Бүгінгі таңда Қазақстан үшін негізгі қауіпті факторларының бірі - діни экстремизм. Бұл факторды, елдегі әлеуметтік-саяси жағдайды тұрақтандыру үшін (әсіресе бірқатар проблемалық аймақтарда) Қазақстанда арнайы мемлекеттік орталықтар жұмылдырылған. Кейбір сарапшылардың сөзіне сүйенсек Қазақстанда ислам экстремизмінің даму қарқыны 2011 жылдан бастау алды деседі, экстремистердің іс-әрекеттері әсте терроризм әдістеріне көшуі, билікпен қарулы қарсыласу кезеңі деп атап өтіледі. «Білім» мәдени-оқыту орталығының директоры, сарапшы-саясаттанушы Р.Иржановтың мәлімітіне сүйенсек елімізде соңғы он жылдың көлемінде 14 террористік іс-әрекет орын алып, жалпы 90 адам қайтыс болған. Ал, 2016 жылы Ақтөбе қаласында лаңкестік шабуылдар болды, оған негізінен жастар қатысты, сол жылы Алматы қаласындағы жалғыз террористік акті болды. Ақтөбе облысы мен Алматы қаласындағы болған оқиғалардан 27 адам қайтыс болған болса, олардың арасында 18 террорист пен 4 құқық қорғау органдары және 5 бейбіт тұрғын құрбан болған. Террористік шабуылдар негізінен құқық қорғау жүйесіне, соттарға, түзеу мекемелеріне қарсы бағытталған және көбінесе жарылыстар, соның ішінде жанкешті-террористер арқылы жүзеге асырылды. Сонымен бірге «Халифат сарбаздары» (Жунуд аль-Халифат), «Дін қорғаушылары» (Ансар-уд-дин), «Бейбарыс батальоны» және тағы басқалары осы террористік ұйымдардың Қазақстанда орын алған террористік актілерге қатысы белгілі болды.
Қазақстан тарихында болмаған осындай террористік оқиғалардан кейін мемлекет тарапынан тез арада іс-шаралар қолға алынды. 2016 жылғы террористік актілер мемлекеттің зорлық-зомбылық экстремизмі мен терроризмге қарсы практикалық шараларын жүйелі және жан-жақты нығайтудың жаңа кезеңін бастады. «Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Сондай-ақ, діни қатынастарды оңтайландыру мақсатында 2017-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының діни саласындағы мемлекеттік саясатының жаңа тұжырымдамасы қабылданып Елбасымыздың 2017 жылғы 20 маусымдағы жарлығымен бекітілді. Кейін Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.
Мемлекет сарапшылары террористік актілердің басты себебін халық арасындағы діндарлықтың өсуінен деп алға тартады, бірақ біз бұл жерде діндарлықтың өсу процесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекеттің сыртқа ашықтығы жағдайындағы табиғи процесс деп түсінеміз. Себебі Қазақстан мемлекеті тәуелсіздігін алған жылдардан бастап экономикалық дағдарыстан шығу жолдарын іздегенде, тарихын, шекарасын түгендеп жатқанда ислам атын жамылған көптеген жат ағымдар бас сұғып келгені ақиқат. Деструктивті діни ағымдардың пайда болысымен, олардың таратқан ақпараттарынан дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарасымызға мүлдем кереғар көзқарас, ұстанымдар шыға бастады. Бұл бүлікшілер елімізідегі діни сауатсыз, жұмыссыз, әсіресе жастар арасынан өз жақтастарын тауып, өзімізге қарсы қойып және еліміз ұстанып отырған ішкі, сыртқы бірлігіне сызат түсіруге тырысты. Жат ниетті ағым бұқара халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту арқылы ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізді.
Қазіргі таңда Қазақстанның барлық облыстарында экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында арнайы орталықтар республика көлемінде қарқынды жұмыстар жүргізуде.
Қабылданған шаралар нәтижесінде бастапқы кезеңінде террористік актіні жасауға бағытталған 3 ұмтылыстың жолы кесілді. 7 радикалдық топтың және 34 жекелеген экстремистің қылмыстық әрекеттері бейтараптандырылды.
2019 жылы Түркістан облысы Полиция департаментінің полиция қызметкерлері деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың қатысуымен 34 қылмысты ашты. Оның ішінде діни араздықты қоздыруға, жеке мүлікті ұрлауға, есірткі құралдарын өткізу мен сақтауға және басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар болған. Сонымен қатар, діни тәжірибесін жасырып, заңсыз медициналық қызмет пен емшілік жасаған дерегі анықталды.
Аталған кезеңде тәртіп сақшыларымен деструктивті діни ағымдарды ұстаушы 567 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 16-ы діни сипатты бұзғаны үшін құрықталды. Тәртіп бұзушыларға қатысты 5 миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.
Қазақстан Республикасы бойынша радикалдық көзқарастан 907 адам қайтарылды. Бас бостандықтарынан айыру орындарында террористік және экстремистік қылмыс жасағандары үшін жазаға тартылған 162 сотталушы радикалсыздандырылды.
Жергілікті жерлерде «Жусан» гуманитарлық операциясы шеңберінде террористік қарқынды аймақтардан қайтарылған әйелдер мен балаларды оңалту бойынша жұмыс жолға қойылды. Бұрынғы сенімдерінен осы әйелдердің үштен бір бөлігі бас тартты, қалғандары бойынша жұмыстар табысты жалғасуда.
Жалпы, қай елге болмасын экстремизммен терроризм деген ешқашан береке әкелген емес. Терроризм мен экстремизм өршіген елдерге тек соғыспен тоқырау әкелгенін білеміз. Зұлымдық пен жанкештікке тек діни сауаты жоқ адамдар барады. Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне кетіп қалмау шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Ал, бірліктің, бейбітшіліктің, татулықтың алмаған асуы жоқ. Келер ұрпағымыздың болашағы мен жарқын келешегі үшін қоғамдағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды. Себебі, білім, ғылым, денсаулық, экономика бәрі-бәрі де тек бейбіт күнде ғана дамымақ.
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы А.Дүйсен