Радикалды ұстаным қауіпті құбылыс
Радикалды ұстаным қауіпті құбылыс
19.02.2021
911
0

Қазіргі күнге дейін зерттеуші ғалымдар тарапынан діннің анықтамасына көптеген пікірлер айтылып, ой толғап келді. Дін – қоғамды белгілі бір деңгейде қалыптастырушы, ортақ тәртіпті сақтаушы, адамдарды ізгілік пен махаббатқа біріктіруші құрал ретінде өз қызметін атқаруда. Қазіргі таңда жер бетінде 8 млрд-қа жуық адам өмір сүруде. Сонымен қатар әрбір азамат пен азаматшаның діни ерік бостандығы халықаралық ұйымдардың және мемлекет заңымен берік қорғалған. Яғни қандай да бір қоғам өкілі христиан немесе ислам дінін қабылдаймын десе өз еркі дегенге саяды. Тарихи хронологиялық кесте бойынша адамзатқа түскен ең жас дін – әрине ислам діні. Ислам діні – барша халықты бірлікке, ынтымаққа шақырушы бейбітшілік діні. Себебі Құран Кәрім аяты менхадис шәріптерге назар аударар болсақ өзге дін өкілі болмақ түгілі өзге мұсылманның қанын төгуді арам санаған және Мұхаммед пайғамбар (с.а.с) өсиетінде: «Дінде зорлық жоқ. Дін насихат» депмұсылмандарға хақ жолды баяндап кетті. Өкінішке қарай, әлем сахнасында ислам, мұсылман атын жамылған лаңкестік ұйымдар мен топтар ислам дінін қол шоқпарға айналдыру үрдісі көрініс беруде. Себебі кезінде халифа Әли мен Шам жерінің әкімі Муауия арасында болған соғыстан кейін көрініс берген харижиттерге тән радикалды көзқарас күнімізге дейін жалғасын табуда.

Радикализм (латынша radix – түбір, түп, тамыр) – белгілі бір көзқарасты ғана дұрыс деп тану, тек соны ғана жақтау деген мағынаны білдіреді. Мұндай ұстаным қалыптасқан қоғамдық дәстүр мен үрдістерді, көқарас пен институтты өз идеологиясына қарай өзгертуге бағытталады. Яғни тек менікі ғана дұрыс деп өзгені адасты, шатасты деген көзқарасты ұстану. Зерттеушілердің пікірінше, тарихтың ауыспалы кезеңдерінде пайда болатын бұл феномен қоғамның саяси және әлеуметтік саласында жиі көрініс береді. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Елбасымен бірге – жаңа жетістіктерге!» атты 2015 жылы өткен жастар форумында: «радикализм қауіптері мен оның зардаптары туралы сөзінде: «Радикализм тіршіліктің бірде-бір саласында пайда әкелмейді. Ол тек прогресті тежейді, кері итереді», - деп атап өтті.

 Елімізде де радикалды бағытты ұстанушы «ат-такфир уәл-хижра» ұйымының іс-әрекеттері қалың көпшіліктің жағасын ұстатарлық әрекеттерімен танылды. Намаз оқымайтын анасының істеген тамағын ішпей тоғыз ай тоғыз күн көтерген анасына «кәпір» үкімін беріп шешесінен бас тартып Алла алдында үлкен күнәні істеп, өзін періштедей пәк көрді. Ал шындығында Алла елшісі «Кімде кім Алладан басқа тәңірдің жоқтығына иман келтірсе, жұмаққа кіреді» деп сүйіншілеп кеткен еді. Кезінде Мұхаммед ибн Абдулуахабтың соңынан ерушілер Мекке мен Мәдина қаласын басып алғаннан кейін сахабалардың мазарын қиратқаны секілді мұсылмандардың басына қойылған мазарларды қиратып, намаз оқымағандарды күпірлікпен айыптап соңы қарулы қақтығысқа ұласқанын еліміз әлі күнге ұмыта қойған жоқ. Сирия мен Шам жеріндегі соғыстарға «жиһад» ұранымен бесіктегі баласын қоса алып кетуге мәжбүр еткен де дәл осы радикалдық көзқарастары еді. Дегенмен жан-жақты дипломатиялық және әскери іс-қимылдар нәтижесінде шетел асқан қаракөз қандастарымызды елімізге қайтару ісі өз нәтижесін беруде. Алайда жат-жерде жүріп ақыл-санасы намаз оқымағандарды кәпір санатқызған радикалдық көзқарасын жусан иісі емдеуде. Дәстүрді ұстануға болмайды деп, бет-аузын қара матамен тұмшалап паранжа киген қыз-келіншектер мен жас жеткіншектер жалған қағидадан еліміздегі дінтанушы-психолог мамандардың көмегі арқылы түзеліп қалыпты өмірге қайта оралып, қоғамдық ортаға бейімделуде. Өздерінің тек біз ғана ақиқатты ұстанушымыз деген ойлары түбінде жарға жыққанын түсініп, қателіктерінен сабақ алып, өзі секілді адамдардың қайталамауын өтінуде.

Радикалдық ұстаным тек қазақ елі үшін ғана емес әлем үшін де әрдайым қауіпті. Себебі өзге адамның діни сеніміне күшпен ену арқылы жол табу бейкүнә адамдардың өмірін қиюға алып келуі мүмкін. Ал бұл адамзат алдында кешірілмес қылмыс. Өзге адамдардың діни құлшылығын мансұқтап, тек меніңкі ғана дұрыс жол деген жаңсақ пікірден сақ болып адамгершілік, ар-ожданымызды сақтайық.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы      Қ.Қосмаханов

 

 

0 пікір