Білім және ғылым министрлігі барлық орта мектептер, колледждер, лицейлер үшін міндетті форма талаптарын бекіткен. Ол білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары оқушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешелік белгілерін жоюға бағытталғаны белгілі. Сонымен қатар білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай мектеп формасының үлгісін, түсін регламенттейді. Алайда, бүгінде еліміздегі орта білім беру мекемелеріне қыз балалардың орамал тағып келуі мәселесі өзекті болуда. Осыған орай, теология ғылымдарының докторы, белгілі дінтанушы Балғабек Мырзаевпен әңгімелескен едік.
Балғабек Әбдіқайымұлы, еліміздегі білім беру мекемелерінде хиджаб киген қаракөздеріміздің саны анықталған ба? Бұл турасында Ата Заң не дейді? Қазіргі таңда республика мектептерінде оқитын қыз балалалардың саны 1 444 765 адамды құрайды. 1 қарашадағы мәліметтер бойынша осы санның ішіндегі хиджаб киюге қатысты көрсеткіш 2171 болған. Осыған дейінгі теологтардың мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде орамалын шешкен оқушылар да баршылық. Өкінішке қарай, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері сабақ кезінде хиджабын шешуге көнбей, мектепке бармай жүрген 193 фактінің тіркелгенін айтуда. Бұл ахуал негізінен еліміздің батыс өңірлерінде орын алған. Ал кейбір аймақтарда орамал таққандарға көз жұмып қарау фактілері бары жасырын емес.
Еліміздің негізгі заңы ар-ождан құқығын белгілейді, ол – рухани категориялар, ішкі әлем және наным. Мектептерде орамал тағу және діни киім кию – ар-ождан еркіндігіне жатпайтын сыртқы көріністер. Бұдан басқа, Конституцияның 22 бабы 2 тармағында ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс деп көрсетілген. Мұндай міндеттерге әрбір қоғамдық қарым-қатынас, оның ішінде білім беру саласында ішкі қағидаларды сақтау жатады.
Мектеп формасына қойылатын біріңғай талаптар – әрбір қазақстандық үшін орта білім беру мекемелерінде міндетті түрде орындауға жататын нормативтік қағида. Мемлекет жоғарыда айтылғандар мен оқушының ішкі жан дүниесін шектемейді, құқығын бұзбайды, сондай-ақ ата-аналардың сеніміне араласпайды. Тек қана білім беру саласында жалпыға ортақ қабылданған ішкі мінез-құлық қағидасын орындауға үндейді. Орта оқу орындарынан тысқары және сабақ аяқталғаннан кейін әркім өзінің қалайтын киімін киюге еркі бар.
Осы бағытта құзырлы органдар қандай шаралар атқаруда? Мектеп формасын міндеттейтін құжаттар орындалмаған жағдайда қандай әкімшілік шаралар қолданылады? Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен және теолог-ғалымдарды тарта отырып, арнайы орта білім беретін мектепте хиджаб киетін қыздардың ата-аналарымен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Бұдан бөлек, мектеп формасының талаптарын сақтауға қатысты мәселе тек орамалмен ғана шектеліп қалмағанына назар аударған жөн. Атап айтқанда, сабаққа қысқа юбка, қымбат бюжитериялар, бағалы әшекей заттар, шектен тыс сәнденіп, боянып, ашық-шашық келетін, жалпы бекітілген мектеп формасындағы талаптан тыс киінетін оқушыларға да шаралар қабылданатын болады.
Яғни, мемлекет тек хиджаб тағу мәселесімен ғана емес, жалпы оқушылардың әлеуметтік теңсіздігін жою бағытында жұмыс жүргізіп отыр. БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде тек хиджабпен күресіп жатқандай көрсету – мәселеге бір жақты қарап отырғандардың қитұртқы әрекеттері. Осыған хиджаб киетін қыздардың ата-аналарыны ерекше назар аударса деймін. «Білім туралы» Заңның 47-бабы 15-1-тармағында «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті» деп жазылған. 49-бабының 2-тармағында «Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер білім беру ұйымының жарғысында айқындалған қағидаларды орындауға міндетті» деп көрсетілген. Осы заңның 5-бабына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган «орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді» деп көрсетілген.
Оған қоса, 49-бапта айтылғандай, ата-аналар мен өзге де заңды өкілдердің, балалардың оқу орнына баруын қамтамасыз етуге, білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға, білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті. Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы, көріп отырғанымыздай, заң талаптарын ретке келтіру мақсатынан туындап отыр. Ата-аналарға және орамал тағатын немесе басқа да бұйрыққа қайшы келетін мектеп формасын киетін қыз балаларға осыларды түсіндіру жұмыстары барынша ашық жүргізілуде. Егер осы жұмыстар нәтиже бермесе, онда мектеп формасының талаптарын орындамаған қыздардың ата-аналарына айыппұл салу туралы заң нормаларын қолдану мәжбүрлігі туындайды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 409 бабына сәйкес ата-аналар балаларының мектеп формасын сақтау туралы талаптарын орындаудан бас тартқан жағдайда бірінші мәрте 10 АЕК мөлшерінде, қайталанған жағдайда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу қарастырылған.
Балғабек Әбдіқайымұлы, біздің елімізде діни білім беретін оқу орындары да бар емес пе? Бәлкім, орамалын шешкісі келмеген оқушы оқуын сонда жалғастырғаны жөн шығар?.. Әрине, мұны да балама нұсқа ретінде қарастыруға болады. Хиджабын шешпеймін деген қыздардың еліміздегі қыз балаларды қабылдайтын медресе-колледждерде білім алуына мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта қыздарға арналған Сарыағаш, Шымкент, Үшқоңыр медресе-колледждері жұмыс істейді. Сондай-ақ заңнаманың ешқандай нормасына қайшы келмейтіндей тәртіппен ақылы негізде мектеп мұғалімін үйіне шақырып жалғастыруға немесе жекеменшік мектептерде білім алуға болады.
Ал, жалпы алғанда Қазақстанда мемлекеттік білім беру және тәрбиелеу жүйесі зайырлы сипатқа ие және діни білім беру жүйесінен бөлінген. Сондықтан, мектепке хиджабпен келетін қыздардың ата-аналарына мемлекеттің, мектептің талаптарына құрметпен қарауын, мемлекеттің заңына бағыну қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беру керек.
Енді мынаны айтыңызшы, сол қыздарына орамал таққызған ата-аналар бұл талапты қайдан алды, мұндай қадамға неге барады? Әлде, исламда қыздардың білім алуы маңызды емес пе?
Ислам дінінде адамдар жынысына қарамастан жаратылысынан тең болғандықтан, әйел мен ер адамдарға білім алу бірдей парыз етілген. Қазіргі жаһанданған дүниеде, зайырлы білім сапасы тұрғысынан еліміз басқалармен терезесі тең болу мақсатын ұстанады. Сондықтан, орта мектепте оқитын кез келген оқушыны дін атрибуттарын желеу етіп, мемлекеттік мекемеде оқшаулануына, даралануына, ерекшеленуіне жол берілмейді. Мектеп жасына жеткен барлық балалар білім алуы шарт дейтін болсақ, мектеп киіміне қатысты жаңадан бекітілген талаптардан ешкім аттап кете алмайды.
Рас, кейбір бауырларымыздың мектептегі қыздардың орамал тағу мәселесіне байланысты ұстанымдары бір жақты болып келеді. Яғни Құран Кәрімдегі «Нұр» сүресінің 31-аятындағы Алланың қыз балаға орамал тағу керек дегенін негізгі дәлел етіп алға тартады. Әрине, әрбір мұсылман пенде орамалдың балиғат жасына толғандарға парыз, міндет екенін біледі. Оған иланады және кәміл сенеді. Сонымен қатар, оның балиғат жасына толғаннан кейін талап етілетініне назар аударады. Ислам діні балиғат жасына толмаған қыздың орамал тағуын талап етпейді. Шариғатымыз орамал тағудың түпкі мәні мен маңызын, үкімін түсінбейтін кішкентай бүлдіршіннің басына жаулық жабуды міндеттемейді. Ал қыз баланың балиғатқа толуын оның тек 9 жасқа келуімен шектеп қоюға болмайды. Ислам ғұламаларының пікірінше, жағдаятына байланысты қыз бала 12-13 жаста да немесе кейін де (14-15 жас) балиғатқа толуы мүмкін.
Әрбір мұсылман қыз бала орамалдың қадір-қасиетін терең түсініп, жауапкершілігін саналы түрде сезініп, Алланың әмірін өз еркімен орындауы – аса маңызды амал. Қасиетті Құранда Исламда зорлық жоқ екендігі баяндалған. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінді жаулық жабуға мәжбүрлеуден бұрын, оған ең әуелі білім мен тәрбие берген абзал. Бұл – ата-ананың басты міндеті. Өйткені, білім алу – Құрандағы ең алғашқы бұйрық. Сондықтан біз білім жолына кедергі болып жатқан мәселелерге келгенде қызымыздың білім алуына рұқсат беруіміз керек.
Балғабек Әбдіқайымұлы, сөз орайында исламдағы білімнің маңызы жөнінде айта кетсеңіз, әсіресе, әйелдердің білім алуына қатысты шариғат не дейді?Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы тұрғыда: «Аллаға жақындататын білім үйренбей өткізген күннің мен үшін ешқандай қайыры жоқ» деп айтқан хадисі білімнің қаншалықты маңыздылығын көрсетеді. Өйткені, білім адамзаттың мәртебесін көтеріп, кішіпейіл болуға ықпал етеді. Арам ой, пиғылдан арылтып, шындықты түсінуге, қолынан келгенше жақсылық жасауға шақырады. Алла тағала ғылыммен шұғылданып, үйренгендерін бойына сіңіре білетін ғалымдарды жоғары мәртебеге шығаратынын Құран Кәрімде былай баяндайды: «Алла тағала сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді».
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біздің білімге деген ынтамызды арттыру үшін былай деген: «Кім де кім білім үйренгісі келсе, Алла ол адамға жұмаққа баратын жолды жеңілдетеді. Періштелер оның әрекетін ұнатқандықтан, үстіне қанаттарын кереді. Аспан мен жердегі тіпті, судың ішіндегі балықтар да ғалымдар үшін Алладан кешірім тілейді. Ғалымның жай құлдардан артықшылығы, айдың өзге жұлдыздардан артықшылығына ұқсайды. Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары. Пайғамбарлар алтын мен күмісті мирасқа қалдырмайды, тек қана білімді мирас етіп қалдырады. Ол мирасты алған адам молшылыққа кенеледі».
Негізі адамның білімі артқан сайын Аллаға деген сенімі, құрмет, қорқынышы артады. Жалпы, білім алу – Исламның ең басты құндылығы. Сол себепті, Құранның ең алғашқы аяты «Оқы! Жаратқан Алланың атымен оқы!» деп түсті. Алланың бұл жерде «Оқы!» деп отырғаны қай кітап? Ол – екі кітап: бірі – Құран кітабы, екіншісі – физикалық және метафизикалық жаратылыс кітабы. Ал жаратылыс ілімінен хабары жоқ адам Құранды дұрыс түсіне алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, мектеп қабырғасында оқытылатын химия, математика, биология және тағы басқа пәндердің барлығы дүниенің құдіретін тануға жол ашады. Сондай-ақ, аспан мен жер жаратылысы, күн мен түннің алмасуы, күн мен айдың белгілі бір жүйеде қозғалуы, адамның жаратылуы сияқты Алланың бар екенін дәлелдейтін әрі терең ойлануға жетелейтін түрлі құбылыстар тек қана білім арқылы болады. Әл-Фараби, Ибн Сина, Ибн Хальдун, Идриси, әл-Бируни, әл-Хорезми, Ибн Батут, әл-Баттани, Джабир ибн Афләх, әр-Рази, әл-Ғазали сияқты көптеген ғалымдарымыздың білім жолына түсуіне жоғарыдағы аят-хадистер себеп болғаны анық. Сондықтан, мектеп жасындағы баланы имандылыққа баулып, оған білім үйрету – әрбір адамның азаматтық әрі мұсылмандық борышы. Діни һәм зайырлы білім – болашақтың кілті.