Конфессияаралық келісім – ел бірлігінің негізі
Конфессияаралық келісім – ел бірлігінің негізі
11.06.2021
710
0

Ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсап келген, тәуелсіздігімізге биыл – 30 жыл. Осынау ширек ғасыр мөлшерінде мемлекетіміздің бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Еліміздің ең үлкен жеткен жетістігі – ел азаматтары арасында ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің нығаюы, халқымыздың бірлігі. Тұғыры биік, тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеп дамуы, халқымыздың бірлігі арқасында екені мәлім. Әлемде ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, береке-бірліктің маңыздылығын танытып келе жатқан мемлекеттер саусақпен санарлықтай болса, соның ішінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың, 18 конфессия өкілдерінің тату-тәтті, бейбіт, шад-шадман өмір сүріп жатқан Қазақстан бүгінде әлем елдеріне үлгі өнеге деп айтсақ артық болмас. 

  Конфессияаралық келісім – егеменді еліміз Қазақстан халқы үшін қастерлі де, қасиетті ұғым. Қазіргі уақытта еліміздегі конфессиялар – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, Қазақстан Республикасындағы Митрополит округі, Қазақстандағы Рим-Католиктік шіркеуі, Қазақстандағы Иудаизм, Қазақстандағы Буддизм, Христиандық бағыттағы түрлі діни ұйымдар бейбітшілік пен келісімді және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде. Қандай да бір мемлекеттің саяси аренада беделінің артуы, экономикалық-әлеуметтік салаларының жақсаруына және тұрақты дамуына, қоғамдағы ішкі тұрақтылықтың маңызы зор. Еліміздің мемлекеттік саясаты азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген қағидаттарды басшылыққа алады. Сонымен бірге, елдегі қалыптасқан мемлекеттік-конфессиялық қатынастар барлық конфессиялар мен діни топтардың тең құқықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Конфессияаралық келісімнің басты мақсаты – еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Елдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тек дәстүрлі діндердің ғана емес, барлық діндердің арасында өзара түсіністікке, келісімге, бейбітшілікке негізделген қарым-қатынастардың маңызы орасан зор. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық көрсету, толерантты болу адами құндылықтардың шыңы болып табылады. Еліміздің осы сала бойынша жеткен жетістігі жетерлік. Мемлекетіміз әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық алмасулардың алаңына айналғандай.

Қазақстанда уақыт өлшемінен өткен этникаралық және дінаралық келісім үлгісі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Біздің еліміздегі түрлі конфессиялар арасында орнаған өзара әрекет тәжірибесін халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестер, соның ішінде БҰҰ, ЮНЕСКО мен ЕҚЫҰ зерттеуде. Халықаралық аренада Қазақстан бейбітшілік аумағы, мәдениеттер мен діндердің диалогы мен жақындасуының алаңы ретінде қабылданады.

Елімізде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерінің тұрақты түрде өтуі, әлемдік деңгейдегі маңызы бар іс-шаралардың бірі болып табылады. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әрбір үш жыл сайын өтетін әлемдегі ауқымды шаралардың біріне айналды. Дәстүрлі діндер көшбасшыларының арасындағы сенім мен түсіністік, халықаралық ынтымақтастық бұл съездердің негізгі мақсаты. Осындай Елбасымыздың идеясын әлемдік аренада ойып тұрып орын алатын саясаткерлер Кофи Аннан, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Цзянь Цземинь, Нельсон Манделла, Жискар д'Эстен, т.б. қолдаған болатын.

Елорда төрінде өткізілетін алқалы жиындарда дүние жүзіндегі діндер мен мәдениеттердің қақтығыстардың алдын алу, діндерді жаман атты қылып, халықаралық терроризм мен экстремизм мақсатында пайдаланушыларға қарсы жауап ретінде және діндер арасындағы татулықты насихаттап, әлем халықтарының бірлігін басты мақсаты деп біледі. Осы секілді әлемдік іс-шаралардың нәтижесінде заманның сын-қатерлеріне төтеп беріп, діни жанжалдардың алдын алуға болады. Сонымен қатар, 20 жыл бұрын мұсылман имамдары, еврейлердің раввині, христиандардың дінбасылары бір үстел басында отырмақ түгілі, бір ғимараттың ішінде бір уақытта кездестірудің өзі қызық көрінетін. Кездейсоқтық болмаса, түрлі дін өкілдері әдейі бір жерге жинала қоймайтын. Ал, Қазақстанда қазір православ шіркеуі мен мешіттер қатар тұрғызылып, сән-салтанат құруда. Осылайша, қазіргі таңда конфессия жетекшілері жұмған жұдырықтай жұмылып, еліміздің бірлігіне қызмет етуде.

Бүгінгі күнге дейін елімізде 6 съезд болып өтті. 2003 жылдан бастауын алған бұл үрдіс 2018 жылға дейін дәстүрлі түрде өткізіліп келді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезін 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Алайда, әлемде COVID-19 дертінің таралуына байланысты, уақыты шегеріліп, 2022 жылға ауыстырылды.

Қорытындылай келе еліміз халықаралық аренада басқа мемлекеттерге үлгі бола алатындай еңселі де, мазмұнды істерді атқарып келеді. Сондықтан да конфессияаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етудің керемет үлгісін көрсете алды. Қазақстанның жеткен ең шоғыры биік жетісітігі еліміздегі тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі. Ұлтаралық келісім мен этносаралық қатынастарды дамытып, сонымен қатар өскелең жас ұрпақтың Қазақстандық патриотизмнің жаңа рухында және отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы зор екендігін жадымыздан шығармауымыз тиіс.

 

«Әдістемелік қамтамасыз ету»

бөлімі басшысы м.у.а.                                                А.Тағай

0 пікір