Ел тірегі – Елорда
Ел тірегі – Елорда
20.06.2022
690
0

Бүгінде әр қазақтың жүрек төрінен орын алған Қазақстан, Тәуелсіздік, Елорда деген асыл сөздер бірін-бірі айшықтап, толықтыра түсетін қастерлі де қанаттас ұғымға айналды. Қазақстан баршамыздың қасиетті Отанымыз болса, Тәуелсіздік – бар ғұмырын жойқын соғыстармен өткізген батыр бабаларымыз армандап, біздің буын жүзеге асырған ең асыл құндылығымыз.

Еуразия кіндігінде орналасқан елорданың төңірегі халқымыз үшін ежелден құтты мекен болған. Америкалық ғалым Майкл Фрачети бастаған археологтар Елорданың теріскейіндегі ежелгі Ботай қонысында кешенді зерттеулер жүргізді. Соның нәтижесінде бабаларымыз осыдан 6000 жыл бұрын адамзат тарихында тұңғыш рет жабайы жылқыны қолға үйретіп, ат әбзелдерін жасап, қымыз ашытқанын дәлелдеді. Орталық Қазақстан өңірі – қола дәуірінде металл қорытып, оны өңдеген әлемдегі ірі орталықтардың бірі. Іргетасы Есілдің сол жағалауында VIII-IX ғасырларда қаланған ортағасырлық Бозоқ қаласын да бүгінгі Елорданың атасы деуге әбден болады. Елорда ел қамын жеген Едігеден бастап, Әз Тәукеге дейінгі қазақ хандарының жазғы резиденциялары қызметін атқарған. Зерттеу жүргізген Елордалық археологтар Есілдің бойындағы Күйгенжар ауылының тұсынан Әз Тәуке ханның жазғы ордасының орнын тапты. Осы жер – Тәукенің ұлы Сәмеке ханның, одан кейін немересі, Ақмола дуанының аға сұлтаны Қоңырқұлжаның ата қонысы. Қазақ хандарының «хан жайлауы» деп аталған жазғы ордалары да Арқа төсінде – Елорданың іргесінде көтеріліпті. Бұл бас қаламыздың Ұлы Даланың ғаламат жаңғыртушылық күшін бойына жинаған қасиетті төрінде орныққанын тарихи тұрғыдан дәлелдейді.       

Еліміз Тәуелсіздіктің арқасында төрткүл дүниеге достық құшағын айқара ашқан асқақ Елорданы салып, еңсесі биік Ақорданы құтты орнына қондыры. «Қазақстандық жол» – ел дамуының жаңа стратегиясы дәл осы берекелі шаһардан бастау алды. Еліміздің бар өңіріне тартылған «Нұрлы жол» да Елордадан шуақ шашты. Елорданың салынуымен бірге қазақтың жаңа дәуірі басталды. Ең алдымен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылған қазақ мемлекеттілігінің барлық институттары біржола орнықты. Елорда қалыптасқан мемлекеттің бүкіл әлем таныған жаңа саяси орталығына айналды.                                       

Екіншіден, терең тамырлы тарихы ежелгі сақ, ғұн, көк түрік, Дешті Қыпшақтан бастау алатын халқымыздың бүгінгідей атағы аспандап, абыройы артқан кезі болған емес. Қазақтың даңқын аспандатқан да, асқақтатқан да – қастерлі Тәуелсіздігіміз бен ару Елордамыз.                                          

Үшіншіден, Елорда Қазақстанның геостратегиялық орталығы ретінде саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа моделінің негізін қалады. Елорда ашқан мол мүмкіндіктер мен жаңа құндылықтар негізінде ел дамуының жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан – 2050» бірегей стратегиясы жасалды.                                                                       

Төртіншіден, Елорда бейбіт те жасампаз өмірге ұмтылған қазақ ұлтының жаңа кескін-келбетін айқындады. Елорда әлемдік сәулет өнерінде қала мен даланы үйлестіре білген жаңа ландшафты эстетиканы қалыптастырды.                                                                                             

Бесіншіден, Елорда күллі әлемге жаңа бейбітшілік пен келісім орталығы ретінде танылды. Біз Ата заңымызда әрбір қазақстандыққа наным, сенім, ар-ұждан бостандығын қамтамасыз етіп, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықты төрге оздырдық. Бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездерін өткізіп, аяулы Елордамызды ізгі жандардың мейірі мен шапағатына  бөледік.                                    

Алтыншыдан, Елорда бірлігі жарасқан көп ұлтты халқымыздың берекелі байтағына айналды. Біз тағдыр жазуымен көп ұлтты мемлекет болдық. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың терезесін тең ұстау үшін рахым мен сабырды серік етіп, барша жұртты бір тудың астына топтастырдық. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлем жұртшылығына үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ерке Есілдің жағасында Бейбітшілік пен келісім сарайы салынды.                                                                        

Жетіншіден, елорда ежелден көшіп-қонуға бейім халқымыздың жаңа миграциялық үдерістеріне жол ашты. 20 жылдан астам уақыт ішінде Елорда халқы 4 есеге жуық өсіп, тұрғындары бір миллионнан асқан алып мегаполиске айналды. Елдің іргесі бекемделіп, оңтүстік өңір тұрғындары Арқа төсіне қоныс аудара бастады. Бүкіл ел бас қаланы мақтан тұтып, елордаға қарап бой түзейді. Елорданың қарыштап дамуы өңірлердің экономикасын өркендетті.    

Сегізіншіден, Елордада жаңа өмір салты, жайлы тұрмыстың бірегей стандарты, айрықша Елордалық стиль орнықты. Осы орайда, мен жаңалыққа, ғылым-білімге құштар жас ұрпақтың бойынан ата дәстүрге адалдықтың, бәсекеге қабілеттіліктің жарқын келбетін көреміз. Елордада жаңа қазақ ұлты мен оның элитасы қалыптасты деп нық сеніммен айта аламыз.     Тоғызыншыдан, Елорда жаңа идеялар мен инновацияның әлем таныған орталығына айналды. Елордада жаһандық экономикалық дамудың өзекті мәселелерін талқылайтын экономикалық форумдар өткізілуде. Дүние жүзінің 100-ге жуық елінен келетін Нобель сыйлығының лауреаттары, түрлі саланың ғалымдары мен сарапшылары жыл сайын Елордада бас қосады. Олар осы заманғы экономикалық трансформациялар мен сын-қатерлер мәселесін талқылап, оны еңсерудің жолдарына қатысты ұсыныстар енгізуде. Елорда бүгінде күллі адамзат дамуына ықпал ететін әрі тарихи шешімдер қабылданатын жаһандық орталыққа айналды. Мұнда Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің, Еуразиялық экономикалық одақтың ауқымды форумдары күллі әлемнің саяси-экономикалық дамуына әсер ететін тарихи құжаттар қабылдады. Елордада әлемнің 56 елінің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының айтулы саммиті өткізілді. Бұл жиында «Елорда декларациясы» деген атпен тарихқа енген аса маңызды құжат өмірге келді. 57 мұсылман елінің басын біріктіретін Ислам ынтымақтастығы ұйымының сессиясы да біздің елордада өтті. Бұл басқосу Дүниежүзілік ислам экономикалық форумына ұласты.  2017 жылы өткен «Елорда ЕХРО-2017» халықаралық көрмесі де Қазақстанның әлеуеті мен күш-қуатын, кемел келешегін әлемге танытты. Бүгінде Елорда Лондон мен Сингапур арасындағы ең үлкен халықаралық қаржы орталығына айналып отыр.                                                                                                                           

Қорыта айтқанда, Бүгінде талай тағдырлар тоғысқан Нұр-Сұлтан шаһары – әлемнің ең әдемі астаналарының бірі, оның көрікті келбетіне таңқалмайтын жан табылмас. Арайлы астана тақырыбында қаншама жүрекжарды өлеңдер, әуезді әуендер, әсем әндер жазылды. Күннен күнге дамып келе жатқан Алаштың астанасы – елдігіміздің нышаны. Сан мыңдаған адам осы қаламен болашағын байланыстырғысы келетіні жасырын емес. Иә, Елорда армандардың қаласы. Еңселі Елордамызда көптеген жастарымыз бағын тауып, бақытын еселеді. Бұл жастардың жұмақ мекені. Жанға сая саябақтар, гүлденген гүлзарлар, ғажайып субұрқақтар, аспанмен таласқан биік-биік ғимараттар – бәрі де бас шаһардың шырайын кіргізіп, жан біткенді болашаққа жетелейді. Асқаралы Алатау бөктерінен астана арқа төсіне көшіріледі дегенде көбісі күмәнмен қарағаны тарихи шындық. Алайда, қазір арқа бойында теңдесі жоқ жаңа қала бой көтергеніне барлығымыз куә болып отырмыз.

 

 М.Салиходжаев

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Жетісай ауданындағы дінтанушы маманы                                   

0 пікір