Конфессияаралық қарым-қатынас
Конфессияаралық қарым-қатынас
08.11.2021
888
0

         Еліміз осындай ұлаңғайыр аумақты иеленіп әрі 130-дан астам ұлыс пен 18 конфессия өкілдері бейбіт тыныштықта өмір сүріп келеді. Бұл шындығында конфессияаралық қарым-қатынастың нығайғанының белгісі. Қазіргі уақытта елімізде түрлі сенім өкілдері өмір сүреді, бұл этносаралық және конфессияаралық келсімді қолдау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.

         Қазақстан қоғамының рухани тұрғыдан жаңаруында дәстүрлі діндер маңызды рөл атқарады. Ислам, христиандық және иудей діндерінің жалпы адамзаттық және гуманистік құндылықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісім мен татулықты орнықтырудағы маңызы ерекше. Олар қоғамымызда достықты, өзара құрмет пен түсінісушілікті нығайтуға қызмет етеді. Еліміздің биік мінберлерінен айтылған осындай ойларды халыққа түсіндіріп, конфессиялық келісім ісінде игі дәстүрлерге ие болғандығын паш етеді. Қазақстан көне заманнан бері саналуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болғандығын, ел аумағында бірнеше ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороостризм, манихейлік, буддизм, христиандық және ислам сияқты әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүргенін, яғни толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің үлгісі болғандығын баяндайды.

         Қазақстанда тәуелсіздіктің екі онжылдығы барысында діни институттардың сан жағынан да, сапа жағынан да мәнді өсуі болды. Діни бірлестіктер саны ұлғайып, рухани дәстүрлер қайта өрлей бастады, жаңа ғибадатханалар салынуда – мешіттер, шіркеулер, ғибадат үйлері, синагогалар салынды. Халықтың діндарлығының деңгейі өсті. Бұл үдерістер еліміздегі азаматтық бейбітшілік пен ұлтаралық келісімді сақтау мен нығайту, ар-ождан бостандығын, рухани жаңаруын қамтамасыз етуге бағытталған жүргізіліп жатқан саясаттың нәтижесінде орын алды.

         Осындай жетістіктерге арқау болып отырған Елбасының мәдениетаралық және дінаралық үнқатысуды дамыту мақсатында іске асырған бастамаларының алғашқыларының бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы еді. Еліміздегі барлық ұлт өкілдеріне өз тілін, дінін мәдениетін өркендетуге мүмкіндік беру саясаты қоғамдық келісім мен бейбітшілік қалыптастыруға арқау болғаны даусыз. Шет елдерде теңдесі жоқ мұндай иститут қызметінде, тіпті әлемдік өркениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың мәселелерін шешуде қолдануға болатын мол тәжірибе жатыр. Ең маңыздызы, Қазақстан тек ел ішіндегі татулық пен рухани жандануды қалыптастырумен ғана шектеліп қоймай, әрқашан да күллі әлемдік қауымдастықты ғаламдық деңгейдегі сындарлы үнқатысуға шақырып келеді. Осындай саясатқа ұласып отырған әлемдік маңызға ие бастама – Нұр-сұлтанда  Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сеьзін өткізу идеясы болып табылады. Бұл форум арқылы Қазақстан жер-жаһанның түрлі конфессиялары мен мәдениеттері өкілдерінің басын қосып, бейбітшілік пен өзара төзімділік қағидаларын насихаттайтындығын олараға өз ауыздарымен айтқызды.

         Қорыта айтқанда, қазақ елінде әртүрлі дінмен әралуан мәдениеттің тағдыры тоғысқан жер болды. Әлемдік аренаға Қазақстан конфессияаралық қарым-қатынасты нығайтқан тәжірбиелі ел ретінде танылды. Бұның өзі үлкен еңбектің арқасы екендігі анық. Осындай бейбіт елде тыныштықпен өмір сүріп жатқан қаншама ұлт-өкілдерінің ризашылығын көруге болады. Сол себепті, осындай тыныштықта әрі конфессияаралық қарым-қатынасты жақсарту мақсатында әрбіріміз үлес қосуға тиіспіз.

  

 Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ 

теолог маманы    Н.Әмзеев

0 пікір