Қазақстан Республикасы Ата заңының абсолютті нормаларының бірі – зайырлылық. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден діни еркіндікті паш етіп, қабылдаған алғашқы заңдарымыздың бірі – ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы болатын. Аталмыш заңнамаға замана ағысына қарай бірнеше рет толықтырулар жасалды. Ал 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданды. Яғни, қазақ елі – зайырлы мемлекетті орнықтыру үшін іргелі қадамдар жасалынуда. Бүгінгі таңда зайырлылық туралы анықтамалар өте көп. Солардың бірнешеуін тізбектер болсақ: «барлық діндерге бейтарап қарайды», «діни басшылықтан тәуелсіз», «теологиялық қағидалар мен нормалардан азат» деген мағыналарды білдіреді. Дегенмен қоғам арасында «зайырлылық» ұғымын атейзммен теңестіретін адамдарда табылып жатады. Зайырлылық – «атейзм» немесе «дінді жоққа шығару емес», керісінше – адамның ар-ождан бостандығын діни сенім еркіндігіне кепілдік беруді білдіреді. Бұл анықтама «ар-ождан бостандығы», «төзімділік» және «толеранттылық» сияқты құқықтық, моральдық түсініктермен тығыз байланысты. Мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Қоғамның кез-келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни – адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі. Осы жүйені негізге алған елімізде дәл қазіргі уақытта 18 конфессия өкілдері бір аспанның астында ымырагершілікте өмір сүруде. Дегенмен тарихи және мәдени ерекшелігімізді ортаға қоя келе 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заң қабылданып, преамбуласында «сүнниттік Ханафи мазхабы мен христиандық православтардың тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алды».
Осы тұста мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін қандай үлгілер бар екенін танып білген жөн. Әлемдік тәжірибеде мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін бірнеше үлгілерін жаза кетсек: Теократиялық, клерикальдық, конкордаттық, атейстік, харизматикалық, лайцистік. Бірақ әлемде көптеген елдер зайырлы және теократиялы болып бөлінген. Теократиялы мемлекет – діннің мемлекетті басқаруы. Қазіргі таңда мұндай мемлекеттер – Сауд Арабия корольдігі, Иран, Ватикан т.б елдер. Ал соңғы екі ай көлемінде саясат сахнасына Ауғаныстан жеріндегі Қазақстан Республикасыда террористік ұйым ретінде танылған «Талибан жамағаты» тіркелді. Теократиялы мемлекеттің зайырлы мемлекеттен айырмашылығы қоғамдық қатынастар, сот жүйесі, басқа да заңдық нормалар тек Құран аяты мен сүннеттің шеңберінде қарастырылады. Барлық билеуші күш – діннің айналасында жүрген бірнеше адамның ғана қолында болады. Бірақ мұндай жүйенің қазіргі XXI ғасырға сәйкес келмейтінін Ауғаныстан жеріндегі соңғы оқиғалар дәлелдеуде. Мәселен БАҚ-тың мәліметінше Ауған жеріндегі 4,3 млн ға жуық бала мектепке бара алмай отыр. Оның 80-85% қыз балалар. Әйел азаматшалар дүкенге азық-түлік алуға, басқа да сол секілді тұрмыстық қажеттіліктері үшін көшеде емін-еркін жүріп-тұрудан қалды. Үстеріне міндетті түрде «бурка» деп аталатын киім киіп жүруі міндеттелді. Осыдан бірнеше ай бұрын Ауған елінің ұлттық дәстүрлі әншісі шариғат заңы бойынша өлтірілді. Себебі ән айту шариғатқа қайшы-мыш. Осындайда халқымыздың «жылы-жылы сөйлесең жылан інінен шығады, қатты-қатты сөйлесең – мұсылман дінінен шығады» деген нақыл сөзі еріксіз еске түседі екен. Себебі дін ислам – қаттылықты сүймейді, жұмсақтықты сүйсе керек-ті. Алла Елшісі Мұхаммед (с.а.с) хадис шәріпінде: «Ауырлатпаңдар оңайлатыңдар, қиындатпаңдар – жеңілдетіңдер» деген екен. Сайып келгенде айтарымыз қоғамның тұрақты дамуы үшін де азаматтарының діни ерікті болғаны да керек. Сол себепті кейбір жеке тұлғалар жоғарыда айтылған теократиялы мемлекеттерді арман етіп, «бізде де осындай шариғатпен басқарылатын мемлекет болса екен» деген ойдан аулақ болуға шақырамыз.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы Қ.Қосмаханов