Тәуелсіздік тұғырымыз
Тәуелсіздік тұғырымыз
14.12.2021
381
0

Өткен тарихты парақтар болсақ қанқұйлы соғыс, аштық, репрессия, ұлттың тәуелсіздігі үшін болған үздіксіз жеңіліспен аяқталған көтерілістер. Одан қалса атом сынақ алаңына айналған күйік сасыған дала. Соңғысы 1986 жылғы Тәуелсіздік үшін болған жастардың толқуы. Арты желтоқсанның қытымыр аязында үстеріне мұздай су шашып, мұзда тепкі көрген жас қыздар мен жігіттер. Бұл оқиға Тәуелсіз Қазақстанның тарих беттерінде «Желтоқсан оқиғасы» деген атпен сақталып қалмақ. Осы көтерілістің арты бірнеше жылдан кейін Кеңес үкіметінің құлап жаңа Тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылуына алып келді. Міне биыл еліміздің егемендік алғанына 30 жыл толып отыр. Осы отыз жылдың ішінде елімізде көптеген оқиғалар болып өтті. Жаңа астана салынды. Әлемдік деңгейде өткен дін лидерлерінің съездерінің қаншамасы өтті. Түркістан қаласы жаңа облыс орталығы болды. Кешегі жалпыұлттық санақ бойынша халқымыздың саны 19 млн нан асып қазақ халқының саны 70,18% ға жеткен.

Тәуелсіздік атты қастерлі ұғым жайында жазған жазушы, пікірін білдірген ойшыл жер бетінде тым көп-ақ. Себебі барлық халықтың басында сұм соғыс, құлдық пен азғындыққа толы трагедия болған. Сол жүрекке түскен жарасын жазу үшін елінің өткен тарихын ұмытпауға, ата-бабадан қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрпын ұлықтауға тіпті том-том кітапта шығарып жататыны тағы бар. Осыдан бірнеше жылдар бұрын «Бабалар сөзі» сериясымен 100 томдық кітап жарық көрді. Ал кеше ғана 1931-1932 жылдардағы аштыққа байланысты да кітап жарық көрді. Ұлттық болмысымызды насихаттайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданып нәтижелі жұмыстар өз жемісін беруде. Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жазықсыз қуғын-сүргін құрбандарын қайта ақтау шаралары да жүргізілуде. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Қарағанды облысындағы Октябрь ауданының атын ұлт көсемі болған Әлихан Бөкейханов атымен ауыстырды. Бұл да болса еліміздің алдыға қарай жылжуы.

Ал біздің кезеңнің яғни еліміздің жастарының жасауы тиіс басты міндеті – әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды алып жатқан алып территориямыздың тәуелсіздігін қандай жолмен болса да қорғау болмақ. Әлемнің кейбір отты ошақтарындағыдай шешілмеген шекара мәселесі жоқ. Бірақ әлемнің дамыған мемлекеттерінен білім жағынан кенже қалып отырғанымыз ақиқат.

Кезінде Жиренше шешен Әз -Жәнібектің не өлмейді? деген сұрағына: Ғалымның аты өлмейді,

Жазған хаты өлмейді деген екен.

Хакім Абай өзінің жиырма бесінші қара сөзінде «..... Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!...» деп жалпы қазақты оқуға, білім алуға үндейді. Қазақтың ағартушы ұстазы Ы.Алтынсарин атамызда өзінің өлең жолдарын:

         Бір Аллаға сыйынып,

Кел балалар оқылық деп – қазақ балаларына хрестоматия жазып, тек білім беруге, әріп танытуға ұмтылған.

Алаш Орданың негізін қалаған Әлихан Бөкейханов өзінің бір сөзінде: «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады»  деген екен. Ал біз осы сөздің жанына білімді болуды қосып қойсақ сөкеттігі болмас. Себебі XXI ғасыр білім мен технологияның заманы. Ал Тәуелсіздігімізді мәңгілік болсын десек тек біліммен ғана болмақ.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог  маманы         Қ.Қосмаханов

0 пікір