Қазақстан Республикасы Конституциясында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсеткен. Осы баптағы «зайырлы» сөзі қазақ тіліне «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін «захири» сөзінен енген. Бұл дегеніміз мемлекеттің кез-келген салада ашық әрі айқын саясат ұстанатынын, соның ішінде, діни сенім және ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекеттің саясатына араласпайтынын білдіреді. Демек зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеуші емес, бұл заңдық-құқықтық негіздермен басқарылатын мемлекеттің басқару жүйесі. Зайырлылық пен атеизмнің айырмашылығына келер болсақ, шын мәнінде атеизм дінге үзілді-кесілді тыйым салады, ал зайырлылық дінді ұстану, ұстанбауда таңдау құқығын береді.
Жалпы Қазақстан үлгі етіп алған батыс қоғамында дін мен мемлекет, діндар мен діндар емес әлеуметтік топтар арасында ықпал мен күш тепе-теңдігін қамтамасыз еткен зайырлылық болды. Батыс әлеміндегі зайырлылық қоғамның әлеуметтік бейбіт өмірді, діндар емес адамдар мен әлеуметтік топтардың көбірек еркіндікті, мемлекеттің көбірек тәуелсіздікті қажетсінуінен туындағандығын ұмытпаған жөн.
Нәтижесінде батыстың кейбір елдерінде зайырлы, жартылай зайырлы, сөз жүзінде зайырлы, толыққанды діни немесе керісінше дінсіз елдерден құралған зайырлы басқару жүйелері кездеседі. Ал Қазақстанда болса, зайырлылық қағидаты ел дамуының, қоғам санасының жаңғыруының шарты болып табылады.
Зайырлылық қағидатына сәйкес Қазақстан азаматтары өзі қалаған кез-келген дінді тұтынуы оның конституциялық құқы болып табылады. Алайда дінді ұстанушы жекелеген тұлғалар, сондай-ақ діни бірлестіктердің іс-әрекеттері мемлекет заңдарына қайшы келмеуі тиіс. Егер діни бірлестіктер ел тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, кері әсерін тигізетін болса, онда олардың қызметі заңмен тоқтатылады. Мұндай тыйым салулар Қазақстан тәжірибесінде аз кездескен жоқ. Қазақстанда бірқатар террористік, экстремистік, оккульттік-мистикалық деп танылған құрылымдардың қызметіне тыйым салынған.
Зайырлы мемлекет қандай да бір дінге ресми мемлекеттік мәртебе бермейді және оған ешкімді міндеттемейді. Десек те, кейбір демократиялық елдерде мемлекет тарапынан халықтың басым бөлігі ұстанатын діндердің қоғамдағы маңызды орны ресми түрде айтылады. Осы тәжірибені ескере отырып, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында исламдағы Ханафи мазхабы және христиан дінінің православиелік бағытының қоғам өміріндегі маңызды орны, тарихи рөлі атап көрсетілген. Бірақ еліміз өз заңында Ханафи мазхабы мен православиенің маңызды орнын көрсеткенімен, өзінің зайырлылық бағытынан айныған жоқ. Бұл жерде аталған заңда Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерге құрмет білдірілетіні, діни толеранттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын сыйлаудың маңыздылығы, конфессияаралық келісімнің басты назарда болатыны да жазылған.
Қазақстан дамудың даңғыл жолына түскеннен кейін әлем халықтары бет алған зайырлылықты ту етіп ұстап келеді. Тәуелсіздік алғалы көп уақыт болмаса да, рухани салада бірнеше кезеңдерді бастан өткеріп, зайырлылық мәселесінде біраз тәжірибе жинақтап үлгерді. Әлем елдері зайырлылық принципінің қатып қалған қағида емес екенін баяғыда ұққан. Міне сол себептен де әр елдің зайырлылық принципі өзгелерден ерекше екенін байқауға болады. Бір елдің тарихи даму процесі өзгелерге ұқсамайды. Қазақстан да тарих бойында түрлі кезеңдерді бастан кешіріп, бүгінгі күні көпұлтты және көпконфессиялы мемлекетке айналды. Қазақстанның бүгінгі ұстанып отырған саясаты да, зайырлылық принципі де көпұлтты мемлекеттің біртұтастығын, халықтың ынтымақ бірлігін сақтауға бағытталған.
Әлемде қанша мемлекет зайырлылық принципін ұстанса да, ол басқа мемлекеттің ұстанымына ұқсамайды және ол ұқсауға міндетті емес. Зайырлылықтың негізгі қағидасы – діни сенімдері мен көзқарастары әр түрлі азаматтардың бейбіт қатар өмір сүруі болып табылады. Яғни зайырлы мемлекет рухани саладағы көптүрлі қарым-қатынастың құқықтық негіздерін қамтамасыз етеді. Ал бүгінгі Қазақстандағы зайырлылық ұстанымын діни сенім мен ар-ождан бостандығының, діни теңдік пен ұлтаралық келісімнің жарқын көрінісі деп айтуға болады.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы Б.Өтеген
Қазақстандағы зайырлылық әлем елдеріне үлгі
<
>