Дін туралы заң зайырлықтың айнасы
Дін туралы заң зайырлықтың айнасы
06.05.2021
1016
0

          Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі алғашқы жылдарда жас мемлекет Қазақстан алдында экономика мен әлеуметтік-саяси жағдайды тұрақты дамыту секілді күрделі міндеттер тұрды. Сондай-ақ, сол кезеңдегі аса маңызды міндеттердің бірі ұлттық тұтастықты сақтап қалу мен қоғамның рухани тұрғыда дамуына қатысты мәселелер еді. Қазақстан мемлекеті  140- тан аса ұлттар мен ұлыстардың және көптеген діни бірлестіктері бар елдің бірі болып, олардың ортақ шаңырағына айналды.  Егемендік жарияланғаннан кейінгі бір ай ішінде, яғни 1992 жылдың 15 қаңтарында «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданды.  

     Бұл құжат діни бірлестіктер заңнама шеңберінен шықпаған жағдайда мемлекет тарапынан олардың ісіне қол сұғылмайтындығына кепілдік берді.  Алғашқы жылдардағы қолданыстағы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы қабылданғаннан кейін, 20 жыл ішінде қоғамдағы діннің рөлі кеңейіп, елдегі діни жағдай да барша әлемдегідей өзгерістерге ұшырады.

     2011 жылы Үкімет тарапынан дін саласына қатысты жаңа заң жобасын жасау туралы бастамалар көтеріле бас­тады. Заң дайындаушылар алдына діни бірлестіктер мен миссионерлердің қызметтерін белгіленген тәртіп бойынша реттеуге оңтайлы жағдай жасау, сонымен қатар, діни сенім бостандығы қағидасының демократиялық негіздерін сақтау міндеттері қойылды.  Заң жобасы бойынша жалпы саны он нормативтік-құқықтық актілерге толықтырулар мен өзгерістер енгізу ұсынылды.

      Бұдан бөлек, аталмыш заң жобасын даярлау барысында халықаралық тәжірибе, атап айтқанда ТМД елдерінің, оның ішінде Ресей Федерациясы, Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан және де бірқатар Еуропа ел­дерінің тәжірибелері сарапқа салынды.

      Осылай жаңа заңда  2011 жылдың 11 қазанында қабыл­­данған  ҚР «Діни қызмет және діни бірлес­тіктер туралы» заңы тәуелсіздік алған жылдардан бері тұңғыш рет  Қазақстан үшін дәстүрлі болып саналатын діндердің басымдылығы көрсетілді. Аталған құжатқа сәйкес, мемлекет халықтың рухани өмірі мен мәдениетінің дамуында исламның ханафилік бағыты мен  христианның православие бағытындағы дінінің тарихи рөлін,  сондай-ақ Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін, барша өзге діндерді құрметтейтін заң қабылданды.

     «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» заңы азаматтық қоғамды қалыптастыруды ілгері жылжытуына айтарлықтай ықпал ете алады. Сондықтан қандай да бір зайырлы мемлекет дінге қатысты өзінің ұлттық заңнамасын түпкілікті айқындап алуға міндетті. Заң жобасының тағы бір жаңалығы-ханафи бағытындағы ислам мен православ діндерінің тарихи рөлін белгілеп, өткенге тарихи шолу көрсетіп, бұл екі діни бағыттың қағидалары адамзатты сүю және құрмет көрсету қалпында этникалық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды толықтырып, біздің ата-бабаларымыз мұра етіп қалдырған этникалық тамырларды сақтап қалды.

      Бұл заң жобасында ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде орнатылмауы тиіс деп келтірілген.

      Біздің мемлекетіміздің зайырлы тұрақтылығына кепілдік  Конституциямызбен беріледі. Заң жобасындағы тағы бір өзгеріс енгізілме діни жоралар мен рәсімдердің мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен мекемелердің,  қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызмет мекемелерінің ғимараттарында өткізілуіне тыйым салуды регламенттейді. Жаңа заң жобасында діни бірлестіктердің мәртебесін белгілеуге ерекше назар аударылды.  Қазақстанның барлық аумағында өз құрылымдық бөлімшелері, филиалдары мен өкілдіктері бар діни бірлестік республикалық діни бірлестік болып танылады.

      Жаңа заңда дінтану сараптамасы туралы айтылған. Ол қандай жағдайларда жүргізілетін болады.  Жеке және заңды тұлғалардың уәкілетті органға, яғни Дін істері комитетіне жіберген өтініші, Қазақстан Республикасының мекемелері мен ұйымдарының кітапханалық қорларына діни әдебиеттің, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдардың келіп түсуі, миссионерлер мен діни бірлестіктерді тіркеу дінтану сараптамасын жүргізуге негіз болады. Бұған қоса, сырттан әкелінетін діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға да дінтану сараптамасы жүргізіледі. Сонымен қатар, жеке өзі пайдалануға арналған материалдарды қоспағанда, сырттан әкелінген діни мазмұндағы ақпараттық материалдарға дінтану сараптамасы жүргізіледі.

      Аталған заң жобасында мемлекет діни бірлестіктерден бөлінген деп бекітілген. Бұл мемлекеттің діни бірлестіктердің қызметіне араласпайтындығын білдіреді. Егер діни бірлестіктердің қызметі ҚР-ның заңдарына қайшы келмесе, мемлекет олардың қызметіне араласпайды дегенді білдіреді. Сондай-ақ, мемлекет азаматтар мен шетелдіктердің дінге деген көзқарастарын айқындауға, білім беру, тәрбиелеу, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында білім беру  мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады.

       Сондай-ақ, діни бірлестіктер мен Қазақстан азаматтары дінге деген көзқарасына қарамастан, заң алдында бірдей екенін атап өту қажет.  Аталған заңды әзірлеу қазақстандық қоғамда конфессияаралық және этносаралық келісімді дамыту жолында уақтылы және әрекетті қадам болғандығы күмәнсіз. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, діни бірлестіктермен қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың басым сипаттағы бағыттарының бірі - аталған ел үшін дәстүрлі болып саналатын діни ұйымдардың мәртебесін заңды бекіту болып табылады. Бұған қоса, мемлекет халықты мәдени тәрбиелеу, ұлттық дәстүрлерді дамыту, өнегелі құқықтық мәдениетті жоғарылату салаларында дәстүрлі діни ұйымдарға сүйенеді.

      Міне, осылай  ҚР Конститутциясының 1-бабын назарға алып, мына заңға сүйене келе: «Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды, оның ең қымбат қазынасы-адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,- заң жобасын зайырлықтың айнасы етіп бекітті.

      Қорыта келе аталған заң ең басты міндеті, адам бостандығы мен адам құқықтары,  діни наным сенімі, дәстүрі, тарихы мен мәдениеті қорғалып, еліміздегі өмір сүріп жатқан әрбір ұлт пен ұлыстың діни көзқарасымен наным сенімін шегелеп берді.  Осылайша зайырлы мемлекеттің тәртібін әлемге көрсете білді.

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің  теолог маманы

Битанов  Жангелді   Нұрғалиұлы

0 пікір