Еркек түздің, әйел үйдің көркі
Еркек түздің, әйел үйдің көркі
29.01.2021
4093
0

      Өмірге адам баласы жалғыз келгенімен оған жұп болып өмір сүру нәсіп болған. Отбасы болған соң, өмірдің жақсылығы мен жамандығына, қайғы қуанышына, ерлі-зайыптылар сабыр сақтап өмір сүрулері қажет. Қазақтың дәстүрінде ер баланы жауапты, ер жүрек, отбасына қамқор болып қалыптасуына тәрбиелеген. Ал, қыз баласына тәрбиелі, инабатты, ибалы, мейірімді, аяулы ана, ізгі жар, отбасындағы ер азаматына арқа сүйеп, өмір сүруді үйреткен.    

     Қазақтың дәстүрінің бірі:  Жана туылған баланың кіндігін кесу дәстүрі. Кіндікті ақбалтамен кесіп, таза жіппен байлап, түбіне күл сепкен. Ер баланың кіндігін ырымдап «үй күшік болмасын»,- деп қырдан асырып лақтырған. Ал қыз баланың кіндігін «үйдің құты болсын» деген оймен от басы, ошақ түбіне көмген. Міне, отбасында дүниеге келген ұл мен қыздың міндетін, кіндік кескеннен бастап, ырымдап, жолын жасап қойған.

     Қазақтың нақыл сөзінде: «Ер азығы мен бөрі азығы жолда. Әйел-үйдің көркі, Еркек- түздің көркі.», - деген сөз бар. Яғни, ер адамның берекесін сыртқа, түзге шашып қойған. Қазақтың батыры Бауыржан Момышұлы: «Біздің жерімізде еркек-діңгек, әйел-гүл. Діңгек-жапырақсыз, гүлсіз, қазақша айтқанда «қу бас» деген сөз. Әйел-құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды»,- деген екен.

          Отбасының жауапкершілігі, ауыр салмақтың бірі ер адамның мойнына жүктелетіні белгілі.  Ал, Исламда ер адам отбасының билеушісі, қорғаны,  һәм тәрбиелеушісі екені Құран кәрімнің «Ниса» сүресі, 34-аятында: «(Әйелді нәпақамен қамтамасыз ету, қорғау және тәрбиелеу ер адамның міндеті болғандықтан) нағыз ерлер әйелдерге басшы һәм қорған. Мұның себебі, Алланың кей адамдарды кейбіреуінен басқару, қорған, қамқор болу сынды мәселерде артық (әрі қабілетті етіп) жаратқандығы, сондай-ақ ер адамдардың (әйелдеріне мәһір беру һәм  отбасының нәпақасын табу сынды) қаржы-қаражат жауапкершілігін арқалағандығы....» - деп  отбасының отағасын белгілеп қойған. Әрине, отбасында еркек басшы болған соң, ол билеп, төстеу емес. Яғни, отбасы жауапкершілігін мойнына алып, басқарып, қамын ойлап, тәрбиелеуі керек.  

      Отбасы шаңырағы берік, берекелі болуы үшін,  ер мен әйел бір-біріне қорған болып, әр істе біріне-бірі  жәрдемші болуы міндетті. Оған қатысты  Құранның «Бақара» сүресі, 187-аятында: «...Олар сендер үшін (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, жан мен тән рахатына бөлейтін һәм көрікті қылатын) киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)....»  - деп керемет баяндаған.

      Демек, киім-адамды табиғаттың ыстық суығынан қорғайтыны секілді, өмірдің қайғысы мен қуанышында да бір-біріне қорған болуы керек. Сол сияқты киім-адамның көркі. Ер мен әйел де бір-бірінің көркін киімдей әдемі, көрікті көрсете білуі қажет. Киім адам денесіндегі кемшілікті жасырғаны секілді, ерлі-зайыптылар да бір-бірінің жақсылығын асырып, жамандығын жасыра білгені дұрыс.

     Қазіргі қоғамда ер мен әйелдер өкінішке қарай бірін-бірінің міндетін ұмытқан уақыты. Статистикалық көрсеткіш бойынша Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасады екен. Мысалы, 2016 жылғы ресми мәліметтерге қарағанда, қала­лық жерлердегі ажырасу деңгейі  40 пайыз болса, ауылдық жерлердегі ажы­расу деңгейі 27 пайызға жеткен. Ажырасулардың 40%-ы алғашқы бес жылда орын алатындығы да ой­лан­дырады. Соңғы бес жылда еліміз­д­егі тіркелген некенің саны аза­йып, ажырасулардың саны көбейген. 

       Бұл жай ғана жалаң цифрлар емес, қазіргі қоғамдық дерттің көрсеткіші. Әрісінде қаншама адамның тағдыры бар. Қаншама жас сәбидің көз жасы, көңіл наласы бар. Әкесіз тәр­биеленген ұл мен қыздың жарым­жан тағдырына жалпы қоғам болып жауапты екенімізді ұмыта бас­т­а­ған сыңайлымыз. Батыстық оңа­шалаудың әсерінен бе, кейінгі кезде біреудің отбасындағы мәселеге мүл­дем бейжаймыз. Әркімнің жеке басы­ның шаруасы дейтінді шығар­дық. Әке мен шеше тым балажан бо­лып алды. «Ішіме сыйған бала сыр­­тыма да сыяды» деген сөз бүгінгі ата-ана­ның басты уәжіне айналған.

     Қоғамның өзгергені емес, адамның өзгергені болар. Кейбір отбасында әйелдің бала тәрбиесін тастап,  мансап, немесе «өзімді өзім асыраймын, күйеуімнен кем жерім жоқ, еркектен артық табыс табамын» деген ойменен, ердің міндетін де жасап жүр. Әйел-үйдің берекесі, бала-шағасының тәрбиесіне, үйінің тазалығына жауапты. Әйелдің тапқан қаражаты, ер кісінің тапқан қаражатындай берекелі болмайды. Себебі, отбасының жауапкершілігі, рызық-несібесі ер адамның мойнына жүктелген міндеті.

      Немесе ер адам ішімдікке салынған, тапқанын ішімдікке жұмсап, үйдің берекесін алып, амалсызан әйелі саудамен немесе мамандығына сай жұмысқа орналасып, ерінен үміт болмаған соң, жұмыс жасап жүрген отбасылар да бар.

        Ал енді дін жолында, туралықтамын «Мен дін жолындамын. Елге діни насихат жасап, дінге шақыруым қажет. Менің отбасым, Аллаға аманат. Олардың несібесін Алла беруші»,- деп адасқан діни ағымның жетегінде кетіп, өзінің отбасы алдындағы міндетін ұмытып, Аллаға міндеттеп қойып, дінді теріс көзқараспен түсініп, дінде жоқ істермен айналысып кетекендер қоғамда жоқ емес.

      Немесе отбасында еркек міндетін дұрыс атқарып, отбасын керек-жарақтың барымен қамтамасыз етіп жүр. Азға қанағатсыз, жоққа сабырсыз, көрсе қызар, өзінің өміріне разы емес. Әр нәрсені салыстыра беретін әйел кісілер де бар. Еріне «Қайдан тапсаң, одан тап. Елден қалмай бізде қашан?, молшылықта өмір сүреміз, ел былай жасап жатыр» - деп еркектің мойнына қиындық салып жатады. Бірақ, бұның соңы ұрыс-керіске ұласпауы керек.                                       

      Әрине отба­сы­­лық саясаттан бөлек отбасы­лық құн­дылықтар деген бар. Ол хал­қы­мыздың тарихымен бірге қай­нап, пісіп шыққан отбасылық дәстүр­лер, отбасы мәдениеті мен этикасы. Отбасының қалыптасуына, қоғам­ның қалыптасуы тікелей байланыс­ты. «Әке-асқар тау, ана-мөлдір бұлақ, бала- жағасындағы құрақ», деген даналық сөз ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлін айқындап тұрғандай.

     Қорыта келе  адамзат баласының ер мен әйелден тұратыны кездейсоқтық емес. Әйелді нәзік, еркектің төзімді болуы табиғаттың заңдылығы. Әйелге аналық мейірім беріп, еркеке отбасының жауакершілігін үйретуіміз, үйренуіміз маңызды. Сонда ғана, әрбір отбасы бақытты болса. Сол отбасылардан құралған, қоғам, мемлекет бақытты болады деп білемін.

       

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің  теолог маманы

Битанов Жангелді   Нұрғалиұлы

0 пікір