Әрбір адамның өз Отаны, өз туған жері, елі болады. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екендігіне киелі көк туымыз дәлел. Көк ту бұл қазақ елінің айнасы секілді. Сондықтан да біздің туымыз қастерлі, қасиетті болып табылады. Тәуелсіздік символы болған көк туымыз – ұлттық мақтанышымыз. Ұлттың ұлт екенін, мемлекеттің бар екенін, қазақтың дархан даласындай пейілі мен көңілін білдіретін элемент.
Отанға деген сүйіспеншілік мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады. Елбасы Н.Назарбаев «Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет Қазақстан халқының күш-жігері мен қадір-қасиетінің, біздің патриоттығымыз бен биік адамгершілігіміздің белгісін білдіреді. Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленіп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүниежүзі білетін Республика Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ардақтап, құрметтеуге тиіспіз» деген еді. Патриот болу, Отанға деген адалдық, құрмет – жалпы әр азаматтың бойынан анық көрінеді. Шүкіршілік, бойында намыс оты ұшқындаған, елім дегенде жүрегі елжірейтін жастарымыз баршылық.
Қазақ тәуелсіздігінің нышаны болған көк тудағы әрбір түс белгілі бір ұғымды танытады. Мәселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер аспанды Тәңірге балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның Мемлекеттік туында ол ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді.
Геральдика қағидаттарына сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуатты бейнелейді. Сондықтан еліміздің туындағы күн шапағы дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген. Қазақстанның мемлекеттік атрибутикасында күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды.
Қыран (бүркіт) бейнесі – көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларында ерте кезден бері қолданылып келе жатқан басты геральдикалық атрибуттардың бірі. Бұл бейне әдетте биліктің, қырағылық пен мәрттіктің символы ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысын көрсетеді.
Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен ұзына бойына кескінделген ұлттық өрнектер – оның маңызды элементі. Қазақ ою-өрнектері – дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түрлі формалар мен желілер үйлесімін танытатын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.
Рәміздерді сөз еткенде «ұлттық» сөзі ойға оралады. Ұлттық рух, ұлттық болмыс, ұлттық сана… Қай рәмізді алсақ та, ұлттық нақыштан аспаған. Тудың түсі, қалықтаған қыран бейнесі, жарқыраған күн мен одан сәуледей таралған отыз екі шуақ, тігінен салынған ою-өрнек, бәрі-бәрі бір-бірімен астасқанда ұлттық көрінісімізден бірден хабар береді.
Әнұранды әспеттеу, Туды тұғырлы ету – әрбір азаматқа сын болмақ. Елдігімізді таныту, абыройды асқақтату – қастерлі құндылықтарды қорғай білумен өлшенбек.
«Көк Тудың желбірегені, Жаныма қуат береді»... Ел ішінде тарап кеткен бұл рухты әнді көпшілік жатқа айтып жүр. Жастарымыз күнделікті тұрмыста құндылықтарымызды насихаттап тұр. Бұл – қуантарлық дүние.
Дегенмен, ойланатын мәселелер де бар. Туымызға, Әнұранға құрметсіздік таныту, Рәміздерді мойындамау сынды келеңсіз жағдаяттар да, елімізде қызмет етіп жатқан кейбір діни бірлестік өкілдері, деструктивті діни ағым ұстанушылары тарапынан мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік таныту орын алып жүргені мәлім.
Қазақстанның рәміздерін әрбір Қазақстан азаматы құрметтеуге тиіс. Туған елдің бар болмысынан, тарихынан көрініс беретін көкте желбіреген көк тудың қазақ деп жүрегі соққан әр азамат үшін айтары көп.
Түркістан облысы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ маманы Б.Өтеген
Көкте желбіреген көк туым