Отбасын құрып, отау тіккеннен соң жұбайлардың сүйеніші, мақтанышы, қуанышы – сәби. Яғни ата-ана үшін бала өмірдің сәні. Содықтан кез келген ата-ана Аллаһ тағаладан жақсы перзент беруін тілейді.Ал перзент отбасының шайқалмауында үлкен рөл атқарады. Расын айту керек, кейде кейбір отбасында сәби дүниеге келмей, балаға зао болып, бармақтарын тістеп жатса, кейбір ата-ана баласының болғандығына кейіп қарғысын жаудырып жатады. Десе де, ата-ананың жақсылық жасауына бірден-бір құқылы адамдарының бірі – перзенті. Өйткені, бала – Аллаһ тағаланың аманаты.Рабыммыз олардың тәніне де, жанына да жақсы тәрбие беруді өсиет еткен.
Сондықтан, ата-ана баласына жақсы тәрбие берерде, ең алдымен, ықылас ниетін дұрыстап, әрі мұны Аллаһ разылығы үшін орындау қажет. Дегенмен мұнда екі жаққа да маңызды, яғни ата-ана мен бала арасындағы қатынаста аса назар аударатын жәйттар бар. Айталық, перзенті алдында ата-ананың мынадай міндеттері бар:
Бірінші, ата-ана перзенттерінің арасын алаламай әділ көңіл бөлуі қажет.Әсіресе, оларды жақсы көрген кезде барлығын бірдей жақсы көру керек. Кей уақытта ата-ана ұл-қыздарын бірін-бірінен артық көріп жатады, тіпті біреуін сүйіп аймалап жатса екіншісін жекіп ұрсып тұрады. Алайда бұл дұрыс емес.
Қай уақытта, қандай жағдайда болмасын ата-ана балаларының арасын бөле жармай не берсе де әділ болып, ешқайсысының көңілін қалдырмауы тиіс. Әрине балаларға деген сүйспеншілікпен мейірімділік әрдайым болу керек.Бірақ қайткен күнде де орта жолды ұстанған жөн. Өйткені Құран Кәрімде: «Мал-дүние мен балашаға дүние тіршілігінің ғана сәні ...» («Кәһф сүресі, 46-аят) делінген.
Сондықтан, тек бала-шағаның қамын күйттеп кетпей, о дүниеге пайда келтіретін жақсылықтарды да естен шығармау ләзім. Тағы бір аятта: «Ол күні дүние малда, бала-шаға да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаһқа шынайы жүрекпен келсе ғана пайда береді» («Шұғара» сүресі, 88-89 аяттар), - делінген.
Екінші, ата-ана ұлы мен қызына бірдей қарау керек. Жоғарыда айтқанымыздай, ата-ана балаларының арасын бөліп жармай, әрқайсысының өз орнын біліп, әділетті болуы тиіс.Кейбір отбасында жұбайы ұл емес қыз босанғандықтан, көңілдеріне қаяу түсіп, ренжіп жатады.Нәрестенің ұл немесе қыз болуы біздің еркімізде емесін Құран Кәрімде: «Көктер мен жердің иелігі Аллаһқа тән. Аллаһ қалағанын жаратады. Кімге қаласа, қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай ақ, қалағанын бедеу етеді. Күдісіз Ол толық білуші, аса күшті» («Шұра» сүресі, 49-50 аяттар).
Сондықтан, Аллаһ тағала перзент сыйлағаннан соң оның жынысына қарамай жақсы тәрбие беріп, бағып-қағу міндет. Ата-ана тек шүкіршілік білдіріп, Аллаһ тағаланың разылығы үшін үлкейтіп, дұрыс көңіл бөлуі тиіс.
Үшінші, ата-ана перзентіне жақсы тәрбие беруі ләзім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде былай дейді: «Ешбір әке баласына көркем әдептен артық сыйлық берген емес» (Тирмизи,33).
Сондықтан, ата-ана, әң әуелі, баланың жүрегіне санасына Аллаһ тағалағаа деген сенімін орнықтыруы қажет . Өйткені, олар Аллаһ тағаланың аманаты. Ең бастысы, олардың жандарын, ішкі дүниелерін пайдалы білімдер мен ақиқат танымдар арқылы тәрибелеп, оларды мақтаулы мінез құлықтарға баулып, жаман қылықтардан сақтандыруы қажет.Себебі балаларды көркем әдептерге баулу – оларға бұл дүниеде алтын-күміс тағы басқа сол сияқты түрлі дүниелік бұйымдарды сыйға тартудан әлдеқайда артық.Яғни,көркем әдептер мен мінез-құлықтар олардың мәртебесін көтеріп, бақытқа кенелтеді. Құран Кәрімде айтылғандай Лұқман пайғамбар (ғ.с) баласына мынадай өсиет еткен еді: «Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: «Әй ұлым! Аллаһқа серік қоспа! Күдіксіз серік қосу үлкен зұлымдық , - деді. – Әй ұлым! Тарының салмағындай болса да, көктерде не жерде болса да, Аллаһ өте жұмсақ, толық білуші. Әй, ұлым! Намазды толық орында . Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый.Басыңа түскен ауыртпашылыққа сабыр ет. Рас, бұлар маңызды істерден. Адамдарға паңсып қырындама да, жерде кердеңдеп жүрме.Шынында, Аллаһ бүкіл дандайсыған мақтаншақты жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол да. Дауысыңды бәсеңдет. Сөз жоқ дауыстардың ең жаманы есектің дауысы» ( «Лұқман» сүресі, 13-19 аяттар).
Яғни баланы жас кезінен бастап жақсы мен жаманды, күнә мен сауапты үйретіп ,әрбір іс-әрекетін осылайша орындауға дағдыландыру керек. Сол үшін ата-ана перзентіне барлық әдептілікті үйретіп, әрі өздері де дұрыс улгіде болуы тиіс.Өзі намаз оқымай баласына намаз оқы десе, ішімдіктің харам екендігін, оның денсаулыққа зиян екендігін айтып, бірақ, өзі мұны орындамайтын болса, мұндай ата-анадан бала қандай тәрбие алатыны айтпаса да түсінікті болар. Құран Кәрімде: « Әй мүміндер! Өздеріңді әрі үй іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған оттан қорғаңдар. Оның басындағы періштелер жуан денелі, қатал. Олар Аллаһтың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйырылса, соны орындайды» («Тахрим» сүресі,-аят).
Төртінші, ата-ананың тағы бір міндеті балаларының материалдық қажеттіліктерін өтеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «бір адамның қайыр жолында жұмсаған ақшасының ең жақсысы – отбасына жұмсаған ақшасы», - дейді.
Сол үшін оларды дұрыстап ішкізіп-жегізіп, өмірлерін баянды етуі керек. Ата-ана бұл үшін Аллаһтың алдында жауап беретін болады. Сондай-ақ, ана емізулі сәбиін де Аллаһтың әмір еткендей мерзімімен емізуі қажет. Аятта: «Емізуді тәмәмдағасы келген кісі үшін аналар балаларының толық екі жыл емізеді» («Бақара» сүресі, 233-аят), - делінген .
Айта кету керек, кейбір ата-ана жағдайларының жоқтығынан бала туғысы келмейді. Оларды асырай алмайтындықтарын сылтау етеді. Сол үшін, тіпті, кейбір әйелдер жатырындағы баласын да алдырып тастайды. Не үшін бұлай істегенін сұрай қалсаңыз, тұрмыс жағдайларының нашарлығын алға тартады .Ал Аллаһ тағала бұл жайында Құран Кәрімде былай дейді: «Бір де кедейшіліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да сендерді де қоректендіреміз (ризық береміз). Расында оларды өлтіру улкен қателі» («Исра сүресі, 17-аят).
Ата-ана бізді мәпелеп, өсіріп, ер жеткізіп, азамат болуымыз үшін қолынан келген барлық мүмкіншілігін жасап тәрбиелейді. Сондықтан, біз де ата-анамызға құрмет көрсетіп, қартайған шағында олардың көңілін қалдырмай соңғы деміне дейін аялап қарауымыз керек. Аятта: «Аллаһқа құлшылық етіңдер. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар және әке-шешеге жақсылық жасаңдар» («Ниса» сүресі 36-аят), - делінген.
Хадисте: «Аллаһтың ризалығы ата-ананың ризалығында, Аллаһтың ашуы ата-ананың ашуында», - деген (Тирмизи). Сондықтан, ізгілік атаулының ең биігі – ата-ананың разылығын алу. Яғни ата-ананы риза ететін кез келген мәміле мен қарым-қатынас, кез келген тәсіл-шара жақсылыққа жатады. Дәлірек айтқанда, ата-анаға қарау, қамқорлық жасау, оларды бағып-қағу перзенттің ең басты міндеттерінің бірі. Ал оларға қарсы сөз айту, оларға құрметсіздік көрсету үлкен қателік, үлкен күнә.
Құран Кәрімде бұл жайында былай дейді: «Раббың өзіңе ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті.Ал егер ол екеуі қастарыңда (көз алдарыңда) кәрілікке жетсе: «УҺ» деме. Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуі мені кішкентайымнан тәрбиелегендей, Сен де оларды мейіріміңе бөлей көр!» - де» («Исра» сүресі, 23-24 аяттар).
Сол үшін ата-анаға құрмет көрсету парыз әрі шексіз сауап. Сондай-ақ, ата-ананы бұл дүниеде құрметтеп қана қоймай бұл дүниеден өткен соң да, оларды еске түсіріп, айтқан өсиеттерін бұлжытпай орындау керек. Олар үшін Аллаһ тағаладан кешірім тілеп, артынан дұға жасап тұру перзенттік борышымыз.
Сөзімізді түйіндей келгенде, ата-анаға құрмет етудің шегі жоқ. Ал ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуінің залалы үлкен. Яғни, перзент мол жеміс үміт ететін бау-бақша іспеттес, бұл жас бақтарға, балғын бұтақтарға көңіл бөлмесек, дер кезінде суарып зиянды нәрселерін тазартпасақ, өсіп өркендеп, қанат жаюына қажетті жағдай жасамасақ, олардан жеміс күту барып тұрған ақмақтық болар еді.
Ендеше, ертеңгі күні орныңды басушы, бақытыңның нысаны, артыңнан өзіңе дұға тілеп игілік әкелетін перзенттер қалдыруды назардан тыс қалдырмаған абзал.
ОҚО дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ
дінтанушы маманы А.Бектұрғанов