Көптеген діни конфессиялардан құралған біздің қоғамымызда діни түсіністік пен келісім мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі, өндіруші күш болып табылатын халықты ұйымдастыру құдіреті, мемлекетіміздің халықаралық қатынастардағы салмағы және еліміздің болашағы мен баяндылығына тікелей әсер ететіні ақиқат. Мемлекет ешқашан дінсіз өмір сүрген емес, мемлекеттің дінмен бірге өмір сүретіні, мемлекет пен діннің арақатынаста болуы, сонымен қатар, мемлекет өз аумағында дінге қатысты заңдық күші бар заңнамалық-құжаттары мен заңды қабылдап, оны іс-жүзіне асыратыны белгілі.
Өткен уақыттарда адамдардың діни қатыстылығы қоғамдық өмірдің маңызды факторы болды, бұл қазіргі әлемде де солай қалып отыр. Конфессиялар мен этностық топтардың алуан түрлілігіне тән қоғамдастықтардың тұрақтылығы конфессияаралық қатынастарға байланысты. Конфессиялар арасындағы келісім – бейбітшілікті сақтау үшін және олардың жайлы өмір сүруіне қажетті шарт.
Қазіргі кезеңде Қазақстан дамуындағы ерекшеліктер сипатының бірі – қоғам өміріндегі дін рөлінің ұдайы артуы болып табылады. Оның беделі мен мәртебесі өсіп, әлеуметтік қызметтері кеңейгендіктен, сенушілер мен діни ұйымдардың саны да арту үстінде.
Конфессияаралық келісімді орнату, бейбітшілік пен өзара төзімділік құндылықтарын насихаттау арқылы Қазақстан әлемдік саясатта жоғары құрмет пен беделге ие болды. Жаһандық алаңда көптеген елдердің сенімді әріптесіне айналды.
Еліміздің мемлекеттік саясаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген қағидаттарды басшылыққа алады. Сонымен бірге, елдегі қалыптасқан мемлекеттік-конфессиялық қатынастар барлық конфессиялар мен діни топтардың тең құқықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің арасындағы сындарлы үнқатысу көпірін құру қадамы осы мақсаттың жүйелі жүзеге асырылуын айқын көрсетіп отыр.
Бүгінгі таңда мемлекеттің дін саласындағы саясаты дінаралық келісімді сақтауды, діндердің үнқатысуына серпін беру және қоғамдағы өзара діни төзімділікті насихаттауды көздейді.
Конфессияаралық келісім – Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адамгершілік құндылық болып табылады. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық үнқатысу алаңына айналуы – жаһандық үнқатысуға бағытталған тиімді мемлекеттік саясаттың нәтижесі.
Толеранттылық пен діни тағаттылық – конфессияаралық келісімді орнату қағидаттарының басты тетігі. Еліміз үшін төзімділік қағидаттары саяси мәдениеттің бағыттары ғана емес, мәдениетті қолдап-қуаттайтын мемлекеттің негізгі ұстанымдары болмақ.
Мемлекеттің дінге қатысты ұстанымын ең алдымен оның заңдарынан көруге болады. Елімізде діни ахуалды реттейтін Қазақстан Республикасының 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының преамбуласында Ханафи бағытындағы Исламның және православтық Христиандықтың халық мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлі танылатындығы атап көрсетілген. Бұл – Ислам дінінің қазақ мемлекеттілігінің және халықтың рухани-мәдени құндылықтарының қалыптасуына негіз болғандығын, сондай-ақ соңғы үш ғасырлық тарихы қазақ елімен ортақ, әрі көптеген этностардың дәстүрлі діні саналатын православиелік христиандықтың Қазақстан халқының өміріндегі рухани-мәдени маңызын айғақтайды. Сонымен қатар, бұл заң Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.
Қазақстанның дін саласындағы саясаты – конфессияаралық келісімнің, діни ахуалдың тұрақтылығының кепілі. Ел аумағындағы барлық діндердің теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттілік қағидаты мен дінаралық татулық санасын қалыптастыру мәселесі мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте маңызды. Сондықтан мемлекеттің дін саласындағы саясаты елдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тек дәстүрлі діндердің ғана емес, барлық діндердің арасында өзара келісімге негізделген қарым-қатынастардың сақталуын басты мақсат деп біледі.
Кез келген демократиялық мемлекет бір жағынан діни наным-сенімді таңдау еркіндігіне кепіл болу керек. Екінші жағынан, мемлекет діни ұйымдардың келеңсіз қызметтерінен өз азаматтары мен қоғамды қорғауға міндетті.
Конфессияның конструктивті диалогы елдегі бейбітшілік сақтау мен тұрақтылыққа жетудің маңызды жолдарының бірі болып табылады.
Дін мемлекеттің ісіне, мемлекет діннің және діни ұйымдардың, ондағы дінді ұстану еркіндігі ісіне араласпайды. Сонымен қатар мемлекет азамат өмірінде болып жатқан діни өзгерістерге де араласпау тиіс. Бірақ рухани қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тұрақтылықты қолдау мақсатында жағдайға қатынасын реттеп отыруға міндетті.
Қазақстан халқының күрделі конфессиялық құрамы этнократтық және исламдық мемлекеттердің құрылу ойын жоққа шығарады. Біздің республикадағы белгілі бір дін құндылықтарының жоғарылауы азаматтық қоғамда ымырасыз топтың ыдырауына әкелер еді. Сондықтан Қазақстандағы демократиялық және азаматтық қоғамның құрылуы дінаралық диалог пен келісімді талап етеді.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын
ұйымдастыру және үйлестіру бөлімінің маманы Б.Өтеген
Конфессияаралық қатынастардың ерекшеліктері