Тәуелсіздік - қоғамдық өмірдің, соның ішінде рухани өмір сүрудің барлық салаларында жаңару мен түбегейлі өзгерістер үдерісінің басталуына алып келді. Дінге деген көзқарас жақсы тарапқа өзгерді. Бұрынғы кеңестік жүйенің дінге қарсы атейстік агрессия саясаты жойылып, ар - ождан бостандығы заңмен кепілдендірілді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Республикамызда діннің қоғамдағы маңызды рөліне сәйкес ұлы бабаларымыз ұстанған рухани құндылықтарды қайта қалпына келтіру бойынша нақты шараларды қолдана бастады.
Жалпы, дін әрқашан адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды. Ата - бабаларымыздың сенімі болған Ислам діні де адамның жоғары қасиеттерін қалыптастыруға қызмет етті. Оның арқасында біздің халқымыз мыңдаған жылдар бойы бай мұралармен, ерекшелігімен сақталып келеді. Бұл қазақ халқының алдыңғы қатарлы мәдени және рухани мұраларын жаңа жағдайларда қалпына келтіруге, одан әрі дамытуға, ежелгі дәуірден бастап қазіргі таңға дейін аймақтағы діндердің тарихын, өмірлік тәжірибесін зерттеуге, ел тарихын тереңінен түсініп, сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін қалыптастыруға қызмет жасайды. Сонымен қатар, дін - ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі факторлардың бірі. Өйткені, адам өміріндегі, қоғам өміріндегі діннің атқаратын қызметтері сан - алуан, көп қырлы және көп бағытты болып табылады. Дін құрылымының негізгі элементтерінің барлығы дерлік адамзат игілігі мен оның өсіп - өркендеуіне үлес қосады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы демократиялық және зайырлылық принциптерін ескере отырып, елімізде орын алып жатқан діни ахуалдың қалыптасуына негіз болған дәстүрлі діни бірлестіктер мен түрлі конфессиялардың жұмысын реттеу бағытындағы жасалынып жатқан жұмыстардың бір көрінісі. Бұл заң - этносаралық, конфессияаралық келісімді, бірлік пен татулықты сақтаудың тетігі болып табылады. Осы заңның 7 - бабы, 2 - тармағында. «Ғибадат ету, діни жоралар, рәсімдер мен жиналыстар қажеттілік туындаған жағдайда ғибадат үйлерінде және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктердің мекемелері мен үй - жайларында оларға жақын тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделерін сақтау шартымен кедергісіз жүргізіледі»,- деп айқын көрсетілген. Демек, діни ұйымдар қай конфессияға жататындығына қарамастан бір құқықтық салада жұмыс істейді. Екіншіден, діни бірлестіктердің қызметін ұйымдастыру олардың ішкі ісі. Алайда, діни ұйымдар мемлекеттен бөлінгенімен, бұл діннің қоғамнан бөлінгендігін білдірмейтіндігін ескеру қажет. Мысалы, АҚШ - та зайырлы мемлекет. Бірақ, шенеуніктері, әскери қызметкерлері Библиямен ант етеді. Германияда шіркеу салығын мемлекеттік салық қызметі жинайды. Байқағанымыздай, зайырлылық принципі дінді қоғам өмірінен шығарып тастамайды. Сонымен бірге, дінге сенетін азаматтар да қоғамның бір бөлігі болып табылады және дін азаматтық қоғамда өз орнын алады.
Мемлекеттің дінге деген қатынасын сипаттайтын тағы бір қағида - мемлекет дінді халық руханиятының ажырамас бөлігі ретінде тануы. Осыған сүйене отырып, оның дамуы үшін тиісті жағдайлар жасауға ұмтылады. Бұл мәселелер Қазақстан Республикасының Конституциясында қарастырылған және ол дамыған елдердің заңдық, нормативтік талаптарына толығымен сәйкес келеді. Кез келген дінді ұстанушы немесе ұстанбайтын азаматтардың құқықтары тең қарастырылып, барлығына бірыңғай жағдай жасалған. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы №483-IV Заңының 3 - бабында: «Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дінді ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді», - деген. Бұл заң зайырлы мемлекеттің дінге деген қатынасын сипаттайтын негізгі қағидаларды қамтиды. Олар:
- Сенушілердің діни сезімдерін құрметтеу;
- Діни сенімдерді азаматтардың немесе олардың бірлестіктерінің жеке ісі ретінде тану;
- Діни және діни емес азматтардың тең құқықтарына кепілдік беру және оларды қудалаудың алдын алу;
- Рухани жаңару, жалпы адамзаттық құндылықтарды орнату жұмыстарында түрлі діни бірлестіктердің мүмкіндіктерін пайдалану үшін олармен қарым - қатынас жолдарын іздеу қажеттілігі;
- Дінді деструктивті мақсатта қолдануға жол берілмейтіндігін ескеру.
Осы іспетті Ислам діні де өзге дін өкілдеріне, олардың ұстанымдарына құрметпен қарайды. Мысалы, шетелдік тарихшы Марк Сайс патша болған Харун Рашидтің кезіндегі исламдық мемлекет туралы: «Христиандар, пұтқа табынушылар, яхудилер мен мұсылмандар лауазымды қызметте бірдей жұмыс істеді», - деп сипаттайды. Халифа Маъмун өз академиясында әр түрлі дін мен мәзһаб өкілдерін, ғалымдарын жинап: «Білімнен нені қаласаңдар талқылай беріңдер. Тек рушылдық, нәсілшілдік пен діншілдік мәселесі ушығып кетпесі үшін ешкім өз дінінің кітабынан дәлел келтіріп жүрмесін», - деген екен.
Қорыта келе, дін мен мемлекет байланысы - көз бен кірпік іспетті. Жаңбыр суынан, көзге келетін зияндардан кірпік сақтап қалса, көз алдында келе жатқан зиянды байқап, хабар береді. Зайырлылық ұстанымды қолдайтын азаматтың бейнесі - мемлекеттік заңға толық бойсынатын, діні мен салт - дәстүріне құрметпен қарайтын және діни деструктивті идеологияға төзбеушілік танытатын азамат.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ- нің Жетісай ауданындағы маманы Б.Шаймерден
Дін мен мемлекет