Адам баласы өмір сүру барысында ізгі мақсаттарға жету үшін үнемі ізденісте және әрекетте болады. Әр адамның діттеген арманына жету үшін қолғабыс болатын ең құнды дүние ол – ауызбіршілік. Егер шаңырақта, халық арасында бірлік пен татулық болса, ел өркендеп дамиды және гүлденеді. Мұндай істерді бейнелейтін қасиетті құндылықтарымыз бар. Олар: ұлттық дәстүрлеріміз бен әдет - ғұрыптарымыз, бейбітшілікке насихаттаушы дінімізбен тығыз байланысты. Бірлік орнаған елде тыныштық салтанат құрып, жас буын қауіпсіз әрі еркін өседі. Нәтижеде, қоғамда жан - жақты даму жүзеге асады. Демек, әлемдегі өмірдің тұрақты болуы, халықтың діни ғибадаттарын өз деңгейінде орындауы үшін ауызбіршілік пен татулық басты міндет болып табылады. Алла Тағала Бақара сүресінің 208 - аятында: «Уа, иман еткендер! Барлығың Аллаға қалтқысыз мойынсұнып, татулық пен бейбітшілікте (өмір сүріңдер). Шайтанның басқан ізімен жүруші болмаңдар. Шүбәсіз, ол сендерге анық дұшпан» - деп, татулық пен бірлікті сақтау және қадіріне жету міндетін адам баласына жүктеген.
Ауызбіршілік пен татулық Жаратушының нығметтерінің бірі әрі барлық игілікті істердің себепкері. Сондықтан, адам баласы берілген нығметке шүкіршілік етіп қана қоймай, оған зиян тигізуден де сақтана білуі керек. Ардақты Елші (с.а.с) де әуелі адамның дүние мен ақыретте тыныш, амандықта болуын сұрап, дұға қылған. Ол жайлы сахаба Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте: «Уа Раббым! «Дүние және ақыретте бейбітшілік пен қауіпсіздікті орнат», - деген дұғадан абзал дұға жоқ»,- деген. Келесі бір Әнастан (р.а) жеткен хадисте: «Алладан дүние және ақыретте тыныштық пен амандықта болуды сұраңдар. Егер дүние және ақыретте бірлік пен қауіпсіздік берілсе, құтыласыңдар», - дейді. Сөзіміздің дәлелі ретінде Ибраһимнің (а.с) туған жері Меккеге, өзінің халқына ауызбіршілік пен ризық тілеген Бақара сүресінің 126 - аятындағы дұғасын келтірсек болады: «Сол кезде Ибраһим: «Уа, Раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт шаһар қылғайсың! Бұл жердің халқына, араларындағы Аллаға һәм ақырет күніне иман еткендерге түрлі жеміс- жидек, көкөністерден ризық бергейсің», - деп жалбарынды», - деген.
Сол замандардағы тарихқа көз жүгіртсек, Мекке шаһары бейбіт қалалардың бірі болған. Соған қарамастан, бұл ауызбіршілік пен тыныштық туралы үнемі дұға етудің маңыздылығын көрсетеді. Бірде сахабалар ардақты Елшімен (с.а.с) сұхбаттасып отырған шақта, сахабалардың бірі: «Уа, Алланың Елшісі, Аллаға дұға жасағанда көбіне нені сұрайық?», - деп сұрақ қояды. Сонда Пайғамбар (с.а.с): «Алла Тағаладан ауызбіршілік пен тыныштықты сұраңдар», - деп жауап қайтарған.
Бірлік орнаған мекен үстіне ауызбіршілік сұрап дұға ету – бейбітшіліктің тұрақты жалғасуына кепіл болмақ. Бұл жайында Ибраһим сүресінің 7 - аятында: «Сондай-ақ, Раббыларыңның: Егер шүкіршілік етсеңідер, нығметімді сөзсіз арттырамын. Ал егер жақсылықтың қадірін білмесеңдер, онда азабым расында, тым қатты», - деп жар салғанын естеріңе алыңдар», - деген. Қандай адам болмасын өзі өмір сүріп жатқан, Алла нығмет етіп берген Отанды, оның мөлдір тұнық суларын, таза ауасын, түрлі жемістерін пайдаланғандығы үшін шүкір етіп, халық арасында ауызбіршілік пен ынтымақты насихат жасауы – Отанның және өз отбасының алдындағы абыройлы міндеті.
Мақаламызды қорытындылай келе, ауызбіршілік – шүкіршілікті талап ететін нығмет. Ата - бабаларымыздың: «Бірлік бар жерде тірлік бар», - деп ауызбіршілікке шақыруы, жастарымыздың арасында бітімгершілік пен бірліктің орнауы - алтыннан да қымбат асыл дүние.
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Жетісай ауданындағы маманы Б.Шаймерден
Ауызбіршілік алтыннан да қымбат