«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып белгіленетін өзгерістер енгізілген болатын.
Бұл өзгерістің бастауы 2022 жылдың маусымында Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды және тәуелсіздік күнін мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізу ұсынысымен бастау алған болатын.
«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек»,-деген болатын Тоқаев Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында.
Ұлттық және мемлекеттік мерекенің айырмашылығына келсек, Ұлттық мереке – Қазақстан мемлекетінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне Қазақстанда белгіленген мерекелер. Ұлттық мерекелерді атап өту кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі. Мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстанның азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін.
Республика күнінің тарихы сонау тоқсаныншы жылдардан басталады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алуына жол ашқан маңызды құжат болатын.
Декларацияда Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері жарияланды. Алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Осы декларацияның арқасында ҚазКСР өз ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарын құру құқығына ие болды. Құжат бойынша президент республиканың басшысы болып табылады және жоғары әкімшілік-атқарушы билікке ие.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Республика күні жыл сайын 25 қазанда аталып өте бастады. 1995 жылы 18 қазанда алғаш рет «ұлттық мереке» болып жарияланды. Алайда 2001 жылы бұл мәртебеден айырылып, «мемлекеттік мереке» санатына өтті. Ал 2009 жылы сәуірде мерекелер қатарынан мүлде алынып тасталды.
Осылайша он үш жылдан астам уақыт бойы 25 қазан – Республика күні тойланған жоқ.
Бірақ, Тоқаевтың бастамасы халықтың қолдауына ие болды. Сөйтіп былтыр Қазақстан халқы ұзақ жылдар бойы атаусыз қалған Республика күнін алғаш рет дүркіретіп атап өтті.
«Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам»,-деді былтыр президент Республика күніне орай Ақордада өткен салтанатты жиында.
Айта кетері, заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, Республика күні – елдегі жалғыз ұлттық мейрам. Республика сөзі латын тілінде «ортақ іс»-деген мағына береді.
Әлемге көз салсақ республика күнін тойлайтын елдер қатары жетіп артылады. Мәселен, 1 қазанда Қытай Халық Республикасы өзін Республика деп жариялады. Сол мемлекеттік мереке Қытайда ең жоғарғы мереке болып саналады. Италия мемлекеті де Республика күнін дүбірлетіп тойлауға құмар халық. Посткеңестік мемлекеттердің біразы ресми декларациялары қабылданған күнді Республика күні ретінде атап өтеді. Оның ішінде Әзербайжан мемлекеті де бар. Ал бауырлас Түркия мемлекеті Республика күнін біз секілді қазан айында атап өтеді. Себебі 1923 жылы 29 қазан күні елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ел конституциясына өзгерістер енгізіп, Түркия Республикасы деп жариялаған. Анадолы жерінің бас мерекесі жыл сайын сән-салтанатпен тойланады. Республика күні елдің әрбір үйінде, мектептер мен емхана, дүкендерге мемлекеттік ту ілінеді. Осылайша, түрік халқы бұл күнді қастерлеп, үлкен той-думанмен атап өтеді.
Тәуелсіздік қай елдің болмасын басты игілігі. Баға жетпес құндылығы да сол! Ендеше біздің де тәуелсіздігіміз баянды болу үшін оны бастауы – Республика күні де ерекше маңызға ие болуы шарт. Әрине, алдымен оны жастарымыз ұғынуы керек.
Айдана Сейдуәлі
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы
Республика күні ұлттық мереке