Қазақстан конфессияаралық келісім отаны
Қазақстан конфессияаралық келісім отаны
02.11.2022
849
0

         Әлем елдерінде ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, береке мен бірліктің арқасында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан елдердің саны аз екендігі баршаға мәлім. Соның ішінде, Қазақ елі 130-дан астам ұлыс пен 18 конфессия өкілдері бейбіт тыныштықта өмір сүріп келеді. Осы мәселеде Қазақстан бүгінде әлем елдеріне үлгі және өнеге болатындығы анық.    

Қазіргі таңда елімізде түрлі сенім өкілдері өмір сүреді, бұл этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылатындығы ақиқат.

         Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Ислам, христиандық және иудей діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы маңызы ерекше. Олар қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Еліміздің биік мінберлерінен айтылған осындай ойларды халыққа түсіндіріп, конфессияаралық келісім ісінде игі дәстүрлерге ие болғандығын паш етеді. Қазақстан көне заманнан бері саналуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болғандығын, ел аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороостризм, манихейлік, буддизм, христиандық және ислам сияқты әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүргенін, яғни толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің үлгісі болғандығын баяндайды.

         Қазақстанда тәуелсіздіктің екі онжылдығы барысында діни институттардың сан жағынан да, сапа жағынан да мәнді өсуі болды. Діни бірлестіктер саны ұлғайып, рухани дәстүрлер қайта өрлей бастады, жаңа ғибадатханалар салынуда – мешіттер, шіркеулер, ғибадат үйлері, синагогалар бой көтерді. Халықтың діндарлығының деңгейі өсті. Бұл үдерістер еліміздегі азаматтық бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайту, ар-ождан бостандығын, рухани жаңаруын қамтамасыз етуге бағытында жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесінде орын алды.

         Қазақстан тек ел ішіндегі татулық пен рухани жандануды қалыптастырумен ғана шектеліп қоймай, әрқашан да күллі әлемдік қауымдастықты ғаламдық деңгейдегі сындарлы үнқатысуға шақырып келеді. Осындай саясатқа ұласып отырған әлемдік маңызға ие бастама – Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу идеясы болып табылады. Бұл форум арқылы Қазақстан жер-жаһанның түрлі конфессиялары мен мәдениеттері өкілдерінің басын қосып, бейбітшілік пен өзара төзімділік қағидаларын насихаттайтындығын олараға өз ауыздарымен айтқызды.

         Осы орайда, дана халқымыз: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген нақыл сөз бар. Қазіргі жаһандану кезеңінде ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін барша қазақстандықтар үшін ортақ міндет – өзара ынтымақ пен бірлікті сақтау, дамыту мәселелері мейлінше өзекті болып отыр. Басқа мемлекеттерге көз салып қарасақ, түрлі арандатушылар мен діни қақтығыстардың болып жатқандығын аңғаруға болады. Бұл мәселенің басты назары ынтымақ пен бірліктің сақталмауынан болып жатқандығын көруге болады. Сол себепті этносаралық және конфессияаралық келісімде ынтымақ пен бірлікті сақтау әрбір қазақстан азаматы үшін міндет болып табылады.

         Қорыта айтқанда, қазақ елі әртүрлі дін өкілі мен әралуан мәдениеттің тоғысқан жері болып табылады. Әлемдік аренаға Қазақстан конфессияаралық қарым-қатынасты нығайтқан тәжірбиелі ел ретінде танылды. Бұның өзі үлкен еңбектің арқасы екендігі анық. Осындай бейбіт елде тыныштықпен өмір сүріп жатқан қаншама ұлт-өкілдерінің ризашылығын көруге болады. Сол себепті, осындай тыныштықта әрі конфессияаралық қарым-қатынасты жақсарту мақсатында әрбіріміз үлес қосуға тиіспіз.

 

Н.Әмзеев

«Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру»

бөлімінің маманы                                                                          

0 пікір