Президент саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігін, тыныштығын сақтау. Билікті қолына алған сәттен бастап, осыны саясатының туы етіп ұстап келеді. Бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Кикілжіңге, қақтығыстарға жол бермеу басты мақсат болатын. Әлемде дау-жанжалдан босамай, түрлі шиеленіс-қақтығыстар ошағына айналып отырған елдер де аз емес. Билікке таласып, өзге тыс күштердің ықпалы мен ынтымағы кері кеткен елдер де жеткілікті. Ал Президентіміздің де күні-түні ойлайтыны – халықтың, елдің тыныштығы, жердің бүтіндігі болатын. Қай мемлекеттің болсын айбарын аспандатып, халықтың тыныштығын қорғауда елдің ішкі қауіпсіздігі маңызды рөл атқарады. Азаматтардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалып, кез келген ірілі-ұсақты құқық бұзушылыққа қарсы ымырасыз күрес жүргізіліп, темірдей тәртіп сақталған жерде ғана мемлекет экономикасының абыройы артып, дамудың жаңа кезеңіне сенімді қадам басатыны анық.
Ел іргесі тыныш бейбіт заманда жайбарақат жатқан жұрттың берекесін кетіріп, бүлік шығару адамдыққа жат нәрсе екені анық. Бұл – үй ішінен үй тігіп, қарапайым халықтың обалы мен бейкүнә жандардың қарғысына ұшырататын ең жаман іс. Кешегі Әз Тәукенің жеті жарғысында да ел тыныштығын бұзатын бүлікшінің ауыр жазаға тартылатындығы қадап айтылған. Елімізде әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздырған адам, дiни төзбеушiлiктi, артықшылықты уағыздайтын, елдің заңдық құрылысына қауіп төндіруге бағытталған, мемлекеттiң қауiпсiздiгiне, ел тұтастығына қол сұғушылыққа шақырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Құран Кәрімде басқарушы билік адамдарына қарсы шығу Алла мен Пайғамбарына қарсы шығумен қатар есептелген. Сондықтан да исламда «итаға» (басшыға бағыну) мәселесіне аса көңіл бөлінеді. Бұл өз кезінде қоғамның әр саласындағы басқару жүйесіне бағынуды да білдіреді.
Исламда қоғам тыныштығын бұзатын іс әрекеттер қатаң сыналады. Құран аятында: «…Кімде кім бір жан иесін, бейкүна адамды өлтірсе, барлық адамдарды өлтіргендей болады. Кімде-кім бір адамды құтқарса барлық адамды құтқарғандай (сауап алатын) болады» делінген. Экстремизм және терроризм дегенде мемлекеттік қызметкерлер болсын, қарапайым халық болсын мұндай сұмдықтарды бірден дінмен байланыстырмауы тиіс. Біздің дәстүрлі дінімізде де, еліміздің заңында да экстремизм мен терроризм діннен туындайды деп айтылмаған. Экстремизм, терроризмдермен күрес дінмен күреске айналмауы керек. Діндегі ар-намыс пен мал-жанын, отанын қорғауға ынталандыратын аят-хадистерді дұрыс бағытқа бұруға қоғам болып кірісуіміз керек.
Расымен де, әр мемлекеттің ең қымбат дүниесі – адам және оның өмірі мен бостандығы. Мұның барлығы тәуелсіздік арқылы жүзеге асатыны мәлім. Ал, тәуелсіздік тек ауызбіршілік пен ынтымақ бар елге мекендейді. Алауыздық жайлаған жерде тәуелсіздік тұрлаусыз. Қазақ «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деп тектен-тек айтпаған. Ынтымағы жарасқан елді жау алмайды, ауызбіршілігі мығым жұртты дұшпаны басынбайды.
Исламда әсіре діншіл болуға да, діннен бет бұруға да жол берілмейді. Әсіре діншіл болудың өзі де дінге, халықтың рухани бірлігі мен ынтымағына шабуыл деп білген дұрыс. Діннен, тілден бет бұру тіптен қауіпті. Сондықтан бабарымыздың қаны мен терінің бодауына келген мынау бейбіт заманды, онатанды қорғай білу бабалар аруағы алдындағы борышымыз болмақ.
Теолог маман Н.Сайлауов
Ел тыныштығы – өзекті мәселе