Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық тарихындағы ең қарқынды әрі қатал қақтығысқа айналған оқиғаны айтпай кетуге тағы болмас. Үкіметтің соңғы кездердегі саясатына қатты наразылық білдірген халық бейбіт шеруді еліміздің әр аймағынан бастаған болатын. 2022 жылдың 2 қаңтарында Жаңаөзен қаласында басталған шеру артынан Қазақстанның басқа қалаларына да таралды. Шерушілер Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Көкшетау, Орал және т. б. қалалардың көшелеріне шығып, экономикалық талаптармен қоса саяси өзгерістердің болуын сұрай бастады. Бастапқыда бейбіт басталған наразылық шаралары қарулы қақтығыстар мен тонаушылыққа ұласты. Алматы қаласында шерушілер полиция көліктерін қиратып, олар өртке оранды. 4 қаңтар күні түнде ел аймағында Интернет байланысы өшірілді. Елдегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты, 5 қаңтарда төтенше жағдай Қазақстанның барлық аумағында енгізілді. Шерушілер маңызды нысандарға шабуыл жасап, Алматы, Талдықорған қалаларындағы әкімдік ғимараттары, Алматы әуежайы наразы халықтың қолына өтті. 11 қаңтарға дейін тәртіпсіздікке қатысып, қамауға алынған адамдардың саны 10 мыңға жуықтады. Тонаушылық пен бұзақылықтың салдарынан кәсіпкерлерге келтірілген шығынның мөлшері 100 миллиард теңгеден асты. Алматыдағы қаңтардың қайғылы оқиғасы қазақ еліне ауыр тиді. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде көптеген полицей мен әскери қызметші ауыр жарақат алды, қаншама боздақтар алаңға шығып, оққа ұшып, қаза болды.
Хабар телеарнасында «Қайғылы қаңтар. Бұл қалай болды» деп аталатын деректі фильм көрсетілді, бейнежазбада қаңтар қақтығысына қатысқан экстремистік топтардың бірі көрсетіледі. Ұсталғандар арасында «Йакын Інкар» радикалды тобының бірқатар жақтастары да бар болғандығы белгілі болды. Олардан қару-жарақ, гранаталар, патрондар мен діни әдебиеттер тәркіленді, - деп мәлімдейді фильм авторлары. Осы қаңтар қайғысына қатысқан және тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға атсалысқан «Йакын Інкар» деген діни ағымның өкілдері барын қазақстандықтардың біразы осы күні ғана естіп жүр. Ал осындай діни ұйым жайлы алғаш рет естіп отырған қазақстандықтар көп-ақ. Кім білсін, «Йакын Інкар» діни ағымының Қазақстандағы ұяшықтарына топтасқандар қаңтар қайғысына қатысып, мемлекетке де, азаматтарымызға да залал келтірген де болар.
Бұл ұйымның атауы араб тіліндегі «Інкар» - деген сөз «бас тарту, жоққа шығару» деген мағынаны білдіреді. Ал «Йакын Іңкар» сөздерінің аудармасы «Құдайдан басқа барлық нәрсені жоққа шығару» деген. Мухаммед пайғамбар кезінде қалай жүрсе солай жүру керек деп есептейді. Осы мәселені «Йакын Інкар» діни ағымының өкілдері былай түсіндіреді: «Пайғамбар Мухаммед мешіттің қасында түнейтін, садақа мен әкелген тамақты ғана жейтін және осы істі жалғастырған Асхабус-Суффа деген кісілер болған. Олар еңбектеніп, жұмыс істеп, дүние табуға әрекет етпеген», - дейді. Ал «Йакын Інкар» өкілдері өздерін соларға ұқсатып бағады. Қауымдастық мүшелері ұзын шашты және дәстүрлі пәкістан киімдерін киеді, ел кезіп уағыз насихатпен айналысады, барлық заманауи техникалық жетістіктерден бас тартады. Ешқандай мемлекеттік институттарды мойындамайды. Нұр-Сұлтан қаласының Геосаяси зерттеулер институтының директоры Асылбек Ізбайыровтың мәліметіне сүйенсек, «Йакын Інкар» уағызшылары ислам негіздерін бұрмалап, діни білімдерін жетілдіруге аса назар аудармайды, нәтижесінде террористік ұйымдар қатарына тез кіретінін айтты. Олар сондай-ақ арбауына түскен азаматтардан қырық күндік және жылдық миссионерлік ел аралауды талап етеді. Ал бұл көбінесе туыстық байланыстың бұзылуына және мұсылмандар арасындағы ажырасуларға әкеледі.
ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұл «Йакын Інкар» ұйымына қатысты: «Йакын Інкар» деген ұйым негізі Қырғызстан жерінде пайда болған, сол жерде тараған. Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған «Таблиғи Жамағаттан» кейіннен бөлініп шыққан. Ал Қырғызстанда «Таблиғи Жамағатқа» рұқсат береді, экстремистік ұйым деп танымайды. Бірақ «Таблиғи Жамағаттан» бөлініп шыққан немесе өзінің ұстанымы, көзқарасы қалыптасқан бір топ жамағат – «Йакын Інкарға» қатысты экстремистік топ деп заң шығарған», – деген пікір білдірді.
2016 жылы танымал қырғыз теологы, дін мәселелері бойынша сарапшысы: «Бұл діни ағым шамамен Ыстықкөл облысында 2010-жылдары пайда болған. Қашан және қайда құрылғаны нақты белгісіз. «Йакын Інкар» рухани қызметті реттейтін заңдарды мойындамайды, соған сай ешқайда ресми тіркелмеген», - дейді. Ал Қазақстандық дінтанушы Бағдат Бейсенов бұл ұйымға қатысты 2018 жылы былай деп жазған: «Ұйым мүшелері ғылыми-техникалық жетістіктерді және зайырлы билікті мойындамайды. Олардың арманы – орта ғасырлық заманға, яғни шариғат заңымен өмір сүруге оралу. Ұйым мүшелерінің көбі ауылдан шыққан жұмыссыз жастар. Олардың сыртқы түр-келбеті – шашы және сақалы ұзын, пәкістандық үлгідегі киім киеді. «Йакын Інкар» тобы Қырғызстаннның Ыстықкөл, Шу, Нарын, Баткен, Ош, Жалал-абад облыстарында таралған», – дейді. Ұйым мүшелері, ең алдымен, діни сауаты жоқ, халықтың өмір сүру деңгейі төмен аудандардан келген жастардан құралған. Жалпы фундаменталистік идеологияны қамтитын «Йакын Інкар» деген экстремистік ұйым 2000 жылдардың басында «Таблиғи жамағат» ұйымынан бөлініп шыққан ағым. Ал «Таблиғи жамағат» 2013 жылдың ақпан айынан бастап Қазақстанда тыйым салынған.
Бас прокуратура Қазақстанда тыйым салынған «Таблиғи жамағат» экстремистік ұйымының негізінде құрылған «Йакын Інкар»ұйымының еліміздегі заңсыз қызметін анықтады:
- Көрсетілген ұйымның шынайы мақсаты – жекелеген мемлекеттерде, соның ішінде Қазақстан аумағында конституциялық құрылысты күштеп өзгерту, егемендікті бұзуды болжайтын «халифат» құру.
- Аталған ұйымның ұстанушылары қақтығысқа алып келу мүмкіндігін біле тұра өзге діндерді жоққа шығарады, ал бұл әрекеттер діни экстремизм ұғымының белгілеріне сай келеді.
- Қылмыстық істер шеңберінде осы ұйым мүшелерінің Қазақстан аумағында топтар құру ниеттері болғандығы анықталды.
- «Йақын Інкар» мүшесі болған Қазақстанның жекелеген тұлғалары біздің еліміздің аумағында экстремистік әрекет жасағандықтары үшін бас бостандығынан айыруға сотталған.
- Осындай негіздер бойынша «Йакын Інкар» ұйымы 2017 жылы Қырғызстанда экстремистік деп танылған.
Осыған байланысты Астана (Нұр-Сұлтан) қаласының Сарыарқа аудандық сотының 10.04.2018 жылғы үкіміне сәйкес «Йакын Інкар» ұйымы Қазақстанда экстремистік ағым деп танылып, оған Қазақстан Республикасының барлық аумағында, соның ішінде ақпараттық материалдар, бұқаралық ақпарат құралдары, телекоммуникация, әлеуметтік желілері, мессенджерлер және бейнехостингтер арқылы таратуға тыйым салынды. Сонымен қатар, «Қатысу» әрекетіне «Йакын Інкар» ұйымының идеясын үгіттеу және насихаттау, оның жарияланымдарын, парақшаларын, посттарын, пікірлерін және басқа да ақпараттық материалдарын дайындау, шығару, көбейту және тарату жатады. «Қаржыландыру» ұғымына «Йакын Інкар» ұйымына ақшаны, өзге де мүлікті беру немесе жинау, сыйға тарту, айырбастау, демеушілік және қайырымдылық көмек, ақпараттық және өзге де қызмет түрлерін көрсету жатады.
Еліміздің заңдары мен ұлттық құндылықтарды мойындамайтын, өзіндік идеологияларын қоғамға сіңіруге әрекет жасайтын топ бүкіл әлемге тән проблемаға айналды. Ислам атын жамылып, адамдарды түрлі сенімге адастырып, өз мүдделерінің орындалуын үгіттейтін жат ағымдардың еліміз ұстанып отырған ішкі, сыртқы бірлігіне сызат түсіріп, алауыздық отын өршітер індет іспеттес болып кеткен ағымдар аз емес. Бұл экстремистік топ мүшелері діттеген мақсаттарына жету үшін елімізде болған дүрбелең шерулерді өз пайдаларына асырмақ болғаны жасырын емес. Ақыры немен аяқталғанын бәріміз көріп білдік. Бейбіт шерумен халықтың мұңын жоқтап шыққан қазақтың саналы жастары, ортағы кіріп кеткен қандықол қарақшылардың жетегінде кетіп, не істеп не қойғандарын білмей де қалды. Осындай бүлік шығаруға мұсылман адам бармаса керек. Өйткені, Құранда «бүлік шығару адам өлтіргеннен де ауыр күнә» деп бұйырылған. Ең сорақысы халықты басқа бір күштердің арандатуы мен соңғы нәтижені өз пайдаларына асырып кету ықтималдылығы. Осыдан сақ болайық!
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы А.Дүйсен