Діни сенім бостандығы туралы түсінігі
Діни сенім бостандығы туралы түсінігі
06.09.2021
2983
0

Дін – мемлекеттік саясат пен қоғам азаматтарының рухани өмірінде маңызды орын алатын фактор. Себебі кез-келген мемлекеттің қалыптасуында, діннің тәрбиелік және әлеуметтік маңызы зор сана түрі ретінде  қызмет атқарады. Сонымен қатар дін мәдениеттер мен өркениеттердің дамуына да елеулі ықпал еткен. Өйткені дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, рухани қағидалар жүйесі. Дін, өнер және ғылым  – бір ағаштың бұтақтары.

Діни сенім бостандығы туралы түсінік адамзат тарихында ежелден келе жатқан, бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпаған мәселелер қатарына жатады. «Ар-ождан бостандығы» ұғымы «діни сенім бостандығы» түсінігінің даму нәтижесінде қалыптасқан. Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында: «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар», деп анық бекітілген. Ар-ождан бостандығы – ең алдымен жеке адамның кез-келген идеологиялық бақылаудан бостандығын білдіретін адамның негізгі жеке құқықтарының бірі, әркімнің рухани құндылықтар жүйесін өз еркімен таңдау құқығы. Ар-ождан бостандығы адамның абсолюттік құқығы болып табылады. Конституция елді зайырлы мемлекет ретінде орнықтырады және діни сенім бостандығын қамтамасыз етеді. Қазақстан Республикасының Конституциясы әрбір адамның ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді, сондай-ақ, конфессиялық, этникалық және басқа да белгілері бойынша кемсітушіліктің кез-келген түріне тыйым салады.

Еліміз көп диаспора ұлттарынан тұратынын ескерген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «көп ұлтты үйіміздегі бейбітшілік пен келісім – Қазақстанның ең басты жетістігі. Біздің басты мақсатымыз халқымыздың бірлігін сақтау», - деген.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы  он жылдығында сырттан келген діни теріс пиғылды топтардың алдын алу мақсатында және дін мен мемлекет арасындағы қарым- қатынасты белгілі жүйеге келтіру қажеттігінен жаңа заңның қабылдануы туындады. 2011 жылы 11-қазан күні  «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. (Алғашқысы «Діни сенім және діни ұйымдар бостандығы туралы» заң 1992 жылы қаңтардың 15-күні қабылданған болатын). Бұл заңда Дiни сенiм бостандығы құқығы,3-бабында «Қазақстан Республикасының, басқа мемлекеттердiң азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке өзi, сондай-ақ басқалармен бiрге кез келген дiндi еркiн ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға құқылы, дiнге деген, құдайға құлшылық жасауға, дiни жоралар мен рәсiмдерге, дiндi оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға көзқарасты айқындау кезiнде қандай да бiр күштеп мәжбүр етуге жол берiлмейдi.

Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге көзқарасына қарамастан экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында заң алдында бiрдей жауапты. Азаматтардың дiнге көзқарасына қарай олардың құқықтарын тiкелей немесе жанамалап шектеу немесе қандай да бiр артықшылықтар белгiлеу, немесе соған байланысты өшпендiлiк пен жеккөрушiлiк туғызу, не азаматтардың сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ қайсы бiр дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
      3аңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкiмнiң де өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ. Дiни наным себебiмен атқарылуға тиiс бiр мiндеттi екiншiсiмен алмастыруға тек қана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол берiледi», - деп көрсетілген.

Діни сенім бостандығы феноменінің маңыздылығы халықаралық тәжірибеде де танылған. 1948 жылы БҰҰ қабылдаған Жалпыға бірдей адам құқығы жөніндегі декларацияның 18-бабында «Әркімнің ойлау, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар» деп көрсетілген.

XVII ғасырда өмір сүрген ағылшын ғалымы Дж. Локк: «мемлекет еркіндікті қамтамасыз ету керек, дін –әрбір азаматтың жеке ісі»,- деген ойды айтқан. Ал XVIII ғасыр ойшылы А. Коллинз «Еркін ойлау туралы пайымдау» атты шығармасында «Әрбір адам дінмен байланысты сұрақтар жөнінде еркін ойлауы тиіс» деп пайымдаған. Бірақ ар-ождан бостандығы идеясының нағыз қолдаушылары XVIII ғ. француз ағартушылары: «Шын төзімділік және ой еркіндігі – діни фанатизмге қарсы ықпалды қару» - деп жазды. Адамның негізгі құқықтарының бірі – дінді таңдау немесе одан бас тарту түсінігін қолдады.

Қорыта айтқанда осы Заң Қазақстан Республикасының әрбiр адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылатынын таниды, азаматтардың діни сеніміне қарамастан, тең құқылы болуына кепiлдiк бередi, Қазақстан халықтарының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiктi және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтеудi таниды. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы – зайырлы, демократиялық мемлекет және мұнда әрбір адамға ар-ождан бостандығына кепілдік беріледі, сондай-ақ барлық конфессиялардың ұстанушылары заң алдында тең.

 

 Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                    А.Дүйсен

 

 

 

0 пікір