттың өнегесі.
Алаш зиялыларының саяси және рухани күресіндегі негізгі мақсат, орасан міндет, ол ұлтымызды ұйыстыру, сол арқылы елдігімізді айқындау десек, онда осындай ұланғайыр сауапты істің аясында ана тілімізді сақтау мәселесі тұрды. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсы да тілдің саяси, қоғамдық һәм рухани үлкен күш, ұлтты біріктіруші қуатты құбылыс екендігін жақсы сезінді. Сондықтан да Алаш сияқты аса ірі қозғалыстың рухани тінінде қазақ тілі мәселесі ерекше орынға ие болды. Ұлт-азаттық күрес заманы қалыптастырған зиялылардың ана тілімізге арналған еңбектері, тіл жолындағы алуан күрестері – бүгінгі өзі де азат, тілі де азат күнге жеткен қазақ баласына тағылымды мұра, өміршең өсиет. Алаш зиялыларының тіл төңірегіндегі еңбектерінің алуандығы – олардың ұлт тағдырындағы тілдің төтенше маңызын әрі терең, әрі жан-жақты түсінгендігін аңғартады. Соған орай, Алаштың тілдік мұрасын сан тарапты құбылыс деп бағалай келе, оны бірнеше аспектіде сипаттаудың бірқатар мүмкіндіктерін аңғартпақпыз.
Біріншіден, Алаш азаматтары қазақ ғылымының төлбасы әрі арналы саласы ретінде ең алғаш болып тілтану ғылымының іргетасын қалады. Оның себебіне үңілсек, онда Алаш қайраткерлерінің барлық ұлттық ерекшеліктердің ішінен халықтың болмысын, өткені мен бүгінін танытарлық тіл сияқты ең көрнекті құбылысты таңдауы аса қисынды еді. Қандай ғылым болса да, әлбетте, белгілі бір қолданбалы, жүзелік сипаттан өрістейді.
Екіншіден, Алаш қаламгерлері XIX ғасырдың ортасында алғашқы белгілері байқалған ұлттық жазба әдебиетімізді жанрлық жағынан да, стильдік тұрғыдан да қалыптастырды, анағұрлым байытты. Бастапқыда Шортанбай Қанайұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Әбубәкір Кердері және тағы да басқа исламдық ағартушылық ағымның өкілдері шығармашылығында, сәл кейінірек тұтастай түрде Ыбырай Алтынсарин, Абай өнернамасында қалыптаса бастаған жазба әдебиетінің көркемдік, стильдік, жалпы тілдік белгілерін іргелендірді. А.Байтұрсынұлы, Ғ.Қараш, М.Дулатов, С.Торайғыров, Б.Серкебаев шығармаларындағы жазба реалистік дәстүр, М.Жұмабаев, Б.Күлеев поэзиясындағы романтикалық жазба дәстүр мәдениетті жазба әдебиетінің қалыптасқандығын байқатса, Ж.Аймауытов, М.Әуезовтердің көркем прозасы классикалық жазба әдебиетінің зор үлгілері болды. Алаш әдебиетінің рухы Мұхтар Әуезов сияқты данышпан жазушының қаламына қанат бітірді, осы рух Бауыржан Момышұлын, Ілияс Есенберлинді, Мұхтар Мағауинды тағы да қаншама қазақтың ұлыларын, ұлтты сүю мен ұлтқа қызмет етудің жоралы дәстүріне баулыды.
Үшіншіден, Алаш зиялылары XX ғасырдың басында ұлт тәуелсіздігі мәселесін көтере отырып, ұлттың рухани-мәдени өрлеуіндегі, саяси ұйысуындағы асыл қазынаның бірегейі тіл екендігін байыптады. Сөйтіп, олар тілді сақтау, дамыту, қолданыс аясын кеңейту міндеттерін көтере келе, қазақ тілінің саяси, қоғамдық, әлеуметтік мәртебесіне ерекше мән берді. Бұл алаштықтар тарапынан тілдің саяси, әлеуметтік маңызын, ұлттың тұтасуы мен өркендеуіндегі орнын сезініп, оған тұңғыш рет берілген толымды баға болатын. Бұл да тәлімі тарихи деуге татитын Алаштың орасан өнегесі болатын. Яғни, қазақ тілі қалың ел, ордалы жұрттың тілі ретінде сақталу керек, сақтала тұрып ұлттың ұлттығын да сақтауы тиісті деп бағаланды. А.Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» - деп ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да, тіл екендігін алғаш аңғартты. Тізбектей берсек қазақтың егемендігі үшін төл тарихымыздың әр тұсында көптеген нар тұлғалардың орасан қажырлы еңбегі мен бейнеті жатыр. «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» - деп, елдің ертеңі үшін жанын да қиып берген ақтаңдар алдында қашан да қарыздармыз. Біз бабаларымыздың күресімен өсетін бойымызға сіңіруде, олардың бүгінгі күнімізбен тікелей сабақтас құндылық екендігін әрқашан сезінуіміз қажет. Осы тамырластық дегдар сезім бүгінгі қазақтың азаттығына, ел болуына, ел болу үшін, басқа да мемлекеттік атрибуттармен, істермен бірге ұлт тілінің мерейін асыратын, отаршылдық қалдықтармен күресетін баянды шаруаларға жұмылдыру шарт һәм міндетті. Бағзы бабалардан да, абыз Абайдың да, Алаш зиялыларының да аманаты осында.
М.Салиходжаев
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы
Ұлтқа қызмет ету – мінезден