Егеменді елдің еңсесі биік
Егеменді елдің еңсесі биік
29.11.2021
2328
0

Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. Еліміз тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл. Отыз  жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Ұлы қазақ елі осы күнге жеткенше үш жүз жылға жуық бодандықтың бұғауында, жетпіс жылдан аса кеңес одағының шырмауында болды. Жер бетінде елдің бостандығын, халқының тәуелсіздігін ойламайтын жұрт жоқ болар. Тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіздік! Яғни егеменді, дербес мемлекет.                                                                                                                      

Міне, биыл Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының отызыншы жылына қадам басып отыр. Ал осы уақыт тарих үшін қас-қағым-ақ. Қаншама ғасырларды алып құшақтаған тарих қойнауы талай үлкен мемлекеттердің тәуелсіздігін көрген. Солай бола тұрса да, біз үшін өзіміздің тәуелсіздігіміз қымбат. Неге десеңіз, мемлекетіміздің сөнген отын жаққаны үшін, ата-бабамыздың рухын көтергені үшін, елімізді әлемге танытқаны үшін, «қазақ» деген атауға жан кіргізгені үшін бізге қымбат.                                                                                                            

Түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері қаншама өзінің іргелі ел, қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіштік жігерінің, асқақ рухының арқасы. Қазақ мемлекеттілігінің түпкі негізі сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ орда мен Қазақ хандығының жалғасы – бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы 1991 жылдың 16-желтоқсан күні жүзеге асты. Дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді. Біз өзіміздің рәміздерімізбен мақтанамыз, Қазақстан Туымен тұғырлы, Елтаңбасы мен еңселі, Әнұраны мен айбатты.                                                                                                  

Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан қаншама қиындықтарға жолықса да тастай берік төзімділіктің арқасында, жалпақ әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлан-ғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталды. Біздің тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы барлық жетістіктері, қазақ халқының егеменді заманда жаңаша ерекше өрлеуі, өркендеуі, рухани-экономикалық еркіндігіміз, әлемдік қоғамдастық пен дүние жүзінің дамыған озық мемлекеттерімен тереземіз тең, дәулетті елдермен бірдей қарым-қатынас жасау жетістіктеріміздің барлығының алтын бастауы – біздің мемлекеттің Тәуелсіздігінде.
           Тарих толқынында талайды бастан кешірген қазақ елі 30 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған тұста дұрыс таңдау жасағандығын бүгінгі таңда уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Тәуелсіздігіміздің алғашқы таңынан бастап қазіргі кезеңіне дейінгі оңды өзгерістер Елбасымыздың тікелей бастамасымен болып жатқаны аян. Бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық жағдайында Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді. Бүгінде Қазақстан – әлемдік қоғамдастықтағы жауапты да құрметті әріптесі, Орталық Азияның шешуші елі. Тәуелсіздік – азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы күші. Тәуелсіз елдің қызы – өжет, ұлы – қайратты, халқы – қаһарман. Қараның да, ханның да рухани өзегі тәуелсіздік. Ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі – тәуелсіздік! Халқының тәуелсізігі үшін Жәнібек пен Керейден бастап Кеңесарыға дейінгі қазақ хандары қарап жатпады. Барлығы да елдің тәуелсіздігі мен халқының тыныштығы үшін қажымай талмай күресті. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы, шын мәнінде, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін ең соңғы күресі еді. Тәуелсіздік қажырлы күреспен келді. Егемендіктің 30 жылында жүз жылдарға татитын қадамдар жасалды. Тәуелсіздіктің арқасында елдігімізге құт қонып, ырыс үйіріліп, ортаға үлкен сыбаға түсіп тұр.                                                                        

Қазақстан ертең күн шыға қауызы ашылып, сосын жан-жағына әдемілік, сұлулық сыйлайтын исі жұпар гүлдердей жайнап, құлпырып кетеріне осы елдің азаматы ретінде мен кәміл сенемін.                                                                                                  

Қорыта келе айтарымыз ендігі ұрпақты мақсаты мол біліммен қаруландырып, кең-байтақ жерімізді теріс пиғылды басқыншылардан қорғау. Талай жерде құрсақта жатып, құрбан болып кете жаздаған тәуелсіздігімізді пәле жаладан аман сақтайық, ғұмыры ұзақ болғай. Ынтымағымыз жарасқан, бірліктегі ел бола берейік.            

Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік мұраттарға қол жеткізген – Тәңірден келген тәтті сыйдың 30-жылдық мерекесі құтты болсын!

 

Түркістан облысы дін істер басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

Мақтаарал аудандық бөлімі маманы                     А.Жәлел

0 пікір