Ұлы Даламыз ислам құндылықтарымен астасып, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен мәдениетімен сәйкес келіп жатса, таңқалудың керегі жоқ. Себебі, ата-бабаларымыз жер бетіне түскен соңғы ақиқат Ислам дінінің негіздерін өмірінің айырылмас бөлшегіне айналдырды. Сондықтан, қазақ даласына келген Ислам діні, дінді қабылдаған адамдардың Хақ тағаланы танып, күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қалыптасқан мәдениетімен біте қайнасып, кемелденуіне әсер етті. Құран Кәрімде: «Уа, адамзат! Біз сендерді ер мен әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Өзара қарым-қатынас жасап, араласып өмір сүрулерің үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп қойдық. Кімде-кім Құдайдан көбірек қорқып тақуа болса, Алла алдында соның дәрежесі биік болады. Алла барлық нәрсені қамтып біледі»[1], – деп баян етеді. Осы тұста, жер бетіндегі әрбір ұлттың өзіндік мәдениеті, салт-дәстүрі мен өмір сүру принциптері ұлттық ерекшелікті сақтаудың негізгі факторы болып табылатынын айта кету керек.
Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халықпыз. Бұл – бабаларымыздан келе жатқан сара жол. Салт-дәстүрі сүннет пен хадиске негізделіп, Ата заңы асыл дініміздің негізінде жасалған жұрттың басқа жолды таңдауы да мүмкін де емес еді. Ақындары әуелгі сөзін Бір Алладан бастап, батырлары батасыз жорыққа шықпайтын халықтың бүгінгі ұрпақтарының бейбіт ғұмыр сүріп, биікке көз тастауы да – ғасырлар бойы қазақ елін сусындатқан асыл дініміздің жемісі. Қазақ халқының ежелден келе жатқан көршіге құрметпен қарауы, қонақ күтуі, үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға мейірімділік жасау, ағайындық туыстық қарым-қатынас білдіру мәдениеті - Ислам дінінің негізі болып табылады. Атап айтқанда, ардақты Елші Мұхаммедтің (с.а.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, көршісіне құрмет жасасын. Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, қонағын сыйласын»[2] деген хадисінен байқауға болады. Сонымен қатар, туыстық қарым-қатынасты үзбеу, ағайындармен көркем түрде мәміле жасаудың маңыздылығы: «Ардақты Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) бір кісі келіп, мені жаннатқа кіргізетін амалды үйретші – дегенде, «Аллаға еш серік қоспай ғибадат жасау, намаз оқу, зекет беру, туыстыраныңмен жақсы қарым-қатынаста болуың»[3] - деген хадисте айтылған. Абдулла ибн Саламнан жеткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с.): «Ей адамдар, (кедейлерді, қарны ашты) тамақтандырыңдар, туыстарыңмен жақсы мәміле жасаңдар, адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, жаннатқа аман болған күйде кіріңдер», - деген хадистен ата-бабамыздың бойында қалыптасқан құдайы қонақты ас-ауқатын беріп күту, көрші-қолаңмен, ағайын-туыспен жақсы қарым-қатынаста болу – Алла Елшісі (с.а.с.) бұйырған амалдармен сәйкестікте болғандығының дәлелі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың: «Біз, мұсылманбыз, оның ішінде Ханафи мазхабының суниттеріміз. Бұл жол біздің ата-бабаларымыздың ұлттық дәстүрге деген құрметімен негізделген...», «Біз мұсылман үмметінің бір бөлігі екендігімізге мақтан тұтамыз»[4] деген сөздерінен Ислам дінінің - қазақ халқы құныдылықтарының айырылмас бөлшегі екендігін түсінуге болады. Адамзат тарихына қарасақ, мәдениет өздігінен қалыптаспаған. Барлық мәдениет діни сенім негізінде қалыптасып, дамып отырған. Сондықтан, еліміздің мәдени және әлеуметтік өмірінде ислам дінінің алатын орны ерекше, сондай-ақ өзіндік руханиятының ажыратылмас бөлігі екенін нық сеніммен айтуға болады
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің теолог маманы І.Нағызхан
Бүгінгі Қазақстандағы дін мен мәдениеттің біртұтастығы