Дін мен мемлекет арақатынасы
Дін мен мемлекет арақатынасы
28.02.2023
2179
0

Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, ашық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады»,-делінген. Конституциялық негіздегі «Зайырлы» ұғымы мемлекеттің барлық салаларында, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін білдіреді. Яғни зайырлылық – дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы.

Зайырлы мемлекет азаматтық қоғамның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады. Мемлекеттің зайырлы сипаты азаматтық қоғам субъектілерінің заңдар мен құқықтық нормаларды қатаң сақтауын және өз қызметтерін осы құқықтық, заңнамалық шеңберде жүзеге асыруын талап етеді.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөліне алмайды. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы жанды байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан.

Дін – мемлекеттік саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі маңызды факторлардың бірі. Адам мен қоғам өмірінде ерекше орын алатын дін рухани мәдениеттің қалыптасу үдерісінде негізгі функцияларды атқарады, мәдениеттер мен өркениеттердің дамуына ықпал етеді.

Діннің саясатқа қатысы жоқ деп талап ету шындыққа жанаспайды. Өйткені діндер қоғамның социологиялық бөлігі болып табылады және олар саяси заңдылықта тиімді. Тарихта ең көп талқыланған мәселелердің бірі – дін-мемлекет-саясат қатынасы. Дамушы қоғамдарда дін саясатқа әсер ету арқылы биліктің қалыптасуына себепші болса, екінші жағынан саясаткерлер дінді бүкіл әлеуметтік өмірге тарату үшін пайдаланады. Олар өздерінің заңдылығын діннен алатынын мәлімдейді. Сонымен қатар, бүгінде жаһандық және империалистік күштер әртүрлі елдер мен қоғамдарды дінді басқару үшін пайдаланып, заңды үкіметтерге қарсы діни және секталық соғыс жүргізіп, үкіметтерді қиын жағдайда қалдыруда.

Баршамызға белгілі көптеген мемлекеттер теократиялық және зайырлы сипатта негіз алады. Теоркартариялық мемлекеттер басымдылықты дінге беру арқылы өмір сүреді.  Зайырлы мемлекет дегеніміз дін мен мемлекеттің бір-біріне жанасуынсыз жүзеге асатын ұстаным. Зайырлы мемлекеттің адамдары қай дінде, қай тілде, қандай дәстүрді ұстанатындығын өзі біледі. Алайда, белгілі бір нормативтік жүйеге бағынады. Зайырлы мемлекет сипаттамасын және заңын жазасың.

Дін мен мемлекет бір-бірінен еш уақытта бөлінуі мүмкін емес.  Дінді адамсыз, адамды имансыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да екеуі ұдайы бір-бірімен қарым-қатынаста болатыны белгілі.

Діни ұйымдар өз тарапынан мемлекет пен мемлекеттік мекемелердің істеріне, саяси өмірге араласа алмайды, түрлі саяси партияларды ұйымдастырумен айналыса алмайды, олардың жұмыстарына араласа алмайды, діни ұйымдар ретінде мемлекетті басқару сайлауына қатыса алмайды, қандай да бір діни ұйымнан өз депутаттығына кандидатын ұсына алмайды немесе мемлекеттік органдарға сайлауды қаржыландыра алмайды. Бірақ, азамат ретінде, жеке тұлға ретінде, басқа азаматтар сияқты сайлауға қатыса алады, кез-келген саяси партияның мүшесі бола алады. Зайырлы мемлекетте азаматтардың құқықтары ешқандай дінмен немесе діни нанымдармен байланысты емес. Осыған байланысты, мемлекеттік қызметшінің қандай да бір діни нанымды ұстануға құқығы бар екенін ерекше атап өткім келеді. Бірақ өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, кез-келген конфессияға артықшылық беруге жол берілмейді.

      Қорытындылай келе адамның ішкі жан дүниесін кемелдендірумен дін айналысса, мемлекет адамның қоршаған ортасының дамуына жағдай жасау арқылы қоғам тұтастығын, бейбітшілік пен келісім ішінде өмір сүруін мақсат тұтады. Мемлекет қоғамның рухани дамуына діннің ерекше үлес қосатындығын мойындайды. Дін адамның дүниетанымының, қоғамдық сананың, әлеуметтік мінез-құлықтың маңызды құрамдас бөлігі болып қала беретіні анық.

Теолог маман                                                                                       А.Құрманбек

0 пікір