Бостандық - адамның немесе жеке ұлттың, халықтың өз мүдделері мен мүмкіндігіне сай әрекет етіп, өз қалауын жүзеге асыруы. Адамдар өз әрекеттерінің объективті жағдайларын қалауынша таңдап алуға ерікті емес, алайда олар нақтылы және салыстырмалы еркіндікке ие. Ғылыми-техникалық ілгерілеу әрбір адамға, әлеуметтік топқа, тұтас ұлтқа қызмет ете отырып, олардың табиғаттың объективті заңдарын игеруіне, іс жүзінде қолдануына жәрдемдеседі. Жеке адам мен ұлттың еркіндік дәрежесінің артуы тұтастай алғанда қоғамның ілгерілеу үрдісінің өзекті өлшемі болады. Оның әлеуметтік кедергілерге қарсы күресі, жалпы алғанда, қоғамның алға басуының қуатты қозғаушы күші болып табылады. Адамдардың дүниедегі объективті жағдайды таңдау еркіндігі болмағанымен, олар өзіндік мақсаттарды көздей алады және оған жетудің әр түрлі мүмкіндіктері қатарынан неғұрлым тиімді жолды ерікті түрде пайдаланады.
Бұл бостандығымыз кешегі ата-бабаларымыз елдігінен айрылып, бодандыққа біржола бата бастаған ХХ ғасырдың басындағы аласапыранда бүгін біз «Алаштықтар» деп атап жүрген саяси қайраткерлер тарих сахнасына шықты. Еркіндік жолындағы осы жанкешті шайқастың ортасында ақсақалдық жасына қарамай қаншама қарттарымыз да жүрді. Қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрған тайғақ заманда Алаш зиялыларының азаттық жолындағы бастамасын қолдап, ел алдында езгіге қарсы дүркін-дүркін сөз сөйледі. Шын мәнінде, қазыналы қазақтың маңдайына біткен Алаш зиялыларының бостандыққа, тәуелсіздікке талпынған қазақ халқы үшін төккен тері көл-көсір. Әсіресе, жау жағадан, бөрі етектен тартқан тар заманда ел басқару ісіне қатысты келелі кеңестер айтқан Әлихан, Ахмет және Міржақыптар тізгінін ұстаған саяси қозғалыстарға бағыт-бағдар бергені бүгін белгілі болып отыр.
Міне шынында болашақ ұрпақтың тәуелсіз, бостандықта еркін жүруі үшін жасалған ерліктер, сәттер, күндер тарих сахнасында, ойып тұрып орын алатыны барлығымызға белгілі. Оны той тойлау үшін емес, бәрімізге ой толғау үшін жоғары деңгейде атап өтуіміз керек. Себебі Тәуелсіздік, бостандық, еркіндік – бабаларымыз аңсап, біздің қолымыз жеткен Тәңір берген тәтті сый. Осы 30 жыл ішінде Қазақстан күш-қуаты нығайып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы бар.
Егемен еліміз, сүйікті Отанымыз жыл сайын 16 желтоқсанда ұлттық мереке – Тәуелсіздік күнін атап өтеді.
Отан – әрқайсымыздың дүниеге келіп, кіндігіміз кесілген, топырағына аунап өскен, ауасын жұтып, суын ішкен, тілінде сөйлеп, дінінен тәрбие алған туған жеріміз. «Отансыз адам, ормансыз құс» деп қазақ бекер айтпаған. Біздің Отанымыз – жер көлемі бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бірі Тәуелсіз Қазақстан.
Біз осындай ата-бабаларымыз армандаған елде еркін өмір сүріп жатқанымызды көп көрмей, одан әрі қарай болашақ ұрпаққа өзіміз осындай ұлан-байтақ, Тәуелсіз, еркіндікте самғап жүрген елімізді табыстау әрбір Қазақстан азаматының міндеті деп білеміз.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы Д.Аманов
Бостандық – үлкен байлық
