Келіннің ізеті шариғатқа қайшы ма?
Келіннің ізеті шариғатқа қайшы ма?
25.06.2018
1457
0

Ұлттық болмысымызға тән ерекше салт – келіннің үлкендерге құрмет көрсетіп, ізеттілік танытып иіліп сәлем салуы. Мұны теріске шығару ең алдымен сауатсыздық. Бүгінде ақпараттық соғыс заманында дәстүрді теріске шығару арқылы елдің тыныштығын алып, шырқын бұзу баз біреулердің бірнеше жылдарды алға тастап жоспарлаған сұрқия саясаты болуы мүмкін. Негізгі мақсаты діннің атын жамылып, халықтың арасына іріткі салу. Жік-жікке араздастырып бөлу. Ынтымағы жарасып, «берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген қазақ халқының ауызбіршілігін жойып, бір мұсылманды екінші бір мұсылманға айдақтатумен ел ішінде шу шығартып, берекесін ала отырып, көздеген мақсаттарына қол жеткізу. Ол көздеген мақсаттары Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан ғайыр жеріміз, Менделеевтің бүкіл элементі кездесетін географиялық байлығымыз болуы ықтимал.
Қазақы санада сәлем салу салтының маңызы ерекше. Кішінің үлкенге иіліп сәлемдесуіне  ешбір көрнекті ислам ғұламалары «ширк», «фитнә» деген сынды үкім бермеген. Келіннің үлкендерге сәлем салудағы мәні адамдық қасиеттегі құрмет. Қазақтың түсінігінде келін ешқашан қайынатасы немесе қайнағаларымен қол алысып амандаспаған. Бұлда бір қазақ қызының иманды да ибалы, ұяң мінезді болғанын көрсетеді. Келесі бір себебі дінімізде әйел затының өзінің жақындарынан басқаға дауысы әурет болып саналады. Осы себептен де келін көршілеріне бас иіп, құрметін білдіріп сәлемдескен. Қазіргі қоғамда ұлы теріс ағымға еліктеп, дінімізбен біте қайнасқан келінінің ата-анасына құрмет ретінде сәлем салуына тыйым салып тастайды немесе басқа дәстүрлерімізді терістеп жоққа шығарады. Бұл тыйым салуымен ата-анасының көңіліне қаяу салғанын бірі білсе, бірі білмейді. Ал дінді ұстанамын деп Алланың ашуына тиіп жатқанынан хабардар ма өзі? Алла тағала ата-анаға құрметпен қарау қажеттігін Құранда «...Ал егер ол екеуінің (ата-ана) бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме)...»[1] - деп ескертуде. Ата-ананың көңіліне қаяу түсіретіндей амал жасамауымызды ескертуде. Келіннің сәлем салмағанына іштей жүрегі жараланып ұлы мен келініне деген реніші бар қарттарымыз қаншама. Сол перзенттер дінді дұрыс түсінбей Алланың ашуына ұшырап жатқанын ойланса етті! Бұл ақиқат жайлы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Алланың разылығы ата-ананың разылығында,
Алланың ашуы ата-ананың ашуында»
[2]- деп ойланған санаға ұғынықты сөзін қалдырған.
Теріс пиғылды ағымдардың жетегінде жүрген азаматтар келіннің сәлем салуын «ширк» (Аллаға серік қосу) деп санайды. Адам тек қана Жаратушыға иілуі керек, адамға иілу «харам» дұрыс емес деген пікірде. Иілу харам деп намаздағы еңкею «рукуғ» етумен теңейді.
Ислам дініндегі намаздың ішіндегі рукуғ етудің мынадай шарттары бар:
1. Еңкею 90 градус болы шарт,
2. Екі қол еңкейгенде тізеде болу керек,
3. Және рукуғ еткенде «субхана роббиәл ъазим» деген дұға оқылады.
Осы жоғарыда келтірілген шарттар орындалмаса ол рукуғ болып есептелмейді.
Ал енді қазақ халқының сәлем салу дәстүріне кезек берелік. Сәлем салуды сипаттап көрелік. Еңкею 90 градус болсын деген шарт жоқ. Екі қолдың да тізеде болуы шарт емес. Сонымен қатар сәлем салар уақытта белгілі бір дұғаның оқылуы да міндетті емес. Демек сәлем салу мен намаздағы еңкею бір біріне мүлдем ұқсамайды.
Мысыр елінің бұрынғы мүфтиі Атия Сақрдың «Сахнада өнер адамы тыңдаушылардың қошеметіне алғыс ретінде иілуіне бола ма?» деген сұраққа 1997 жылғы мамыр айында берген жауабы: «…Кейде үкімдер ниетке қарай бағаланады. Сондықтан халыққа деген алғысын білдіріп, кішіпейілділік ниетімен иіліп сәлем берудің еш оқасы жоқ…».
Ойымыздың қорытындысы, құрмет ниетімен сәлем салу исламда бүлік яки болмаса Алла тағалаға серік қосу болып саналмайды. Бұл – қазақтың әдет-ғұрпы. Келіннің иіліп сәлем салғаны секілді күйеу жігіт те қолын жүрек тұсына қойып, тәжім жасаған. Мұның барлығы — сайып келгенде, қазақы тәрбиенің биік шоқтығы, үлкенді сыйлаудың жарасымдылығы. Қазақ сан ғасырлардан бері Ислам дінін ұстанып, әжелеріміз құрметін білдіріп сәлемін салып келген. Сәлем салу ширк, фитнә, ал Құран бағыштау бидғат болар болса, бабаларымыздың барлығы күнаһар болды ма сонда? Әрине жоқ! Ислам дінін жетік білген бабаларымыздың көзі тірісінде жүзеге асқан және бүгінде жалғасын тауып келе жатқан бұл салт-дәстүрлерімізді ширкке балап, елдің шырқын бұзу – әсте дұрыс емес.

 

 

 

ОҚО дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің
маманы М.Мұстафаев



[1] Исра 17/23-аят

[2] Имам Тирмизи хадистер жинағы

0 пікір