Салафилік ағымның шығу төркіні және белгілері
Салафилік ағымның шығу төркіні және белгілері
19.04.2022
659
0

ХVІІІ ғасырда Нежд өлкесінде дүниеге келген Мұхаммед ибн Абд әл-Уаһһаб негізін қаланған діни-саяси ағым оның атымен «уаһһабилік» деп аталады.

Уаһһабилік идеология өкілдері өздерін – «салафиміз» деп атағандықтан осы атпен таныла бастады. «Салаф» сөзі Қасиетті Құранның бірнеше жерінде кездескенімен «алдынғы өткендер», «бұрынғылар» деген мағынаны білдіреді.

Сондықтан салафи мұсылмандардың алдыңғы үш толқынына берілген атау. Олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабалары, табиғиндер (сахабаларды көргендер) мен табаға табиғиндер (табиғиндерді көргендер).

Заманымызда өздерін «салафи» санаушылар Исламның әуелгі үш ғасырындағы өмір сүргендерге теңеуде. Бұрынғы салафилер шынайы Ислам жолын ұстанушылар болса, қазіргі салафилердің бағыты шын мәнінде олай емес.

Бұл ағым өкілдері әһли сунна жолын ұстанушы 4 мәзһабтың біреуін де ұстанбайтындығын айтуда. Алайда әһли сунна жолын ұстанушы Ханафи, Шафиғи, Мәлики, Ханбали мәзһабтары екендігі тарихи шындық.

Шынайы салаф жолын ұстанушылар қоғам бірлігі мен ынтымағына сызат түсіретін оғаш қылық көрсетпеді. Аталмыш ағым өкілдері болса, өздерін салаф санағанымен ғалымдарымыз рұқсат беріп, қаншама ғасыр бойы жалғасын тауып келген кейбір діни мәселені бидғат санап, мұсылман жамағаты арасында іріткі салуда. Мәселен, дүниеден қайтқан кісі үшін Құран оқуға, намаздан кейін жамағатпен тәспі тартуға, дұғадан кейін бет сипауға, белгілі бір мәзһабты ұстануға, марқұмның жетісін, қырқын, жылын беруге мүлдем қарсы.

Ғалымдар деңгейіндегі діни мәселелерді қарапайым мұсылмандар шешетін мәселе секілді үлкен дауға айналдыруда. Олардың кейбір топтары тіпті намаз оқымаған жағдайда мейлі ата-ана болсын, ағайын туыс болсын мұсылман емес деп қарым-қатынасты үзуде.

Өкінішке орай бұл ағым өкілдері Ислам дінін жақсы жағынан ғана таныту орнына қатігездік пен дөрекілік арқылы ата дінімізге залалын тигізуде.

Қала берді, исламның отбасын құру мәселесін ұят жағдайға дейін жеткізді. Исламның көп әйел алу кеңшілігін дұрыс пайымдамай үйлену мен ажырасуды өз нәпсі қалауларына қарай бұрып, діннен хабары аз жұртшылықты Исламға үрке қарау жағдайына жеткізді.

Салафилер дүниауи мәдениетке, өнерге (музыка, театр, және т.б.) наразылық білдіріп, оны күнә санайды. Тіпті жоғарыда айтылған сүнни бағыттағы 4 мәзһаб ғалымдарының пәтуаларын негізсіз санап, шариғат шарттарын орындамағандарды мұсылман емес деп біледі.

ХХ ғасыр басында Ислам әлемінің әр жерінде салафилік ағымды үлгі тұтқан діни реформалық әрекеттер көрініс берді. Олардың барлығы да мұсылман үмбеті 14 ғасырдан бері мойындап, ұстанып келе жатқан төрт мәзһабтың біреуін нақтылы ұстануға қарсы.

Мұсылмандар арасына бүлік туғызумен қатар билікке қол жеткізу жолында содырлық пен лаңкестік жолды Ислам талабы деп түсінеді.

Салафилік идеология Кеңес үкіметі құлағаннан кейін Орта Азияға, соның ішінде қазақ жеріне де келе бастады. Олар елімізде алғашқы кезде қайырымдылық қорлар ашып, сауат ашу курстарын, араб тілін үйретеміз деген желеумен көптеген жастардың санасын улады.

Қала берді орыс тіліне аударылған тегін діни әдебиеттер таратумен діни сауаты жоқ қандастарымызды қатарларына тарта білді.

Тоқсаныншы жылдары көптеген жастар діни білім алу мақсатымен мұсылман жұрттарына барды. Соның ішінде осы идеологияның шырмауына іліккендер оқуын тамамдап, елге оралған соң, сол діни ағым ұстанымдарын жаюға кірісті.

Бірте-бірте халқымыз сан ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі Ханафи мәзһабына тіл тигізу, ата дәстүрі мен әдет-ғұрыпты мойындамау, оған құрметсіздік таныту, мәдени және тарихи ошақтарды зиярат етуді дінде жоқ деу, ата-баба зираттарын қирату сияқты жайттар көрініс бере бастады.

Көпшілік жұртты «Құранымыз бір, пайғамбарымыз бір, ұлтымыз бір, тіліміз бір бола тұра неге салафизм, таблиғи жамағат, ахмадия секілді т.б. ағымдарға бөлінеміз, Ислам бөлінуге қарсы емес пе?» деген сауал жиі мазалайды.

Екі дүниенің бақытына жетелейтін Қасиетті Құранда «Бақара» сүресінде «Лә тафәррақу» (бөлінбеңдер) делінген. Ал түркі халқы: «Бөлінгенді бөрі жейді», – деп текке айтпаған.

 

 Төлеби ауданының бас имамы

Саурбаев Усен Мырзаханұлы

0 пікір