Отанды қорғау – ер жігіттің міндеті
Отанды қорғау – ер жігіттің міндеті
13.05.2022
2422
0

«Отан үшін отқа түс – күй­мейсің» деген екен Баукең, Бау­ыр­жан Момышұлы. Осы сөздің өзегіне бойласаң көп ақиқат ашы­лады. Отанды қорғау, ең алдымен, ер азаматтардың міндеті. «Қазақстан Республи­касын қорғау – оның әрбір аза­матының қасиетті парызы мен мін­деті» – деп Ата Заңда көрсе­тілген осы бір мағыналы ұғымды өскелең ұрпақ жастайынан бойы­на сіңіріп өсуі керек. Патриотизм – өз еңбегін, күш жігерін туған жері мен Отанын көркейтуге жұмсау деген ұғымды білдіреді.

Бүгінгі саналы ұрпақтың санасында «Отанға қалай қызмет етсем екен?» деген сауал жаңғырып тұрса игі.

«Отанды сүю – иманнан», –  деген аталы сөз бар. Иманды адам өз елінің нағыз патриоты бола алады. Отаншылдық сезім Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен басталады. Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю. Өз ұлтын, елі мен жерін сүйіп, оның дамуына қызмет етіп, жанашырлық танытқан жан ғана отаншыл бола алады. Отаншылдық сана халықтың өз ана тілін, ділін, дінін берік сақтауымен және оны мақтан тұтуымен өлшенеді.

Пайғамбар (с.а.с.) хадис-шарифінде Мәдинаға хижрат жасаған уақытында Хазрауа деген жерге жеткенде, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: «Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер болмас. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке ажырамас едім», – деген еді.

Бұл пайғамбардың (с.а.с.) туған жерге, оның әрбір өзен, көл, тау, тасына деген ыстық махаббаты мен зор сүйіспеншілігін байқатады. Дәстүрлі Ислам дінінде мұсылман баласының өз Отанын, отбасын, ар-намысын, мал-мүлкін қорғау қасиетті амалдардың қатарына жатады. Тағы бір хадисте Отанды қорғап, шекара күзеткен адамның Алла алдындағы дәрежесі артатыны баяндалған.

Ислам – тек құлшылықтардан ғана құралған дін емес. Ислам Отанды қорғап, елді сүюге, бейбіт, ізгі қоғам құруға үндейді. Отаншыл адам сөзімен ғана емес, ісімен де үлгі-өнеге болуы тиіс. Осы ретте Әйтеке би бабамыздың: «Өмірім – халықтікі...» деген нақыл сөзінің тәрбиелік мәні зор. Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар тіпті шейіт саналады.

Әйгілі ойшылдардың бірі Эпиктеттің: «Сенің туған жерге жасаған ең үлкен жақсылығың – оның ғимараттарын биіктетуің емес, азаматтарының ақыл-ойын өсіруің. Биік ғимараттарда аласа ойлы адамдар өмір сүргенше, аласа ғимараттарда ойы биік, парасаты жоғары адамдардың тұрғаны артық» деген сөзі де осы шындықты меңзеуде. Ұлт жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының тілімен айтқанда «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықсын?!». Демек, отанға деген сүйіспеншілік ел игіліне жасаған жақсылықтармен өлшенбек. 

Туған елге деген құрмет үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру, сондай-ақ мәдениеттілікке бет бұрумен де қалыптасады. Хадисте «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген бізден емес» делінген. Демек, ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды, жасы үлкен аға, әпкелерді құрмет тұту, қарындасты қарындас, ініні іні деп сыйлай білудің де елді құрметтеуге жататынын ұққан жөн.

Туған өлке, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Ең аяғы, аң-құс та бір өңірді мекендеп, басқа аймақтарды жерсінбейді. Не нәрсені де саудалау сәнге айналған бір жылдары араб жұртынан келген қонақтар қазақ даласының қырандарын сатып әкеткені бар.
Қырандардың аяғына сақина кигізіп, әлпештеп, аялап-ақ ұстайды. Бір қызығы, сол биіктік сақшылары бір күні ізім-қайым жоғалыпты. Сөйтсе, олар өздерінің бауыр басқан мекені, ата жұрты, жалғыз Отаны – қазақ даласына қайта оралған екен. Бұл олардың асып бара жатқан ақылдылығынан емес, туған өлкесіне деген жүректегі сағынышы мен махаббатынан туындаған.
Біздің де сонау дәуірлерден бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақ жері. Осынау алып қазақ сахарасын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю әр қазақтың міндеті және азаматтық борышы. Өйткені қазақтың Қазақиядан басқа Отаны жоқ.

Отан деген тек туып өскен жерің ғана емес, ол – күнделікті отбасы, ошақ қасың, ауасын жұтып, суын ішіп, байлығын игілігіңе жаратып отырған кең-байтақ жерің, қазыналы қариясы мен ақ жаулықты анасы бар алтын бесігің, тай-құлындай бірге өскен құрбы-құрдастан құралған ыстық ауылың, қадірлі ата-ана, сүйікті жар, сүйкімді балаң жүрген туған елің. Қойнауы қазынаға, өрісі малға толы ырысты атамекен, «атамыз күйеу, анамыз келін болған жер». Міне, осы туған ел мен жерге еге болу, амандығын тілеу, ұрпақтың болашағына жауаппен қарау, ел тыныштығымен қатар рухани бірлікті сақтау – әрбір ер азаматтың парызы.

Қорыта келе Отанды, елді қорғағанда, атақ алу үшін, абыройға кенелу үшін емес, ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, Отансыздықтың азабын тартпасын деп қорғау керек. Жер бетінде Отансыз ұлттар қаншама?! Оларды дәл біздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отырған елдер некен-саяқ. Жергілікті ұлттың ызғарына тоңып, қаһарына ұшырап отырғандары және бар. Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарап жәутеңдемесін, қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап, ақылды ұрпақ тәрбиелеу – мүлт кетпес парызымыз. Осы орайда халықты сүйем деп байбалам салмай, оған жан жүрегімен де ғашық бола білу керек.

 

Д. Аманов

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                                                 

0 пікір