Мемлекеттің зайырлылық қағидаттары
Мемлекеттің зайырлылық қағидаттары
23.07.2021
845
0

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларда, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, діннің мемлекет саясатына араласпайтынын білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев: «Зайырлы мемлекет пен қоғам бұл – біздің тарихи таңдауымыз. Зайырлы атеистік дегенді білдірмейді. Зайырлы дегеніміз бұл – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, кез келген экстремизм түрін үзілді-кесілді мойындамаймыз» деп атап көрсетті

Қазақстан Республикасы Конституциясында «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп көрсеткен. Осы баптағы «зайырлы» сөзі қазақ тіліне «ашық», «айқын», «сыртқы» деген мағыналарды білдіретін «захири» сөзінен  енген. Зайырлылық пен атеизмнің айырмашылығына келер болсақ, шын мәнінде атеизм дінге үзілді-кесілді тыйым салады, ал зайырлылық дінді ұстану, ұстанбауда таңдау құқығын береді. 

Жалпы Қазақстан үлгі етіп алған батыс қоғамында дін мен мемлекет, діндар мен діндар емес әлеуметтік топтар арасында ықпал мен күш тепе-теңдігін қамтамасыз еткен зайырлылық болды. Батыс әлеміндегі зайырлылық қоғамның әлеуметтік бейбіт өмірді, діндар емес адамдар мен әлеуметтік топтардың көбірек еркіндікті, мемлекеттің көбірек тәуелсіздікті қажетсінуінен туындағандығын ұмытпаған жөн.

Нәтижесінде батыстың кейбір елдерінде зайырлы, жартылай зайырлы, сөз жүзінде зайырлы, толыққанды діни немесе керісінше дінсіз елдерден құралған зайырлы басқару жүйелері кездеседі. Ал Қазақстанда болса, зайырлылық қағидаты ел дамуының, қоғам санасының жаңғыруының шарты болып табылады.

Зайырлылық қағидатына сәйкес Қазақстан азаматтары өзі қалаған кез-келген дінді тұтынуы оның конституциялық құқы болып табылады. Алайда дінді ұстанушы жекелеген тұлғалар, сондай-ақ діни бірлестіктердің іс-әрекеттері мемлекет заңдарына қайшы келмеуі тиіс. Егер діни бірлестіктер ел тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, кері әсерін тигізетін болса, онда олардың қызметі заңмен тоқтатылады. Мұндай тыйым салулар Қазақстан тәжірибесінде аз кездескен жоқ. Қазақстанда бірқатар террористік, экстремистік, оккульттік-мистикалық деп танылған құрылымдардың қызметіне тыйым салынған.

Зайырлы мемлекет қандай да бір дінге ресми мемлекеттік мәртебе бермейді және оған ешкімді міндеттемейді. Десек те, кейбір демократиялық елдерде мемлекет тарапынан халықтың басым бөлігі ұстанатын діндердің қоғамдағы маңызды орны ресми түрде айтылады. Осы тәжірибені ескере отырып, Қазақстан Республикасының  «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында исламдағы Ханафи мазхабы және христиан дінінің православиелік бағытының қоғам өміріндегі маңызды орны, тарихи рөлі атап көрсетілген. Бірақ еліміз өз заңында Ханафи мазхабы мен православиенің маңызды орнын көрсеткенімен, өзінің зайырлылық бағытынан айныған жоқ. Бұл жерде аталған заңда Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерге құрмет білдірілетіні, діни толеранттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын сыйлаудың маңыздылығы, конфессияаралық келісімнің басты назарда болатыны да жазылған.

Бүгінгі зайырлы Қазақстан – көптеген ұлттар мен діндердің тыныштық пен түсіністікте өмір сүруінің нақты көрінісі. Зайырлы мемлекет зайырлы қоғамның басты құндылығы болатыны Ебасы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы мен «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» атты жолдауларында белгіленген. Шын мәнінде, зайырлылық – Қазақстанның табысқа жетуінің, инновациялық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың шарты.

Жоғарыда аталған ережелердің барлығы қазақстандық заңнамада тіркелген және зайырлылық ұстанымдарын іске асыруда әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып жасақталған. Жалпыға ортақ  осы ұстанымдар мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қатынасын реттеп, қазақстандық зайырлылықтың заманауи үлгісін қалыптастыруда. Зайырлы қоғамда діндар азаматтар мен діни бірлестіктердің қолданыстағы заңнамаларды бұзса, өзге азаматтарға, ұйымдар мен жалпы қоғамның заңды мүдделеріне нұқсан келтірсе мемлекет құқықтық шараларды қолдануға мәжбүр болады. Еліміздің тарихи ерекшеліктері, ұлттық, конфессиялық құрамы, сондай-ақ билік пен этникалық топтардың, діни конфессиялардың өзара ықпалдасуы мен байланысы зайырлылыққа әсер етеді .

Әрине, мемлекеттің ең басты басымдығы – зайырлылық қорғалуы қажет, бұл атеизмге бейілділікті яки діндарлықпен күресу дегенді білдірмейді. Мемлекет діндарларды да Қазақстан Республикасының толық құқылы азаматы деп санайды, ал діни бірлестіктер мен сенім иелерін маңызды әлеуметтік қайраткер деп танып, олардың қоғамға пайдалы – қайырымдылық, мәдени-ағартушылық, гуманитарлық – әрекеттеріне қолдау жасайды.

Оған қоса, мемлекет діни бірлестіктердің де әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуын қарастырады: оларды маскүнемдік пен нашақорлықтың, қылмыстың алдын алуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, отбасы институтының нығаюына, әлеуметтік тұрақтылық шарттарының мен жоғарғы деңгейдегі руханият пен адами ахуалдың дұрыс қалыптасуына жәрдемші деп таниды.

Мемлекет ел ішіндегі діни бірлестіктермен ортақ келісім, өзара түсіністік, толеранттылық пен сыйластық негізінде әрекеттеседі.

Сонымен қоса, мемлекет пен діни құрылымдардың қоғамның әртүрлі салаларында жеке тұлғалардың тепе-теңдігін қамтамасыз етуі – зайырлы Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Егер заңда басқаша қарастырылмаса, жеке тұлғалар сенім бостандығын желеу етіп мемлекет алдындағы азаматтық міндеттерін атқарудан бас тарта алмайды.

 

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

бөлім басшысы                     Қ.Салықбаев

0 пікір