Атам қазақ «Бірінші байлық - денсаулық» деп тегін айтпаған ғой. Бұл орайда әр адам өз денсаулығына дұрыс мән беріп, денсаулығын күту мәдениетін қалыптастыруға назар аударғаны жөн. Өйткені адам капиталының сапасы мен саны оның денсаулығына тікелей байланысты екені сөзсіз. Яғни дені сау ұлт қана өміршең мемлекет құра алады. Осы орайда елімізде қалыптасқан күрделі эпидемиялық ахуал бүкіл қоғамды алаңдатып отыр. Қазіргі таңда коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы вакцина салу міндеті тұр. Қиындықтан шығу жолын ертерек ойластырған өзге елдердің тәжірибесіде дәлелдеді. Мәселен, Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінде вакцина салдырудан көш басындағы елдерде білім, туризм, сауда, шағын және орта бизнес секілді түрлі салалардың жұмыстары қайта жанданып отыр. Коронавирустың жаппай таралуын ауыздықтай алды. Экономиканың қайта қалпына келуін қамтамасыз етті. Қазіргі күнде бұл індeтке жауапкершілікті сезінбей қарауға болмайды. Індeт жұқтыpғaн aдaмдapдың caны дa көбейіп, aуpухaнaлap нaуқacтapғa лық толған болатын.
Еліміздегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы коронавирусқа қарсы вакцина салуға қатысты өз мәлімдемесін жасаған болатын. Кез келген адам емделудің және аурудың алдын алу жолдарын қарастыруы тиіс екенін айтты. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «...шариғат бойынша зәру жағдайда екпе салуға болады. Біраз қызметкерлер, аймақтық имамдар індетке қарсы екпе салдырып жатыр. Мамандардың сөзіне құлақ асып, денсаулық үшін маңызды деген соң осындай қадамға барып отырмыз» деген ойын білдіріп өтті.
Қасиетті Құран кітабының «Бақара» сүресінің 195 - аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар» деп бұйырған. Ислам дінінде адамның өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына аса мән беруі қажет. Ал, ардақты Мұхаммед Пайғамбар өз сөзінде: «Емделіңдер, расында Алла әрбір дертті шипасымен қоса жаратты. Бір дерттің ғана дауасы жоқ, ол - кәрілік» деп өсиет қалдырған. Ислам дінінде адамның иммунитетін күшейтетін дәрумендерді қабылдауға, қолдануға тыйым салынбаған. Ал вакцина болса аурулардың күшейуін әлсірететін, оған қарсы иммунитетті күшейтетін препараттардың бірі болып табылады. Әлемдегі індетке байланысты Мысырдағы әл-Азһар Ислам университеті жанындағы ғұламалар кеңесі, Ислам Конференциясы Ұйымына қарасты Ислам фиқһ кеңесі ғұламалары, Марокко мен Сауд Арабиясы корольдігінің ғалымдар кеңесі түрлі жұқпалы аурулардан сақтану үшін вакцинациялық екпеге жүгінуге болады деп пәтуа шығарған. Аталған діни мекемелердің ғалымдары хадистерге жүгінген.
Көрші орналасқан Ресей Федерациясының мұсылмандар діни басқармасы және вакцина жасайтын ғылыми институты өкілдері бірлесе отырып, коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинаға қатысты теологиялық-құқықтық шешімін шығарған болатын. РФ МДБ төраға орынбасары И.Аляуиддинов: «Әзірлеушілерден жауап келді. Шошқа желатині жоқ, адамның құрамдас бөліктері (жасуша сызықтары) да жоқ. Бір қарағанда, біз ислам тұрғысынан тыйым салынған нәрсе жоқ деп айта аламыз» деп өз пікірін білдірген болатын.
Әрбір адам өз денсаулығына аса мән беру қажеттілігі турасында қазақ халқының даналығында: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаса керек. Күнделікті өмір салты - спортпен айналысу, зиянды әдеттерден аулақ болу, дұрыс тамақтану, дәрігерге дер кезінде қаралу - денсаулықты сақтаудың қарапайым шарттары осылар екенін әрқайсымыз жақсы білеміз. Демек, ең бастысы, өзімізге деген көзқарасты өзгерту қажет. Сонда ғана өз ағзамызға өзіміз көмектесіп, жанымыз бен тәнімізді рухымызға бағындыра аламыз. Сондықтан тиімді вакцина болса, неге өзімізді екпе арқылы аурудан қорғап қалмасқа?! Әлемде вакцина алуға қауқары жетпей, тұрғындарын түрлі аурулардан қорғай алмай отырған елдер де барын ұмытпаған жөн.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы Б.Абдрахман
Ауырып ем іздегенше...