Әл-Фарабидің рухани мұрасы
Әл-Фарабидің рухани мұрасы
20.11.2020
1018
0

Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасының идеялық бағытын дұрыс түсіну үшін сол кездегі тарихи жағдайды білу қажет. Ол үшін әлемдегі ең ірі тарихи оқиғалардың бетбұрыс кезеңін ескеру маңызды. Ислам дінінің келуімен VIII ғасырдағы Орталық Азия мен Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдай мен рухани өмірде түбегейлі өзгеріс кезеңі басталды. Ұлы дала аймақтарына Ислам дінінің кеңінен таралуына себеп болған фактор дала адамдарының теңдігін алға тартқандығы, халықпен жұмыс жасауда шариғаттың жеңіл түрлерін қолданғаны және мұнда оған дейін болған наным-сенім жүйелердің элементтері мен қалдықтарына төзімділікпен қарады. Көшпелі және отырықшы халықтар арасында Исламды қабылдау және мұсылман болу лайықты әрі құрметті іс болды. Бұл үлкен әдептіліктің, абырой мен ізеттіліктің нышанына айналды. Жалпы, исламды қабылдаған көптеген мұсылман елдерінде, соның ішінде Орталық Азия мен Қазақстанда дамыған өркениеттің нышандары байқалды, соның негізінде рухани мәдениет өркендеді. Араб халифатының гүлдену кезеңінде мұсылман Шығысының өркениеті сол дәуірдегі Батыс Еуропа мәдениетіне қарағанда зайырлы білім мен ғылыми жаңалықтардың едәуір кең таралуымен ерекшеленді. Ислам мәдениетінің таралуы арқасында Қазақстандағы қоғамдық-саяси және діни мәдениетке күшті серпін берді. Араб тілі мен араб әдебиетінің түркі тілінде таралуы бұл аймақта VIII ғасырдан бастап исламмен байланысты. Біз бұл тарихи дамуды Орталық Азия өңірлерінен шыққан ұлы ғалымдардың жемісті еңбектерінен көреміз. Солардың бірі –  шығыстың көрнекті ғалымы Әбу Наср Әл-Фараби (870-950 ж.).  

Әл-Фараби – біздің жерлесіміз, ол ежелгі Отырар қаласында (арабтар оны Фараб деп атайтын), Қазақстанның оңтүстігінде Тархан Мұхаммед Узлахұлының ауқатты отбасында дүниеге келген. Оның толық аты –  Әбу Наср Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлаг Әл-Фараби ат-Түрки. Қазіргі Шәуілдір ауданының орталығында ашылған Әл-Фараби кітапханасында ол туралы бірнеше құнды мәліметтер бар. Әл-Фараби Қазақстанның оңтүстігіндегі Фараб ауданында – көп ғасырлық тарих пен мәдениеттің өркендеген кезеңінде өмір сүрді және білім алды. Әл-Фарабидің бақытына орай, бұл кезде Отырар қаласының бай кітапханасы болған. Демек, ол түркі ортасынан шыққан, олардың арасында ислам мен араб мәдениеті өте жоғары бағаланды. Әл-Фараби өз заманының, өз дәуірінің атақты ғұлама өкілі. Тұлға ретінде Әл-Фараби феодалдық және діни дүниетанымдар толығымен үстемдік еткен қоғамда қалыптасты. Әл-Фараби мұсылмандық  тұтқасынан білім нәрін алып, Ұлы дала ер жігітіне шынайы мұсылман болуды құрмет тұтып, исламды үлкен әдептіліктің, абырой мен ізеттіліктің белгісі екенін білді.

Әл-Фарабидің философиялық, әлеуметтік-саяси көзқарастарына әсер еткен факторлар Ислам Халифатының негіздерін шайқалтқан сол кезеңдегі азаттық қозғалыстар, халқының рухани құндылықтары, түркі этникалық ортасы, 52 рулық-тайпалармен етене араласуы еді. Әл-Фарабидің еңбектеріндегі әлеуметтік-философиялық және саяси көзқарастары ол өмір сүрген дәуірдің өнімі, ықпалы десек болады. Сол кезеңдегі қоғамның басым дүниетанымы – діни идеологиялардан, қоғамдық қатынастар мен мемлекеттік құрылымның әлеуметтік-саяси тұжырымдамалардан құрылды.  

Сонымен, Әл-Фараби бейбітшілік қаласы – Бағдатқа білім саласында еңбек етуге барды. Әл-Фараби өмірінің маңызды бөлігін Араб Халифатының ірі мәдени және ғылыми орталықтарында, ең алдымен Шамда (Дамаск) өткізді. Әл-Фараби 950 жылы 80 жасында қайтыс болып, сол жерде жерленген. VІІ-VІІІ ғасырларда ислам тарихының зерттеушілердің пікірі бойынша Бағдат қаласының халифалары-әмірлері прогрессивті бағытты ұстанды. Олардың ішінде Әл-Мансур (745-775), Харун  ар-Рашид (786-809) болды. Олардан кейін Әл-Мағмун әулеті (813-819) халифалар арасынан ғылым мен білімнің дамуына ерекше қызығушылық танытты. Олардың билігі кезінде обсерваториялар, білім ордалары құрылды.  Әлемге әйгілі ғалым Әль-Кинди (800-874), сондай-ақ Орталық Азия мен Қазақстаннан шыққан ежелгі түркі ғалымдары Ғ.Жауқари, А.Фарғани, Әл-Хорезми өмір сүріп, жұмыс жасады. Әл-Фараби өзін сол кездегі араб мәдениеті мен өркениеті, құқығы мен философиясы өркендеген өте танымал, жоғары интеллектуалды ортадан табылды. Оның үстіне Араб халифаты – ислам ғұламаларына қолдау көрсетіп отырды. Әл-Фарабидің демеушісі, қазіргі тілмен айтқанда меценаты Сирияның Халаб қаласының билеушісі Сайф ад Даула болды, ол оны ғалым, музыкант, ақын, кеңесші және дәрігер ретінде көп қырлы қабілеттерімен бағалады. Дәл осындай тиянақты қоғамдық-саяси және ғылыми ортада әл-Фараби Шығыстың көрнекті ғалымдарының бірі болып білім жолында ізденісте жүрді.

Атақты ғалым Әбдул Хасан Байхакидің (996-1077) пікірінше; «Әбу Насырға тең келетін адам әлі исламда туылған жоқ», - деген, оның іліміне тамсанатындар Әл-Фарабиді Аристотельден кейін «Екінші ұстаз» деп таныды. Әл-Фараби өз еңбектерінің әрбір кіріспесін мына сөздермен бастаған: «Мейірімді және Рақымды Алланың атымен бастаймын», және еңбектерінің соңында – «Аллаға шүкір» етумен аяқталады. Әл-Фараби өзінің дін туралы трактатында «Діннің көмегімен әркім өз алдына қойған мақсатына жетеді», - дейді. Ол Ислам фәлсафасына «Ізгілікті дін» терминін енгізді. Алайда ол нақты бір дінге сілтеме жасамайды. Соған қарамастан, әл-Фараби өз дәуіріндегі ең өзекті және өткір философиялық, әлеуметтік-саяси идеяларды терең білдірді. Әл-Фараби нысанын зерттеген ғалымдардың пікірінше: «Әл-Фараби – өз заманының және өз дәуірінің өкілі.  Адамзаттың көптеген салаларында көптеген іргелі проблемалар туралы айтқан әмбебап ойшыл», - дейді. Әл-Фараби білімнің әр түрлі салаларын қамтитын бай ғылыми мұра қалдырды. Фараби шығармаларының санын неміс ғалымы Ш.Штейшнейдер 117 еңбек десе, түрік ғалымы А.Атеш – 160, ал тәжік ғалымы Б.Ғафуров 200 трактат деп көрсетеді. Айта кету керек, қазіргі қоғамда ойшылдың шығармашылығында қоғамдық-саяси трактаттар маңызды орын алады. Әл-Фарабидің негізгі еңбектері: «Ғылымдардың классификациясы туралы сөз», «Ізгілікті қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат», «Азаматтық саясат», «Мемлекет қайраткерінің афоризмдері», «Бақытқа жету жолын көрсету», «Философияның дінге қатынасы» және т.б. Осылардың ішінен ортағасырлық ғылымның энциклопедиясы болып саналған «Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз» трактатында азаматтық ғылым (қоғам және мемлекет туралы ілім), заң ғылымы (заң доктринасы) және барлық нәрсені жаратушы Құдай туралы ғылым жеке-дара тарау ретінде бөлінген. Әл-Фарабидің әлеуметтік-саяси философиясының өте өзекті мәселесі – адам, оның табиғи және әлеуметтік болмысы. Әл-Фараби адамға гуманистік позициядан қарап, олардың дәуірінен едәуір озған тұжырымдар жасады. Адамның өзінің «табиғи бесігінен» шығуы, оның пікірінше: «Адам саналы, парасатты болып туылмайды, бірақ санаға, парасаттылыққа қабілетті болып туады. Адам зеректікке практикалық іс-әрекет арқылы жетеді», - дейді. Философияда, Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық және эстетикалық ілімдерінде ежелгі грек ойшылдары – Аристотель мен Платонның философиялық, әлеуметтік-саяси мұралары көрініс тапты. Әл-Фараби олардың ең маңызды идеяларын қабылдады және шығармашылық тұрғыдан қайта өңдеп, өзінің қоғам, мемлекет, этика және эстетика туралы өзіндік, философиялық, әлеуметтік-саяси тұжырымдамасын жасады. Соған қарамастан, ол өз дәуіріндегі шұғыл және өткір философиялық, қоғамдық-саяси идеяларды білдірді.

Өзінің философиялық, әлеуметтік-саяси тұжырымдамасында Әл-Фараби коммуникация, бақыт, жақсылық, өлшем, әділеттілік және т.б категорияларға ерекше назар аударды. Ол өзінің идеалына сәйкес ақыл-ойдың, білімнің жоғары құндылығын, бауырмалдық пен достық принципін ашады, өзінің қазіргі қоғамындағы адамгершіліктің жағымсыз ерекшеліктерін сынайды. Әл-Фарабидің «Ізгілікті қала тұрғындарының көзқарастары» туралы трактатында мемлекеттік басқару мәселелеріне, қазіргі қоғамның жетілмеген тұстарын сынауға және әлеуметтік тәртіпті қайта жақсартуғы арналған. Ойшыл өзінің бұл еңбегінде ашкөздігімен және озбырлығымен мемлекеттер құратын билеушілердің деспотизміне қарсы тұрады. Мұндай мемлекеттерді, оның пікірінше, білімсіз, надан және жаман мінезді адамдар зорлық-зомбылықпен басқарады. Олар тек байлықты, күш пен ләззатты бағалайды. Әл-Фараби ізгілікті мемлекет басшысының туа біткен 12 қасиетін атап өтеді. Оның пікірінше ел басшысы: «....Әділ болуы керек, бірақ қыңыр емес, өйткені Ислам кез-келген әділетсіздік пен арсыздыққа мүлдем қарсы; ол қажет деп санайтын нәрсені орындауда дер кезінде шешім табатын, сонымен бірге қорқыныш пен қорқақтықты білмейтін, батыл болу», - керек дейді.

Қорыта келе бұл мақала ұлы ойшыл, ортағасырлық шығыс философиясының ірі өкілдерінің бірі, ғалым-энциклопедист Әл-Фарабиға 1150 жылдығына орай арналған. Әлем мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған Фараби мұрасын жинап, жүйелеп, зерттеп, ұлт мүддесі үшін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жасалған «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберіндегі шығыстың ғұлама ойшылы Әл-Фарабидің 10 томдық еңбектері, ғылыми трактаттары және кітапхана қорындағы философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияға байланысты 193 дана кітапты оқырмандар назарына ұсынылды. Ұлы ойшылдың кейбір идеялары келешек ұрпақтарға арнап айтылғандай терең қасиетті мағынаға ие, қазіргі адамзаттың өмір шындығына сәйкес келеді. Әл-Фараби қоғамның көптеген салаларында және адамзат білімінде көптеген іргелі проблемалар туралы айтқан әмбебап ойшыл болды. Бүгінгі күні әлемде орын алып жатқан жаһандық келіспеушіліктерге байланысты «Тек кемел ақыл-ой, адамдар арасындағы жанжалдың (соғыстың) мағынасыздығын көрсетеді» және олар «ең жоғарғы жақсылыққа» жету үшін «келісімге келуі керек» деген пайғамбарлық тұжырымдарды иеленеді. Әл-Фарабидің еңбектеріндегі көрегендігі қазіргі таңдағы терең тұжырымдамалық маңыздарды растайды. Сондықтан ол әлемдік өркениет пен мәдениеттің тарихында терең із қалдырған ойшылдардың арасында лайықты орын алады.

 

 

 

 

 

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ теолог маманы                        А.Дүйсен

0 пікір