Тәуелсіздік тұғыры
Тәуелсіздік тұғыры
22.12.2020
2163
0

Тәуелсіздік жолында қазақтың талай ұлтжанды азаматтары қыршынынан қиылды. Жазықсыз өмірден ерте озды. Олар халқына қуаныш сыйлады, бірақ сол қуаныштың дәмін өздері тата алмады. Олар – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздары. Тәуелсіздік үшін күрескен батырлар –  қазақ елін лаулаған оттан да, тар қапастан да алып шыққан азаматтар. Қазақ елін арқасына байлап, шыңға өрмелеп, елді сол шыңға жеткізіп, өздері құздан құлаған хас батырлар. Ғалымның хаты, жақсының аты ұмытылмақ емес. Олардың бізге салып берген сара жолы, бүгінде бізге дара жол болды.

Тәуелсіздік батырлары азаттық жолында құрбан болды. «Болашақ ұрпақ біздей күңгірт әлемде емес, күннің көзін көріп өссін, еркін болсын» деп армандап кетті. Қандай қилы заман болса да қазақ-қазақ болып қала бермек. Елімізге деген асқан сүйіспеншілік біздің қанымызда бар дүние.

Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекесі. Қазақстанның жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі – Тәуелсіздік. Тәуелсіз ел болғандығымыздың арқасында ғана Қазақстанның сөзі мен ісін бүкіл әлем таныды. Дүниенің бір бұрышында қазақ деген халықтың үлкен істер тындыра алатын өресі мықты, өрісі кең халық екенін әлем білді.

16-желтоқсан – еліміздің егемендігін жариялаған күн. Сол күні көгімізде тәуелсізідік туы желбіреді. Содан бері 29 жыл уақыт өтті. Осы өшпес жылдар белесінде Қазақстан экономикасы қарыштап дамыды. Саясаттағы сындарлы бағыт өз жемісін беруде. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналыдық.

Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Қазақ елі талай белестерді бағындырды. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты.

Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік таңын аңсаған ата-бабаларымыздың  асқақ арманы орындалды десек қателеспейміз. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауыз бірлігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Сондықтан о бастан-ақ рулар тайпаларға, тайпалар одақтарға, ал тайпалық одақтар елге, халыққа айналу үшін үздіксіз күресті, жан алысып, жан берісті. Өйткені халық болып қалыптаспай, тәуелсіздікті баянды түрде қолда ұстап тұру да мүмкін емес еді. Мұны бұрынғылар жақсы түсінді.    

Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін оның өз заңдары мен талаптары болуы қажет. Осы негізде ата заңымыз қабылданып, ата заңға сүйене отыра қоғамдық келеңсіздіктерді реттейтін, адам құқықтарын қорғайтын заң жобалары қабылдана бастады. Қабылданған заңдарды жүзеге асырушы сот билігі өз біліктіліктерін көрсете білді. Сонау тәуелсіздік алғаннан кейінгі қазіргі сот саласының айырмашылығы жермен көктей. Техника мен өркениеттің дамыған заманына тұспа-тұс келген біздің егемендігіміз қарыштап дамуда.

Қазірде елімізге тыныштық заман орнап, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман келді деп мақтанышпен айта аламыз. Артқа тастаған жиырма тоғыз жылдың ішінде не атқардық деген сауал туса, тізбектеп сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артты. Білім мен денсаулық жағдайына аса мән берілді. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Елімізідің барлық саласындағы қызметкерлерге, шет елдің түрлі саладағы мамандарымен тәжірибе алмасуға жағдай жасалды. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады. Тəуелсіздікке қол жеткізу – бұл мəселенің бір ғана тұсы, ал елдің бағына айналған тəуелсіздіктің, егемендіктің гүліне нəр беріп, оның əлсіз сабағын тамыры терең, тірегі берік бəйтерекке айналдырудың маңызы зор. Тəуелсіздіктің тірегін нығайту елдің əр азаматының қолында. Тəуелсіздік əрбіреуіміздің атсалысуымызды, белсенді араласуымызды талап етеді. Еліміздің туы көкте қалықтап, ынтымағы жарасқан ел болайық!

 

 

Дінтанушы                                                                                 Б.Абдрахман          

0 пікір