Отан, ел, мемлекет жер, ұлт, халық, атамекен сияқты қасиетті де киелі ұғымдарды қадірлей білу – санада патриоттық сезімнің қалыптасуына ықпал етеді. Жастарды елдікке, ұлтжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеу басты мақсат болса, отаншылдық сана-сезім, іс-әрекет осы жолдағы өзін-өзі тәрбиелеу оның басты бағыты. Отанға, елге деген сүйіспеншілікті тарих бойында өткен бүкіл бабалар еңбектерінен көруге болады. Сол сияқты кешегі Ұлы Отан соғысында азаматтық борышын өтеген ержүрек батыр ата-бабаларымыздың ерліктерін біз мәңгі мақтаныш етуміз керек.
Патриотизм – өз еңбегін, күш жігерін туған жері мен Отанын көркейтуге жұмсау деген ұғымды білдіреді. Патриоттық сезімнің нысаны Отан десек, оның негізі туған жер, ұлттық тіл, діл, дәстүр, олардың адамға жылылық беріп, ізгі ерлік істер қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы болып табылады.
Ұлтты сүю ұлтшылдық емес, ұлтжандылық. Сондықтан біз ең басты туған жерді көркейту үшін жан аямай еңбек етуге, еліміздің рәміздеріне құрметпен қарауға, басқа ұлттарға салт-дәстүрімізді өнеге етуге тиіспіз.
Ертеде қазақ өркениетінде ел қорғау отансүйгіштік қасиетті міндеттердің бірі саналды. Ол кезеңдегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Ақтамберді, Бұқар жыраулар да Отанды сүюге бағытталған мағыналы әңгімелерін ел-жұртқа жая білді. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев секілді қазақтың ұлт зиялылары мен қайраткерлері отансүйгіштік жайында тек жазып қана қоймай, оны іспен де көрсете білді. Міне, біздің дәстүрлі дін деп жүргеніміз осы болар...
Отанды сүю ˗ иманнан. Әр адам үшін кіндік қаны тамып туып өскен жерінен, яғни, өз Отанынан қымбат жері жоқ. Қандай бір шет елде болса да сол бір шаң басқан, қаңбағы желмен қаңғырған туған жерін сағынады да тұрады. Отанымыздың ұлтарақтай ғана жері үшін қаһарман ата-бабаларымыз қасық қаны тамғанша күресіп, бізге мирас етіп қалдырды. Сондықтан барлығымыз ата-бабаларымыздан қалған жерді аманат деп, көздің қарашығындай сақтау ˗ баршамыздың борышымыз. Әр адамға өз Отанын қорғау, оны сақтау ˗ парыз.
Әйтеке би: «Өмірім халықтікі, өлімім ғана өзімдікі», - деп халыққа қызмет етуді өзіне басты парыз санаған. Оны отаншылдықтың нағыз айнасы деп айта аламыз.
Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттеледі: Отаныңды, дініңді, ұятыңды, жаныңды, дүниеңді. Осы құндылықтарды қорғау жолында қайтыс болғандар тіпті шейіт саналады. Бұл жөнінде Құранда: «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі, Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 154-аят), - делінген.
Ислам дінінде отансүйгіштікке, туған еліңді қадірлеуге айрықша мән берілген. Пайғамбарымыз Отанды, яғни тарихи мекеніңді сыртқы дұшпаннан қорғаудың қаншалықты сауап екендігі жайында бірнеше хадистер қалдырған. Бірде бір сахаба Пайғамбарымыздан: «Я, Расулаллаһ! Ең абзал амал не?»-деп сұрағанда: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», - деген.
Бүгінгі таңда өздерін түрлі діни бағыттың өкіліміз деп санайтын азаматтар туып өскен елін, жерін қорғамақ түгілі зайырлы бағытты ұстанып, шариғат заңдарымен жүрмегені себепті Қазақстанды тағут мемлекет (дарул-харб) деп, ондағы өмір сүріп жатқан адамдарды кәпірге шығарып, ата-анасының, туған-туыстары, дос-жарандарының, туған тілі мен халқын кәпірге балайтын, ол мемлекетте таза шариғатпен жүретін мемлекет құруды аңсайтын, ол жүзеге аспаса бұл мемлекеттен көшіп кетудің қалайтындар өзге емес өз ұлтымыздың жастары арасынан шығып жатқаны көңілге қаяу салады.
Қазақстанда қандай ұлт, қандай ұлыс, дін мен конфессия өкілдері болғанымен Қазақстанды өзінің тарихи отаны деп санап, оны қорғау баршасы үшін міндетті саналады. Сен қай жерде болсаң да, саған бейбіт өмір сүруге мүмкіндік берген, дініңді, тіліңді, салтыңды ұстауға рұқсат беріп, отбасыңды қорғауға кепілдік берген мемлекетті өзіңнің туған отаныңдай қорғауға міндеттісің. Ал бұл сенің кіндік қаның тамып, кіріңді жуған, саған әлемде өзіндік орны бар ұлттың өкілі болуға мүмкіндік берген туған елің, туған жерің болса, бұл сенің өмір бойы мойныңнан түспейтін парыз болып қалады.
Демек ата-бабаларымыз қорғаған, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған Отанның азаттығы, бейбітшілігі мен тыныштығы сол елде өмір сүретін бізге аманат. Бұл жолда біз имандылық сезімін алға шығарып, қасиетті мекеннің әрбір жақсылығы мен қуанышына ортақ болып жатқанымыз артық емес.
Қазіргі таңда Қазақстан жер бетінде тәуелсіз ел ретінде тіршілігін жасап, қаншама жарқын істердің жүзеге асуына ұйытқы болды. Қазақ елі қарыштап дамып, өзге жұрт алдында еңсесін тіктеді. Еліміздің өсуі біз сүйетін отанымыздың абыройы. Абырой бар жерде өзгелердің сыйластығы болары сөзсіз. Сыйластық болған жерде міндетті түрде тыныштық орнары хақ.
Теолог Б.Өтеген
Ел қорғау – абыройлы іс
<
>