Терроризм – зұлымдық торы
Терроризм – зұлымдық торы
20.05.2024
1215
0

Бүгінгі күні әлем елдерінің басты назарында болып отырған күрделі мәселелер қатарында – экстремизм және терроризм, радикализм, фундаментализм, фанатизм ұғымдары. Қолданысқа саяси терминдер ретінде қалыптасса да, соңғы уақыттары дін төңірегінде көп қолданылып жүр.

         Экстремизм сөзі латынның «extremus» деген сөзінен келіп шығады. Мағынасы саяси, экономикалық, идеологиялық, әлеуметтік, діни т.б. мақсаттарға тыйым салынған жолдар арқылы қол жеткізу дегенге саяды. Экстремизмнің түрі, бағыты сан түрлі. Олардың негізгілері ретінде ұлттық, саяси және діни мақсатты көздейтін жымысқы іс-әрекеттерді атауға болады. Ұлттық экстремизм деп өз ұлтын «сақтау», оның мәдени, экономикалық құндылықтарын «қорғау» сылтауымен өзгелердің құндылықтарына зиян тигізу, қауіп төндіру әрекеттері болып танылады. Ал саяси экстремизм ретінде қоғамдық заңдылықтар негізінде қалыптасқан жүйені күшпен алмастыруды көздейтін әрекеттер болып саналады.        

         Терроризмнің де бірнеше түрі бар. Оның ішінде этникалық терроризм адамның ұлтына, этникалық түріне қарсы жасалған қылмыс түрі. Мұны кейде нәсілшілдік пиғылының нәтижесі деп те атап жатады. Этникалық терриризмге күрдтердің Түркиядағы, шешен содырларының Ресей аймағындағы бірнеше террорлық актілері т.б. мысал бола алады.

         Діни терроризмге діни идеологияның ықпалымен өзге дін өкілдеріне немесе мемлекеттік құрылымдық жүйелерге қарсы радикалды іс-қимыл түрі жатады. Бұған Қазақстанда да орын алған бірнеше радикалды топтардың құқық қорғау органдарымен арада болған қарулы қақтығыстарын мысал ретінде атап көрсетуге болады. Діни терроризм түріне діни канондарды бұрмалау арқылы адамдарды радикалдандыру және осы әрекетпен жұрт арасында дүрбелең туғызу, жазықсыз жандардың жанын қию әрекеттері жатады.

         Терроризм атты тор әлемді дүр сілкіндіруде. Түрлі арам пиғылды қой терісін жамылған қасқырлар арагідік әлем халқына тістерін батырып, ел ішінде лаң туғызуда. Елімізде діни ахуал қалыпты дегенімізбен ата-бабамыздан қалған мына тәмсілді әсте естен шығармауымыз тиіс: «Жау – жоқ деме, жау – жар астында».

         Жар астындағы жаңғырықтарды көрші елдерде болып өткен жағдаяттардан байқай алмамыз. Саяси терроризм немесе діни терроризм екендігіне саясаттанушылар өз бағасын бере жатыр. Бірақ, терроризмнің қай түрі болса да, жазықсыз төгілген қанды ақтай алмайды.

         Терроризм – әлемге келген үлкен қауіп. Көрші елде болған террорлық жан түршігерлік оқиғаның артында Астана қаласының Есіл ауданы сотының 2015 жылғы қазан айының 15 жұлдызындағы шешіміне сәйкес тыйым салынған – «Ислам мемлекеті» (ДАИШ) террористік ұйымы тұрғандығы анықталды.

         Соңғы уақыттары бой көрсетіп, елдің тыныштығына қол сұққан ДАИШ-тың құрылымдық қанаттарының бірі – «Хорасан уалаяты». Ауғанстан және Пәкістан жерінде тарихи Хорасан мемлекетін құру негізгі мақсаттары болып табылады. Ал осы мақсатқа жету жолында түрлі жан түршігерлік әркеттерді қолдануда. 2015 жылдан бері Ауғанстан және Пәкістан жерінде, 2024 жылдан басқа да мемлекеттерде түрлі террорлық актілер жасап, халық арасында үрей туғызуда. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жасалған террорлық актілердегі қайтыс болған адам саны – 1300-ге жуық. Жараланғандардың саны – 2500 адамнан асып жығылады.   

         Жыл басынан бұл топтың лаңкестік әрекеттері Ауғанстан және Пәкістан шекарасынан шығып басқа да мемлекеттерге қауіп төндірді. Ағымдағы жылдың 3 қаңтарында Иранның оңтүстік-шығысында орналасқан Керман қаласында қантөгіс жасап, нәтижесінде 100-ге жуық адам қайтыс болып, 300-ге жуық адамның жарақат алуына себепкер болды.

         2024 жылдың 28 қаңтарында Түркияның Стамбул қаласында шіркеуге келушілерге оқ жаудырып, 2 адамның қайтыс болуына себепкер болды.

         2024 жылдың 22 наурызында көрші ел Ресей Федерациясында «Крокус Сити Холлда» бейбіт тұрғындарға оқ атып, 140-тан адамның қайтыс болуына, 300-ден астамның жаралануына себепкер болды.

         Хронологиялық кестеге үңілсек, 2015 жылдан бастап бой көрсетіп, түрлі лаңкестік оқиғаларға себеп болған топ, бастапқыда Ауғанстан және Пәкістан жерінде түрлі террорлық әрекеттер ұйымдастырса, ағымдағы жылдан бастап бұл топтардың әркеттері шекара асып, басқа да мемлекеттерде орын алуда. Террористік топтың келесі көздеген межесі қай мемлекет екендігі белгісіз. Тосыннан келетін тасқынға әрқашан да дайын болуымыз қажет.     

 

А.Тағай

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директор орынбасары  

0 пікір