Тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, адамзат түрлі идеологиялар мен наным-сенімдер арасындағы қақтығыстар мен қайшылықтарды бастан өткергені белгілі. Нәтижесінде көптеген келіспеушіліктер мен толқулар болды. Егер өткенге көз жүгіртсек, мемлекеттің барлық кезеңдерде дамуы қоғамның тұрақтылығы мен бейбіт өміріне байланысты екендігі анық. Сондықтан да Алла Тағала қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында: «Бүлік шығару адам өлтіруден де ауыр күнә» («Бақара» сүресі, 217-аят), «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлікшілік жасамаңдар» («Ағраф» сүресі, 56-аят) деп ескертеді. Ал қоғам тыныштығын бұзған жағдайда қандай ауыр боларын: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» («Мәида» сүресі, 64-аят) – деп ескертеді.
Демек, бейбітшілік пен тыныштық – Жаратушының ұлы нығметтерінің бірі. Бейбітшілік пен тұрақтылық – барлық игі істердің кең қанат жаюының себепшісі. Әрбір адам қоғамның ажырамас бөлігі екенін ескеретін болсақ, «менікі ғана жөн» деп адамдар арасында түрлі жанжал мен араздық тудыратындарды жоғарыдағы аяттарда қатаң түрде ескертіп тұрғанын ұмытпағанымыз жөн. Себебі, жоғарыдағы аяттар мұсылманға бүлік шығармауды бұйырып тұр. Бейбітшілік орнаған елде тұрақтылық пен ғылым, білім салтанат құрып, нәтижесінде қоғамда жан-жақты өрлеу мен даму байқалады. Бейбітшілік пен тыныштық адамзат әу бастан күрделі қақтығыстарды басынан өткеріп жатқан кезде су мен ауадай қажет болған. Талай қилы ғасырлар тоғысынан бізге аманат болып жеткен осынау ұлан байтақ Отанды қастерлеп, келер ұрпаққа жеткізу бұлтартпас борышымыз екенін жете түсінгеніміз жөн. Кейбір үй ішінен үй тіккен, дінді желеу етіп келеңсіздіктер туындатып жүрген азаматтарға төмендегі оқиға үлгі болар деп сенеміз. Бірде сахабалар Ардақты пайғамбармен (с.а.с.) сұхбаттасып тұрған уақытта, сахабалардың бірі Алла Елшісінен (с.а.с.) біз Аллаға дұға еткенде не сұрауымыз керек деп сұрағанда, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Алладан бейбітшілік сұра» - деген сөзі де бұл нығметтердің адамзат үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Тыныштық орнаған жерде бейбітшілік туралы дұға ету – адамзаттың ардақтысының асыл өнегесі. Осы орайда дәстүрлі дінімізді құбыжық етіп көрсетіп жүрген жандар үшін асылында ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін қадай негізгі қағидаларды талап ететініне қысқаша тоқталсақ: Өзгенің ақысын бұзбау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты). Әділ болу мен жақсы қарым-қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді: «Анығында Алла адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» («Нахыл» сүресі, 90-аят). Жақсы мінезге ие болу: ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Пенденің иман тұрғысынан кәмілдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла Тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті. Сенім еркіндігі: ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Жеңілдетіңдер қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер қорқытпаңдар»,- деген. Мейірімді және кешірімді болу: ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Қасиетті Құранда: «Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» («Ағраф» сүресі, 199-аят) - дейді.
Байқағанымыздай кейбір білімі таяз, исламды дұрыс түсінбей жүргенімен қоймай, қоғамда түрлі келеңсіздіктер туындатып жүрген адамдардың іс-әрекеттерін адасушылық екенін жоғарыдағы аят пен хадистерден анық аңғаруға болады. Бүгінгі әлемде бейбітшілік пен тыныштықты жоғалтқан елдің өмірі және сол елдерде тұратын адамдардың өмірі өз нұрын жоғалтқан, қараңғыда қалған адамдар сияқты. Бұл жағдайды көрген және естіген адамда ауыр күрсініс болары сөзсіз. Осындай жағдайларды көріп, естіген адамдар олардан сабақ алып, қорытынды шығарып, өздеріне берілген бейбітшілік пен тыныштықты қастерлеп, қадіріне жете білу керек. Сондықтан біз еліміздегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, оны кез-келген арам пиғылды жандардың іс-әрекеттерінен қорғап, төзімділік, өзара қарым-қатынасты нығайтып, мейірімділік және асыл идеяларды кеңінен насихаттауды кезек күттірмейтін міндет деп танып, осылардың негізінде әрекет ету керек.
Сондай-ақ, дәстүрлі дініміздің атын жамылып, өзімшіл мақсаттарына жетуге ұмтылған жат ағымдарға қарсы әрдайым сақтық пен қырағылықты жоғалтпау керек екенін есте ұстаған жөн. Бағалай білмегенге бақ қонбайтынын ескерсек, осынау Тәуелсіз елдегі бейбіт өмірімізді бағалап, Ел тыныштығы мен бірлігі үшін әрбіріміз өзімізге жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, болашағымыз үшін қазірден өз үлесімізді қосайық. Елдің өркендеуі тек тыныштық пен бірліктің арқасында жүзеге асатынын ұмытпғанымыз жөн!
М.Салиходжаев
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы
Тыныштықты сақтау – әр адамның қасиетті борышы