Шетелдегі білімнің бағасы
Шетелдегі білімнің бағасы
16.02.2021
493
0

 

Біздің Қазақстанда шетелде білім алған азамат жоғары сапалы маман ретінде саналатыны түсінікті жайт. Өйткені әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарындағы білім сапасы отандық ғылымнан көш ілгері екені жасырын емес. Осыны ескере отырып, жас мамандарды шетелде оқытуға маңыз беріп келді. Дегенмен де шетелде оқыған барлық жастар өз ісінің білгірі, білікті маман болып келеді деп ұзақ уақыт бойы қателесіп келдік. Шетелге кеткендердің ішінде білім жолын қуған жастармен қатар, сол жақта қызықшылық қуып, көбелек өмір кешсе, бірі өзінің жағдайын жасау үшін білімнің орнына тірлік қуып, ақша тапты. Ал кейбірі барған елінде орынсыз әрекет жасап, елді ұятқа қалдырды, енді бірі түрлі алаяқ ұйымдардың қармауына түсіп, сотты болып жатқан жағдайы болса, ал енді бірі қатігез топтардың торына түскен, тағдыры талайдың талауына түскен жастарымыз да баршылық.

Әлем елдері бүгінгі таңда білім-ғылым, ақыл-ой, саясат-экономика таласын жүргізіп жатыр. Адамзаттың ақыл-ойын жаулап алу мақсатында түрлі бағыттағы әрекеттерге барып жатыр. Дамуда өзінен артта қалған елдердің жастарын өз елдерінде оқуға шақырып, тегін білім, жатын орын, жайлы өмірді уәде етіп оқуға гранттар бөліп отыр. Мұндағы басты мақсаттардың бірі оқуға келген жастарды өз қатарларына тарта отырып, алдағы уақытта еліне қайтқан кезде сол жақтан мүдделес, пікірлес жастар табу. Мұндай саясатты жүргізіп отырған елдер саны аз емес. Олардың қатарына алпауыт көршілеріміз Қытай мен Ресей, Европа мен Америка, Таяу Шығыста белді күшке айналған өзінің «түрікшіл» саясатымен танымал «бауырлас» Түркия, қала берді Шығыс Еуропа елдері де өзге елдерден жастарды шақыртып, оларға білім беруге құмар.

Әрине Қазақстан да басқа елдерден студенттер алмаса отырып, шетелдік жастарға білім беруде. Алайда біздің елге келген өзге елдің жастары ешқашан қазақы идеялогияға ұшырап, «қазақшылдық» ауруымен ауырмайды. Олар ешқашан қазақ тілін үйренбейді және үйренуге қызықпайды. Ал шетелде білім міндетті түрде ағылшын тілі және сол елдің мәдениетін, салт-санасын оқыта отырып жүйелі түрде жұмыс жасайды.

Осындай «жомарт» елдердің ішкі пиғылын түсінген кейбір елдер шетелдерге жастарды мүлдем жіберуден бас тартады. Мысалыға Жапония шетелге жылына тек ондаған адамды ғана оқуға жібереді екен. Осы арқылы өз халқының салт-санасын басқа елдердің идеялогиялық шабуылдарынан қорғайды. Ал Қазақстанда керісінше осындай идеялогиялық шабуылдарға дәрменсіз бола отырып, жастарды шетелде олармен бетпе-бет қалдырып отырмыз.

Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары тар қамыттан тарығып шыққан біз бостандыққа ұмтылдық. Алайда бұл бостандықтың құны тым қымбат боларын бізге ешкім ұқтырған жоқ. Біздің бұл бағыттағы тәжірибеміз де жоқ болатын. Осындай шетелде білім алуға, дін үйренуге құмартқан жастарымыз қақпа сыртында қақпан барын ұмытты. Әсіресе араб елдерінде діни білім алып, халықтың діни сауатын арттырып, Алланың әділ жолына шақыруға аттанған жастар уаххабилік идеялогияның араб елдерін шарпығанын бейхабар болды. Осы арқылы тура дін осы деп, туралықтан адасып, уаххабилік-сәләфилік синдромына ұшырап, оп-оңай араб шейхтарының қолжаулығына айналды. Ол аздай Қазақстанға келіп, «таза дінді» уағыздай бастады. Міне осындай жастардың алдағы уақыттағы әрекеттерінен Қазақстанда күрделі діни ахуал қалыптасты. Міне шетелде алған білімнің осындай «пайдасын» көріп отырмыз.

Дегенмен де «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алып келіп, өз саласында жемісті еңбек етіп жатқан жастар да баршылық. Бұл дегеніміз таяқтың екі ұшы бар болғаны секілді шетелде білім алудың пайдалы да зиянды тұстары бар. Зияны пайдасынан асып түспеуі үшін бұл бағыттағы бақылауды күшейткен абзал. Олай болмаған күнде біз үшін, қазақ үшін, Қазақстан үшін шетелдегі білімнің «бағасы» тым қымбат болмақ.

 

Түркістан облысы

"Дін мәселелерін зерттеу орталағы" КММ

теолог маманы      Б.Өтеген

 

0 пікір