Елдің ұйытқысы – бірлікте
Елдің ұйытқысы – бірлікте
09.12.2022
699
0

Халқымызда «Байлық – байлық емес,  бірлік байлық», - деген нақыл сөз бар. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтауда дін саласында қызмет жасап жүрген азаматтарға үлкен жауапкершілік жүктелген. Елімізде ресми түрде қызмет жасап жүрген діндердің міндеті халықты ауызбіршілікке шақыру. Өйткені діннің мақсаты – ізгілікті дәріптеу. Адамды соған тәрбиелейді. Ұйымшылдыққа ұйытқан ізгі істер алдағы уақытта да нәтижелі болатынына сенеміз.

Бүгінде тәуелсіз мемлекет ретінде атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлтаралық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті. Себебі қазіргі таңда дүние жүзінде ұлттық өшпенділік, діни төзімсіздік, экстремизм және терроризм мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керісінше XXI ғасырдың өткір мәселелеріне жатқызуға болады. Кейбір ақпараттарға сүйенетін болсақ әлемде болған қақтығыстардың басым көпшілігі ұлттық өшпенділік пен діни төзімсіздік әрекеттерінен бастау алған.

Мысалға 2011 жылы басталған Сирия еліндегі қарулы азаттық қақтығыстың туындауына діни төзімсідік себеп болған. Бұл қақтығыстың жалғасы діни экстремизм мен терроризмге дейін жеткен. Қаншама жергілікті халық зардап шекті. Кезінде Сирия мемлекеті Таяу Шығыстың дамыған елдерінің бірі еді, бүгін тоқырауға айналған елге айналды. Сирияның бұл соғыстан жоғалтқан жалпы ішкі өнімі 226 млрд доллардан асып кетті. Қазіргі таңда Сирия елі шетелдік көмекке мұқтаждығын жасырмайды. 

Соңғы кезде Қазақстанға көршілес Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасы маңында болған қақтығыстарды да естіп жүрміз. Әрине екі көршілес елдің шекарасында бұған дейін де қақтығыстар болған. Бірақ, бұл жолы жағдайдың ушығып кетуіне не себеп болды? Ақпарат құралдары бұл оқиғаның тамыры бірнеше күрделі мәселеден тарайды деп жатады. Негізгі себеп мемлекет арасындағы шекара нақтыланбағандықтан.  Алайда, шекарадағы мәселе шешілмей уақыт өткен сайын жергілікті тұрғындар арасындағы шиеленіс күшеймек.

Аллаға шүкір! Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап көршілес елдердің барлығымен шекара мәселесі біржола шешілген. Алайда Қазақстан көп ұлтты, көп конфессиялы мемлекет ретінде қалыптасқандығын білеміз. Ал мұндай  көп ұлысты, көп дінді насихаттайтын елде ішкі ұлттық түсінбеушілік, діни араздық қауіпі бар аймаққа жататындығын ұмытпауымыз керек.  Тарих сахнасына көз жүгіртсек біз секілді көп этносты және көпконфессиялды мемлекеттер өзара қырғысып, азаматтық соғыс алаңына айналған елдер баршылық. Сол үшін тәуелсіздігіміз бен бірлігімізді сәт сайын қорғауымыз қажет.

Бүгін Қазақстан әлемге тек мұнай өндіруші ел ретінде ғана емес, сондай-ақ, бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы ретінде де жақсы таныс. Қазақстан көне заманнан бері көптеген мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Осылайша, ежелден-ақ біздің халқымыздың бойында этносаралық және конфессияаралық толеранттылық қалыптасты. Қазақстан Республикасы түрлі конфессиялардың мекеніне айналды. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көп  ұлтты, тілді және конфессиялы Қазақстан үшін мейлінше күрделі мәселе. Қаншама ұлттар мен ұлыстар, түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің, діндер мен конфессиялардың тағдырлы тоғысың бір шаңырақтың астында бірлікте өмір сүруі оңай шаруа емес. Осыған қарамастан Қазақ елі бірлігін қадірлей білген, қаншама ұлыстар мен діндерді шаңырағына ұйыстыра білген мемлекет ретінде дамыған елдер мойындап, конфессиялық келісімді бізден үйрену керектігін айтып жүр. Сондықтан олардың қалыпты өмір сүруі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің де, азаматтық қоғамның да негізгі міндеттерінің бірі. Бірлігі бекем елдің ырысы артады. Түрлі ұлт өкілдері және діндер бір шаңырақ астында, бір атаның баласындай тату-тәтті өмір кешсе, Қазақстанның дамуына үлкен үлес қосатынына кепіл.

     

А.Дүйсен

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                                                                                    

0 пікір