Дерт көп, денсаулық біреу
Дерт көп, денсаулық біреу
31.12.2020
1762
0

Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Бұл ұғымның күрделі болуы, оның маңыздылығынан болып есептеледі. Көптеген ғалымдар денсаулыққа түрлі анықтама берген. Бірақ олардың ұстанымының барлығы дерлік шамамен бірдей. Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы әрі ұзақ өмір сүруі, тән мен рухани саулықты сезінуі. Оның негізгі қызметі – адамның дамуы мен тіршілігін қамтамасыз ету. Жалпы өмір – қозғалыстан тұрады. Денсаулықтың да дұрыс болуы үшін белсенді өмірдің маңызы зор. Бұл тұрғыда спорттың алар орны ерекше. Спортпен шұғылдану тек спортшылардың ғана емес, барлық адамзаттың өмірінде орын алуы керек. Бұл туралы Гиппократ: «Гимнастика, физикалық жаттығулар және жаяу жүру жұмысқа қабілетті, денсаулығы мен шаттыққа толы өмірін сақтап қалғысы келетін әр адамның күнделікті өмірінде орын алуы тиіс», - деген. Расында, «қай жерің ауырса – жаның сол жерде», - демекші, денсаулыққа кері әсерін тигізетін факторлар да белгілі. Олардың қатарында: қоршаған ортаның ластануы, артық салмақ не салмақтың жеткіліксіздігі, масайтатын заттарды пайдалану болып табылады. Қазіргі таңдағы ең үлкен дерт – гаджеттер де адам денсаулығына айтарлықтай зиян тигізуде. Статистика бойынша 5 миллионға жуық бала ұялы телефонға телміріп, ұзақ уақыт қозғалмағаннан қайтыс болады екен. Теледидар алдында көп отыру, компьютер немесе телефонмен ұзақ жұмыс жасау да осыған алып келеді. Ал, адамның он екі мүшесі аманат ретінде берілген. Дені сау болу қиын дүние емес, тек әр адам өз ағзасына дер кезінде көмек көрсете алса, өз өмірі үшін жауапкершілік ала білсе болғаны.

Ал, Ислам дінінде денсаулық – Алланың құлдарына берген ең үлкен нығметтерінің бірі. Имам Бухаридың Абдулла ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.с): «Адам баласы қадіріне жете бермейтін екі нығмет бар. Ол: денсаулық және бос уақыт», – деген. Сонымен қатар, Имам Бухари мен Имам Тирмизи, ибн Мәжәлардың Абдулла ибн Мехсан әл –   Ансариден (р.а) риуаят еткен хадисінде де Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кімде-кім дені сау, өз ортасында аман болып, жеуге ризығы болса, бүкіл дүниені иеленгендей болады», – деп байлықтан да қымбат денсаулық екендігін жеткізген.

Саулық нығметі Жаратушының пендесіне берген нығметтерінің ішіндегі маңыздысы болғандықтан, ақыретте: «сенің деніңді сау қылып жаратпап па едік?!», – деп сұралатындығы айтылған. Сондықтан, әрбір пенде денінің сау болғандығына шүкір етіп, қадірлей білуі тиіс. Алла Елшісі (с.а.с) пенде Алладан үнемі денінің сау болуын тілеуі жайлы Әбу Бакрден (р.а) жеткен хадисте: «Алладан мықты иман һәм мықты денсаулық сұраңдар. Ешбір адамға күшті иманнан соң саулық секілді жақсы нәрсе берілмеген»,  – деген болатын. Мінекей, осы іспетті Пайғамбар (с.а.с) жолын ұстанған сахабалар да үнемі денсаулықтарына мән беріп жүретін. Мысалы, Алла Елшісі (с.а.с) бауыр қылған Әбу Дарда (р.а) мен Салман (р.а) бір–бірінің халін үнемі сұрап тұратын. Әбу Дарда (р.а) Шамда болса, Салман (р.а) Иракта еді. Бірде Әбу Дарда (р.а) Салманға (р.а) жазған хатында: «Уа бауырым! Ауырмай жатып, денсаулығыңның қадіріне жете білгін», – деген болатын.  Әлемге аты танымал Лұқман Хакім болса: «дененің саулығынан артық байлық жоқ, нәпсінің тазалығынан артық нығмет жоқ. Әй ұлым! Дүние мен ақыретте шарапатты болу – ақылдың саулығынан», – деп өсиет еткен.

Өзімізді әрі ұрпағымызды  өмірдің түрлі жағдайларына дайындау мен  денсаулығымызды сақтау үшін соған лайықты салауатты өмір салтын ұстануымыз керек. Денсаулығымыз сыр берсе, оны өз уақытында емдеу де мұсылманның міндеті. Ал, «Алла мені сынау үшін берген екен»,  – деп, қолымыздан келе тұра оны асқындырып алсақ, өзімізден басқа кім кінәлі болмақ?! Медицинада  дәлелденген сақтануға тиісті нәрселерден бойымызды аулақ ұстап, күнделікті іс-әрекеттерімізде Пайғамбар (с.а.с) сүннетін орындауды естен шығармағанымыз абзал. Мысалы: мүмкіндігінше суды, тамақты отырып ішу, дәретханада қажетсіз отырмау, іш дәрет алып жүру, тамақты шамадан тыс ішпеу, Рамазан айынан бөлек қосымша ораза ұстауға дағдылану, ас алдында және соңында қолды жуу, ауызды шайып әрі тазалау. Мұсылман ғалымдары бұл жайлы: «Кімде-кім денінің сау болғанын қаласа, тағамды жақсылап шайнап жесін. Су ішуді азайтсын. Кешкі астан кейін жүрсін, дәретке шықпастан ұйықтамасын. Қарны тоқ жағдайда шомылудан сақтансын», – деген. Мұстафа Сибағи болса: «Жылына бір рет абақтыға бар, бойыңдағы мінездің қадірін білесің. Айына бір ауруханаға бар, өз бойыңдағы денсаулықтың қадірін білесің. Аптасына бір бау-бақшаны арала, табиғаттың сұлулығын сезінесің. Күніне бір рет кітапханаға бар, Алла берген бойыңдағы ақылдың қадіріне жетесің»,  – деп, әр нығметті уақытында қадірлей білу қажеттілігін жеткізе білген.        Елімізде ашылып жатқан түрлі медициналық орталықтардың басты қызметі – сіз бен біздің, ана мен баланың, жалпы халықтың  денсаулығын жақсарту мақсатында жасалуда. Ал, біздің басты міндетіміз, нығмет болып келген денсаулықты тиісті орнына жұмсап, керісінше өзгелерге пайда тигізу болмақ!

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы                                       «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің                                      Жетісай ауданындағы маманы Б.Шаймерден

0 пікір