Кеңес дәуірі ыдырағаннан кейін Қазақстан халқының дінге деген қызығушылығы арта түсті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанконфессия аралық келісім мен діни теңқұқылық саясатын дәйекті жүргізіп келеді. Осы саясаттың арқасында Қазақстан мемлекеті ешқашан діни негізде қақтығыстар болмаған елдер қатарына кіреді.
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев конфессиялық келісімнің Қазақстандық үлгісінің ортақ шешімін тапты: бір жағынан, кеңестік атеизм жолымен жүрмеу, екінші жағынан – діни фанатизмге ұрынбау позициясын таңдады: «екі шектеу – діни фанатизмнен және абсолютті атеизмнен сақ болу бірдей маңызды» еді.
1992 жылы Қазақстанда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды, ол бүкіл ТМД кеңістігіндегі ең либералды заңдардың бірі ретінде танылды. Сонымен қатар Қазақстан Тұңғыш Президентінің бастамасымен 1992 жылы І дүниежүзілік Рухани келісім конгресін өткізетін орынға айналды.
2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңы өзара міндеттемелер негізінде елдегі дін саласын ретке келтірді. Елімізде қызмет жасап жүрген шетелдік діни бірлестіктер қайта тіркеуден өтті. Қазақстанның Дінтанушылар конгресі белсенді жұмыс істеуге кірісті. 2014 жылы ҚР Дін істері агенттігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ), Республиканың православие шіркеуі арасында қоғамдағы келісім мен толеранттылықты сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Бұл қадам мемлекет пен діни ұйымдардың бірлескен жұмысы мен әріптестігінің бірегей тәжірибесі болды.
Мемлекеттік Конституция мен заңдар негізі еліміздің әр-бір азаматын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді. Ата заңымызда конфессиялық, этникалық, нәсілдік, әлеуметтік белгілері бойынша кемсітудің кез-келген нысандарына тыйым салынған. Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық шартқа қосылды. Қазақстанда – зайырлық бар, конфессиялық келісім бар, заң бар, дәстүр өзегі бар, рухани құндылықтар сақталады, ал ланкестік әрекеттерге, кез-келген азаматтың діни сенім бостандығын қорлауға, кемсітуге жол берілмейді. Сонымен қатар, діни мазмұндағы іс-шаралар мемлекет заңдарына қайшы келіп, азаматтық құқықтарды бұзып жатса, мемлекет бейтарап қарап тұрмайды. Конфессиялық саясатта Қазақстан төзімділік қағидаттары туралы декларацияны ұстана отырып, діни толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүрудің жақтаушысы болып табылады.
Қазақстан – дінаралық диалог орталығына айналды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы бастамасымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері ұйымдастырылды. Бір кездері, қазіргі әлемнің ықпалды саяси көшбасшылары Кофи Аннан, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер және т.б. бұл съездерге өте жоғары баға берді. Осы форумдарға әлемнің ірі конфессияларының басшылары, танымал саясаткерлер, халықаралық діни ұйымдардың өкілдері қатысты. Қазақстанда съездерді өткізу, оның әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде мәдениеттер мен өркениеттер диалогын дамытуға қосқан нақты үлесі болды.
Конфессиялық келісімде өмір сүрудің қазақстандық тәжірибесі жаһандық деңгейде сұранысқа ие болды. Қазақстан астанасы діни лидерлердің кездесу орны мен диалог алаңына және бүкіл әлемнің рухани-конфессиялық орталығына айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізудің үлкен тарихи маңызы бар. Осы форумдарды өткізу республиканың өзінде конфессияаралық келісімді нығайтуға оң ықпалын берді.
Қорытындылай келе, берекеміз тасып, бірлігіміз артып нығая түссін десек, біз халқымыздың бүгінгі таңда елімізде қалыптасқан конфессияаралық келісімді сақтап, халықтың діни сауаттылығын көтеріп, оны күшейтіп нығайтуымыз керек. Дегенмен, бүгінде діни сауатымызды, дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту және рухани тәрбие шаралары аясында толерантты мінезді дамыту қазіргі қоғам үшін аса өзекті.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы А.Дүйсен
Конфессиялық келісімнің Қазақстандық үлгісі