Ислам діні – адамзат баласына мейірімділік пен ақиқаттың негізін алып келген дара жол. Сан ғасырлар бойы ата-бабамыз Ислам діні шеңберінен шығып кетпей, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, мәдениетіміз бен дінімізді ұштастырып, бауырластық пен даналықтың айқын көрінісін көрсете білді. Алла Тағала Қасиетті Құран Кәрімнің «Ахзаб» сүресінің, 41-аятында: «Уа иман келтіргендер! Алланы өте көп зікір етіңдер!» - десе, дана халқымыз Алла Тағаланы сан ғасырлар бойы зікір етіп, мадақтап, тәубе етіп келе жатқан жайы бар. Қолдарына тәспісін ұстап жүрген жерлерінде зікір етіп, Жаратқанның сынағына шүкір етіп, бір сәт болмасын естерінен шығарған емес. Қазіргі таңда ел арасына іріткі салып, осынау күйбең тіршілікте халқымыздың ежелден ұстанып келе жатқан, негізін Имам Ағзам Әбу Ханифа салған ханафи мәзхабының кейбір құқықтық ережелерін қабылдамай, тек өзінің ақиқатына бас ұрған кейбір азаматтарымыз қоғам арасында зиянын тигізуде. Әр түрлі діни тақырыптар төңірегінде келіспеушіліктер пайда болып, олардың айтқан уәждері біздің мәзхабымызға сай емес екендігі, онымен қоса қазақ халқының мәдениетіне қайшы екенін мүлдем түсінер емес.
Тасбихты моншақ тастармен тартуды бидғат дегендердің дәлеліне сүйенсек Пайғамбарымыздың (с.а.с.) заманында болмаған, одан кейін пайда болған. Араб тілі ғылымының ғалымдары, тәсбих сөзі жаңадан келген кірме сөз және де арабтардың бұл сөзді қолданбағандарын жеткізеді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) әйелдерге әмір етеді: «Сендерге Субханаллаһ, Аллаху Әкбар деп Алланы кемшіліктерден пәктәуде бұйырамын. Мейірімді болып Лә иләһа иллә Алланы ұмытпаңдар, саусақтарыңмен тәспі тартыңдар. Себебі олардан сұралынады және сөйлейді». Бұл хадистің дәрежесі – хасан. Хадисті Әбу Дәуіт және басқалар да жеткізеді. Хаким және әз-Захабилердің пікірінше бұл хадистің сахих екенін айтады.
Негізінде тәспі – моншақ, тас, қандай да бір жемістің сүйегі т.б. заттардан жасалынады. Тәспі жақсылық жасауға дәнекер болып есептеледі. Шариғатта мынадай бір қағида бар: «Жақсылыққа негіз болған дәнекер, сол жақсылықтың үкімін алады». Себебі тәспі зікірді жеңілдетеді. Демек шариғи тұрғыдан тәспі ұстау рұқсат етіледі. Әсіресе мұсылман кісі зікір санауда қателесетін болса, тәспі ұстауы лайықтырақ болады. Бұған дәлел боларлық сахих хадистер бар.
Сахаба Сағд ибн Аби Уаққастың айтуы бойынша: «Ол Алла елшісімен бір әйелдің үйіне кірген екен. Ол әйелдің алдында зікір ететін тастары немесе жеміс сүйектері жатқан еді. Пайғамбар (с.а.с.): «Мен саған бұдан да жеңілдеуін әрі абзалын үйретейін бе?»-деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Көктегі жаратқанның санындай «Субханаллаһ», жердегі жаратқанның санындай «Субханаллаһ», екеуінің арасындағыны жаратқандай «Субханаллаһ», Алланың жарататының санындай «Субханаллаһ». Дәл сондай «Әлхамду лиллаһ», дәл сондай «Аллаһу акбар», дәл сондай «Лә иләһа иллаллаһ», дәл сондай «Лә хаулә уә лә қууата иллә билләһ»,-деді. Бұл хадистен байқағанымыздай тастармен немесе жемістердің сүйектеріне қарсы ешқандай тыйым салмағанын байқаймыз. Тек қана оңай болатын жолды ғана көрсеткен.
Имам Ахмед ибн Ханбалдың «Зуһд» атты еңбегінде: «Әбу Дарданың жемістің сүйектерін алып жүретін дорбасы болғандығын және солар арқылы таспі тартатындығын» - риуаят еткен.
Ханафи мазхабының көрнекті ғалымы Мулла Әли әл-Қари «Микат» кітабында, сахаба Ибн Әби Уаққасты баяндайтын бабында: «қандай да бір тәспі болса да ешқандай айырмашылық жоқ, тізбектелген моншақта, әлде қалтаның ішіндегі ұсақ тас немесе құрма тасы бидғат деп жүрген адамдарға мән берудің қажеті жоқ».
Ғалымдардың зерттеулері бойынша тәспі тартудың адам ағзаларына беретін пайдалары орасан зор:
- Тәспі адамның қолында тұрғандықтан оны аударғанда алдымен саусақтар қимылдайды. Ал саусағы жиі қимылдайтын адамның миы тынығып, ойы жақсарады;
- Әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан адамға тәспі аударғанның пайдасы зор. Саусақтың жиі қимылдауынан адам ағзасындағы қан айналымы жақсарып, жүрек қан тамырларының жұмысы ретке келтіріледі;
- Басбармақ мидың жұмысын жақсартады. Сұқ саусақтың жиі қимылдауы іш ауруларын басады. Ортаңғы саусақ қимылы асқазан-ішек жолдарын жақсартады. Төртінші саусақтың жиі қимылда болғаны бауырға жақсы көмектеседі. Ал кішкентай саусақтың қимылы жүрекке жақсы әсер етеді.
Бұлардан бөлек тәспіні жиі пайдаланатын адамдардың бойында алаңдаушылық, қорқыныш, қобалжу секілді жағдайлардың аз кездесетіндігі және де агрессивті жағдайларда барынша сабырлы болатындығы дәлелденген.
Дінімізде саусақтармен тартылған тасбих – сүннет амалы екені бәрімізге анық. Ал арнайы тастар немесе жеміс сүйектері арқылы жасалған тәспіні пайдалану асыл дінімізде рұқсат етілгендігін ғалымдар бір ауыздан мақұлдаған. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің, 142-аятында: «Олар Алланы өте аз зікір етеді». Осы аяттан байқағанымыздайтәспіні қалай тартсақ та ең маңыздысы Алла Тағаланы жиі еске алып, зікір айтуымыз екендігі анық.
«Әдістемелік қамтамасыз ету»
бөлімі маманы А.Тағай