Орта Азиядағы мемлекеттердің терроризмге қарсы күрес мәселесіндегі ұлттық заңдар тақырыбын отандық зерттеуші Л.Р.Қаратаеваның зерттеулерінен байқауға болады. Ғалымның пайымдауынша Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстандағы террорзиммен күрес немесе контртерроризм әр түрлі деңгейде орындалып отыр. Бастысы заңнама бойынша арнайы заңдар қабылданған және тиісті өзгерістер енгізген. Сонымен қатар, осы елдердегі террорлық әрекеттерді жүйелі талдап, сараптаған.
Сонымен қатар, Орталық ТМД Терроризмге қарсы орталығымен, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымымен, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымының және Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім-шарт ұйымының жұмыс топтарымен, сондай-ақ терроризмнің алдын алу және жолын кесумен айналысатын басқа да халықаралық құрылымдармен өзара әрекеттестікте жұмыс істейтін Қазақстан Республикасында Терроризмге қарсы орталық 2003 жылдың 29 желтоқсанда құрылды. Оның негізгі міндеттері,
- терроризммен күресті тікелей іске асыратын мемлекеттік органдардың, сондай-ақ террористік және өзге де экстремистік белгілерге қарсы іс-әрекет ету саласындағы мүдделі министрліктер мен ведомстволардың қызметін үйлестіру;
- террористік және өзге де экстремистік қауіп-қатерлер және белгілер туралы ақпаратты жинау, реттеу, талдау және сараптау;
- терроризмге қарсы қызметтің концептуалды ережелері мен бағдарламаларын, террористік және өзге де экстремистік акциялардың алдын алу және жолын кесу жоспарларын әзірлеу;
- арнаулы терроризмге қарсы бөлімшелердің жеке құрамын кәсіби даярлауды үйлестіру және әдісемелік қамтамасыз ету;
- терроризммен күрес мәселелерімен айналысатын халықаралық орталықтармен және ұйымдармен жұмыс байланыстарын орнату және ұстану;
- терроризммен және экстремизмнің өзге де белгілерімен күрес мәселелерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілер жобаларын дайындауға қатысу және т.б.
Отандық саясаттанушы Е.Қариннің Қазақстандағы терроризм қауіп-қатерін зерделей келе, келесідей пікір білдіреді. «Терроризм қаупін дұрыс бағаламай, оны елемей және жекелей алынған елде қауіптің өзін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ терроризмді асыра бағалауға да болмайды, қоғамда дүрбелең салып және үрей мен қорқыныш ұялатып, қоғамдық резонанс әсерін күшейту арқылы террористерге қолдау көрсетуге болмайды, себебі кез-келген теракт ең алдымен, кең ақпараттық әсерге есептелген. Осындай теңгерімді ұстап тұру қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірақ, ең бастысы – терроризм, экстремизм сияқты қауіп-қатерге төтеп беріп, тиімді қарсы тұрудың ең басты шарты – ол қоғам мен биліктің өзара келісімі, ұлттық бірлік».
Орта Азиядағы терроризм қатерлері аймақтық деңгейде геосаяси және табиғи ресурстарына байланысты державалардың назарын өзіне аудартады. Бұндай мәселелер зерттеушілер тарапынан шектен тыс қауіп деңгейінде түсіндіріледі. Терроризмді болдырмау, алдын алудың ең оңтайлы жолы ретінде Орталық Азия мемлекеттері діни бірлестіктермен тізе қоса отырып, қоғамға шынайы діннің шапағаты мен теріс пиғылды діни ағымдардың кесапатын түсіндіріп, ара жігін ашып беруі қажет.
Әрбір азамат экстремистік, террористік актілердің алдын алуға бағытталған мына төменде келтірлігендерді жадында тоқығаны абзал.
1. Егер сізді немесе отбасыңызды дінге қатысты қандайда бір мәселе мазалайтын болса Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің мамандары оңды шешім қабылдауыңызға көмек беруге әрқашан дайын. Орталықтың сенім телефоны: +72533 3-51-24.
2. Әрбір ата-ана балаларының қауіпсіздік шараларын: бейтаныс адаммен сөйлесуіне, есік ашуға, жерде жатқан иесіз ойыншықты алуға, көзге түскен затқа жақындауға болмайтынын үйрету.
3. Көліктегі жолаушының күдікті-жүріс тұрысын көріп тұрып, байқамаған сыңай танытпау!
4. Ешқашан, тіпті өте қауіпсіз болса да, қандай да бір затты сақтауға немесе басқаға беру үшін біреудің қолынан зат алмау.
5. Адам аз жерде күдік тудыратын затты байқау сіздің сақтығыңызды әлсіретпеуі тиіс. Қаскөй адам оны бір нәрседен, біреуден қорыққандықтан тастап кетуі мүмкін.
6. Күдік тудыратын затқа жақындамаңыз, тіпті қол тигізбеңіз, бұл өміріңізге өте қауіпті.
7. Діни сауаттылықты көтеру қажет
8. Кез-келген ақпаратты зерттеп болған соң қабылдауды үйрену
9. Тарих кітаптарын және де қоғам қайраткерлерінің дін жайлы толғауларымен терең танысу
10.Халқымыздың дінмен ұштасқан салт-дәстүрін ұстану.
Қ.Салықбаев
Түркістан облысы дін істері басқармасының
“Дін мәселелерін зерттеу орталығы” КММ бөлім басшысы
Террористік ұйымдармен күресудің жолы қандай?