Қазақ халқы қай заманда болмасын адамзаттың ізгі қасиеттерін алдыңғы орынға қойған. Адамды «адам» деген атқа лайық ететін ізгілік пен игілік, білім мен парасаттылық, тәрбие мен ар-ұят сынды қасиеттердің жиынтығын кемелдік дейміз. Кемелдікке бастау – адамның басты ерекшелігі. Өйткені, ол әр адамды дүниедегі қаншама миллиард адамнан ерекшелендіретін қасиет.
Жаһандану заманында пенделердің рухани тоқырауға ұшырауы, отбасы берекесінің шайқалуы, әділетсіздіктің белең алуы секілді мәселелер кез келген адамды мазалайды. Дүниеде барша жақсылық та, жамандық атаулы да адам баласының қолынан жасалынып келеді. Бұлар – бір халықтың ғана көрінісі емес, бүкіл адамзат қауымының көрінісі. Бұл жеке адамның да, бүкіл қоғамның да дамуына орасан зор зиянын тигізеді. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу мен адами қасиеттерді жаңғырту бүгінгі күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды.
Адамзаттың кемелдігі, қоғамды бақытқа жеткізу жайлы ой-толғамдар қазақ ойшылдарының даналығында кең құлаш жайған. Бұл тақырып Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» пен Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметінде» көрініс тапты. Әл-Фараби «Парасатты ел тұрғындарының көзқарастары» деген еңбегінде идеал мемлекетті сипаттап, оның мәнін ашып, адамдардың бір-бірімен достықта, сыйластықта, бірлікте өмір сүру керектігін жазып қалдырған болса, данышпан ақын Абай Құнанбайұлы «Адам бол!» деген талап қояды. Қоғамның ащы шындығын сынай отырып, бұл дертке дауа болатын жолдарды көрсетіп, халыққа кемелдікке бастайтын сатыларды ұсынады. Негізгі айтар ойлары – адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, құтты ету.
Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өресі озық азамат тәрбиелеу. Бұл біздің қоғам алдындағы борышымыз. Бүгінгі әлемдегі елдер мен халықтардың өзара тарихи байланысының дамуы, экономика, мәдениет пен ғылымның әлемдік деңгейге бет бұруы, ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білім мен тәрбиеге ғана тән.
Білімді ұрпақ – еліміздің болашағы, ертеңі. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Қоғамның негізгі өзегі – жастар. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, сол жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. Саналы қоғамда білімді азаматтармен бірлесе өмір сүрген жастар өз бойында білімге деген құштарлық пен ізгі сезімдерді қалыптастыратыны сөзсіз. Елбасымыз жастардың сапалы білім алып, саналы азамат болуы үшін де қазіргі заманда білім-ғылымға және мәдениетке аса көп назар аударатыны, ғылыми прогрессті дамыту үшін көптеген қызмет атқарып, еліміздің дамуындағы білімнің маңызын айтып, нұсқау беруі – бәрі де еліміздің экономикасының қарыштап дамуындағы бірден-бір өзгеріс екені баршамызға айқын. Сондықтан, Қазақстанның жарқын болашағы тек білімді жастармен ғана қалыптаспақ!
Н.Сайлауов
Теолог маман
Адамзатты кемелдікке білім жетелейді