Тұғыры биік – Тәуелсіздік
Тұғыры биік – Тәуелсіздік
15.12.2023
1009
0

Еліміз азаттық үшін, бостандық үшін, тәуелсіздік үшін күресті ешқашан тоқтатқан емес. Өткенді еске алсақ, Қызыл империяның үстемдік саясаты барған сайын шектен шығып, қазақтың жері талауға түсті, ешкімнің сұрауы жоқ секілді жері көршілес республикаларға беріле бастады, жерінің асты, үсті, ауасына дейін ядролық сынақтар алаңына айналды, ділі мен діні қолдаусыз, қамқорлықсыз қалды, ұлттық кадрларға кемсітушілік көзқарас белең алды. Міне, осындай кезде еліміздің жастары ұрандап алаңға шықты, теңдікті талап етті, әділдікті іздеді.

16 желтоқсан күні – біз бүкіл ел болып, тәуелсіздік күнін, сән-салтанатты іс-шарамен, мерекелік кештермен атап өтеміз. Алайда, 1986 жыл дәл осы 16 желтоқсанда қаншама жүрегі қазақ деп соққан бауырларымыздан айырылған күн екендігінде ұмытпағанымыз жөн. Бүгінгі күні, дәл сол мерекелік көңіл-күйдің әсерінен  1986 жылғы  қаралы күн жадымыздан өшіріліп келе жатқандай. Әрбір жүрегі қазақ деп соққан адамға белгілі ғой, қазақ еліне тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Ал бүгінгі тәуелсіздігіміздің жаршысының бірегейі  осы – желтоқсан оқиғасы емес пе?

Дәл осы желтоқсанда империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қазіргі тәуелсіздігімізге қол жеткізіп отырмыз. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыруы тиіс. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де оны сақтап қалу, баянды ету, ұрпаққа аманаттау – ұлы борышымыз.

Біздің Қазақ елінің тәуелсіздік алғанына биыл отыз үш жыл толады. Бұл бір қарағанда тым азғантай мерзім. Алайда, осы отыз үш жылда Қазақстан аяғынан қаз тұрып қана қоймай, әлемдік өркениетте орны бар әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасты. Экономикасы дамыды, әлеуметтік жағдайы нығайып, елдің еңсесі көтерілді.

Қазіргі Қазақстанда тұратын жүзден астам этностың тағдырын қазақ тағдырынан бөле-жара қарамай, барлығын бір ананың баласындай бауырға тарту нәтижесінде еліміз ішкі-сыртқы саясатта үлкен беделге ие болды. Жас мемлекетімізде саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім қалыптасып, Қазақ халқының береке, бірлігі артты. Ана тілімізге деген құрмет Ата Заңымыздан бастау алды. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек»,-деген ұстанымы бүгінде біздің жолбасшымызға айналып отыр.

Тәуелсіздік сияқты ұлттық мерекені бүгінгі таңда қазақ халқы жүрегімен сезінуі керек. Тәуелсіз елдің ең басты тұғыры ол қоғамның, сол мемлекеттегі жергілікті ұлттың рухы, жігері, қоғамдық санасы. Басты байлық жай ұлттық мүдде емес, азаматтардың мүддесі мен қажеттілігі. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның бүгінгі күші құдіретті ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр. Қазақстан үшін ХХI ғасыр тарихының парағы парасат пен пайымға толы.

Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.

Тәуелсіздік – бұл бүгінгі өмір ғана емес, сонымен қатар, ертеңгі өміріміз – Қазақстанның болашағы, оның мүмкіндіктері мен мақсаттары. Тәуелсіз болу – өз тағдырына жауап беру деген сөз. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді.

Қазақстан – ұлт жанжалы жоқ, этникалық, ұлттық және діни мәселелер бейбіт жолмен шешілетін мемлекеттердің бірі.

 

Айдана Сейдуәлі

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                     

0 пікір