Ел бірлігі – татулық
Ел бірлігі – татулық
25.05.2021
3398
0

Қазақстан –  небір қиындықты бастан кешірген мемлекет. Бірақ әрдайым ғасырлар көшінде жасап, гүлденіп, тағдырдың тартысымен арпалысып келеді. Соның нәтижесінде, тәуелсіздігін алып, бейбітшілікке қол жеткізді. Ал, оның негізі, түп-тамыры – xалықтың бірлігінде, татулығында, біртұтастығында.

Қазақ елінде татулығы жарасқан 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Олардың барлығының жүрегінде бір ел, бір арман, бір сенім және барлығы да Қазақстанмен байланысқан. Еліміздің шаңырағында алаңсыз өмір сүруіміз бірінші Жаратушының, екінші xалқымыздың еңбегінің жемісі.  Арманы мен мақсаты қиылысқан, кемел келешекке бір көзбен қараған, ынтымағы мен  бірлігі ұштасқан ұлттар болмаса, республикамыз мұнша жасамас еді. Әлем елдері қызғана да, қызыға да қарайтын мемлекетіміз көк аспанның астындағы бейбіт өмірінің тұғырын биік ұстауда.

Еліміз  тәуелсіздік алған тұста, мемлекетіміз үшін ең жауапты кезең  болды. Бүгінде тұрақтылықтың тұтқасына, бірлігіміздің бастауына, ұлттар арасындағы достықтың «алтын көпіріне» айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміз үшін маңызы зор. Тағдырдың жазуымен, ұлан-байтақ жерімізге  көптеген ұлт өкілдері жер аударып келіп, қоныстанды. Бүгінде олар қаны бөлек болғанымен, қазақ халқымен жаны бір, ұлты басқа болғанымен,  халқымызбен арманы ортақ біртұтас елге айналып отыр.

Бір шаңырақ астында ұлттың ұйытқысына себеп болып отырған, саясатымыз бен ата заңымыздың арқасында атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі екендігі белгілі. Біздің елімізде әрбір ұлтқа деген қамқорлық шексіз. 18-ге толған азаматтар – тегіне, нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамай сайлауға қатыса алады. Ата Заңымызда атап көрсетілгендей кез келген ұлт өкілдерінің құқықтары тең. Ата Заңымыздың бірінші бабының өзінде басты құндылық ретінде адам, оның өмірі мен еркіндігі атап көрсетілді. Адамды басты орынға қойған мемлекетімізде, адамға қамқорлық жасауда игілікті шаралардың жүзеге асырылып жатқанына куә болып жүрміз.

Жалпы елімізде халықтың тыныштығын алып, іріткі салуға қатысты барлық әрекетке тыйым салынған. Бұл туралы тіпті еліміздің Ата Заңында да анық көрсетілген. Онда «Ұлтаралық және конфессияаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады», – делінген. Еліміздің бірлігі мен татулығы, ұлттар арасындағы достық әрқашан алдыңғы орында. Ал, бұл ауызбіршілікті сақтауда – Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жоғары екені айтпаса да түсінікті.

Қарапайым, сыйластық, үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Біздің мемлекетіміздің басты жетістігі еліміздің халықтарының ұлтаралық және конфессияаралық келісімі, өзара түсіністігі мен сыйластығы болып саналады. Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің баға жетпес байлығы. Қазақстан тарихының едәуір бөлігі оны мекендейтін халықтардың этностық және мәдени өзара іс-қимылдарының – тарихы. Бұл ретте, Қазақстанның көпұлттылығы ғасырларға созылып, уақыттардан жалғасын тауып, сабақтасып келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ адамзат үшін ең қымбат қазына – ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді – қастерлеп сақтай отырып, еркін дамуда. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі достықтың бай тәжірибесі ұлттық татулық пен келісімнің ғана халықтардың экономикалық теңдігі, саяси және мәдени дамуын, өзара достықты, ұлттық мүдделер мен ұлттық ерекшеліктерді, тілдердің бір-біріне деген құрметін қамтамасыз ете алатынын көрсетеді. Елбасының, мемлекетіміздің стратегиялық мақсаттарында ұлтаралық татулықтың, халықтардың өзара түсіністігі мен келісімін нығайта беру, оларды алдағы уақытта топтастырып, жарастыра беру айрықша орын алды. Бүгінгі күні қоғамымыздағы ауызбіршілік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынас соның нәтижесі деп айта аламыз. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел, халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан.

Еліміз қарқынды даму үстінде. Елімізде мекендеген барлық ұлттар арасында татулық пен бірлік сақталып, біртұтас ел ретінде күшімізді біріктіре отырып, бәсекеге қабілетті ұлт болуға күш салуымыз қажет. Бүгінде ауызбіршілігі қашқан елдердің экономикасы артқа кетіп, берекесі қашып отырғанын ұмытпай, этносаралық татулығымызды арттыра отырып, тек ұдайы дамуды мақсат етуіміз керек.

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы                                                                                   Ш.Рысметова

0 пікір