Соңғы бірнеше айдың көлемінде әлемдік БАҚ-тың назары Ауғанстан еліне ауып отыр. 2020 жылдың соңы мен 2021 жылдың басында АҚШ ресми билігі өз әскерінің Ауғанстан мемлекетінін шығарылатынын мәлімдеген болатын. Тіпті, үстіміздегі жылдың маусым-шілде айларында АҚШ әскерінің алғашқы легі өз отандарына оралып үлгерді. Осы сәтті ширек ғасыр күткен «Талибан қозғалысы» лаңкестік ұйымы Ауғанстанның солтүстік өңірлерінде белсенді әрекет ете бастады. Атап айтқанда Орталық Азияның Тәжікстан, Өзбекстан және Түркменстан мемлекеттерінің шекараларына қауіп төндіріп, тіпті бірнеше қарулы қақтығыс орын алды. Тақырыпқа тереңінен енбес бұрын әлем назарын аударып, геосаяси жағдайға себепші болып отырған «Талибан қозғалысы» ұйымының іс-әрекетіне шолу жасап өтсек.
«Талибан қозғалысы» – Ауғанстандағы діни-саяси сипаттағы ұйым.
«Талибан» 1980 жылдардың басында Пәкістанның солтүстік-батыс шекаралық провинциясы мен Белуджистан аумағында Пәкістан Ислам Республикасы билігінің нұсқауы бойынша жасырын жағдайдағы медреседе және соған сәйкес идеологиялық әрі діни білім алған Ауған қашқындарының балаларынан құрылды.
«Талибан» ұйымының этникалық негізін пуштун қауымының өкілдері құрайды. Құрамында өзбек, тәжік ұлтының өкілдері де кездеседі.
«Талибанның» әскери-саяси көсемі – молда Мухаммад Омар.
Жоғарғы Кеңес – формалды түрде басқарушы орган.
Өзінің әрекеттерінде «Талибан» ұйымы террорлық әдістерді қолданады. «Аль-Каида» және суниттік бағыттағы халықаралық лаңкестік ұйымдармен тығыз байланысты ұстанады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен «Талибан» лаңкестік ұйым ретінде танылды. Сонымен қатар, бұл ұйымның кызметіне Ресей мен Өзбекстан мемлекеттерінде тыйым салынды.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соттың 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес – «Талибан қозғалысы» экстремистік және террористік ұйым деп табылып, қызметіне тыйым салынған.
2001 жылғы Нью-Йорктегі терактіден соң «Ал Каида» басшысы Усама бен Ладенге қарсы күрес жүргізу үшін Ауғанстанға әскер кіргізген АҚШ былтыр Дональд Трамп президент болып тұрғанда «Талибан қозғалысы» өкілдерімен келісімге келген. Вашингтон мен «Талибан қозғалысы» арасындағы келісімге сай, АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкетуі тиіс болған. Кейін Джо Байден президенттікке келген соң бұл қадамды қолдады. АҚШ президенті Джо Байден Америка Ауғанстаннан әскерін тамыздың соңына дейін толық әкететінін айта келе «ауған халқы өз болашағын өзі шешу керек» - деді.
АҚШ-тың Ауғанстандағы әскерінің генералы Остин Скотт Миллер өткен аптада «Ауғанстан жаңа азаматтық соғыстың табалдырығында тұр» - деп мәлімдеді.
Расында да қазіргі Ауғанстандағы жағдай күн өткен сайын шиеленісіп бара жатыр. Бұған дейін діни қақтығыстар орын алған болса, енді билік үшін күрес және ұлт аралық алауыздық өршіп тұр. Тиісінше бұл көршілес мемлекеттер мен аймақтағы елдерге де теріс ықпалын тигізетіні анық.
Кейінгі күндері «Талибан қозғалысы» Ауғанстанның солтүстігіндегі провинцияларға шабуылды үдетіп жатыр. Қазір елдегі 400-жуық провинцияның үштен бірі талибандардың бақылауына өткен. Яғни, халықтың 40 пайызы «Талибан қозғалысы» өкілдерініңқол астында өмір сүріп жатыр. Алдағы уақытта Ауғанстандағы билікті талибандар қолына алатын болса сол жердегі тұрғылықты халық үшін бұл кері кету болып саналады. Себебі, «Талибан қозғалысы» өкілдері заманауи білім алуға, соның ішінде қыз балалар мен әйелдердің білім алуы мен жұмыс істеуіне түбегейлі қарсы. Балиғат жасына толмаған қыздардың құқығы тапталып, ерте жастан тұрмысқа беру деректері күрт артуы мүмкін. Сонымен қатар олар ғылыми технолгиялық жаңалықтарды да құп көре бермейді. Жалпы мұсылмандардың соңғы ғасырларда артта қалуларының, көптеген саяси ойындардың құрбанына айналуларының, экономикалық күйзеліске ұшырауының бірден-бір себебі – сауатсыздық, кедейлік пен ішкі алуыздық. Өкінішке орай, қазіргі Ауғанстандағы жағдай осыған сай келіп тұр.
Талибандардың Тәжікстан мен Түркіменстан, Өзбекстанмен шекарадағы аумақтарды да басып алуы Орталық Азия елдерінің алаңдаушылығын тудырды. Жағдай ушыққан тұста Тәжікстан Ауғанстанмен шекарасын қорғау үшін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрады. Бұл альянсқа Ресей, Қазақстан және басқа да посткеңестік елдер кіреді. Ресей сыртқы істер министрлігі қажет болса Тәжікстан шекарасын қорғауға көмектесетінін мәлімдеді.
Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін де «Талибан қозғалысы» өкілдерінің белсенді әрекеттері біршама қиындық тудыруы мүмкін. Атап айтқанда қазірдің өзінде Ауғанстандағы бейбіт халық босқын болып көршілес елдерден көмек сұрауда. Мұндай бағыттағы көмек сұрау Қазақстанға да жолданған деген ақпараттар бар. Бұл біріншіден екі жылға созылып келе жатқан пандемия салдарынан экономикалық дағдарысқа қосымша соққы болуы мүмкін. Екіншіден солтүстіктегі Пяндж өзені арқылы өтетіндердің ішінде жихадистер де болуы мүмкін. Яғни бейбіт босқындардың арасында «Талибан қозғалысы» өкілдерінің жасырынып өтпесіне ешкім кепілдік бола алмайды.
Қорыта айтқанда жоғарыдағы мәселелерден де күрделісі Ауғанстанның келесі саяси ойындардың алаңына айналу қаупі тұр. Кешегі Сирия мен Ирактың кейіпін кимесіне, түрлі жиһадистік топтардың соғыс алаңына, алпауыт мемлекеттердің сынақ майданына айналмасына кепіл жоқ. Ал, мұндай болған жағдайда мәселе шешімін табудың орнына уақыт өткен сайын ушығып, шиеленісе түседі. Ал, одан жапа шегетін жалғыз тарап сол жердің бейбіт халқы ғана.
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
директорының орынбасары Медет Халықов
«Талибан қозғалысы» – елімізде тыйым салынған ұйым